Павлодардағы криптовалюта өндіретін майнинг компаниялар жаппай көшіп жатыр, – деп хабарлайды AstanaTV.
Қазақстанда криптовалюта өндіретін майнинг компаниялар негізінен Ресейге қоныс аударуда. Өзбекстан мен Тәжікстаннан бөлек мұхит асып, АҚШ-қа да кетіп жатқандары бар. Қазақстанда майнинг фермалардың 70 пайызға жуығы Павлодар облысында орналасқан. Екібастұздағы электр станцияларының айналасына шоғырланған. Былтыр күзде Энергетика министрлігі криптовалюта өндіруші кәсіпорындардың 1000 мегаватқа дейін электр қуатын тұтынатынын мәлімдеді. Елде жасырын жұмыс істейтін «сұр майнерлер» қаптап кеткенін де айтқан. КЕGОС елдегі дата орталықтарға электр қуатын беруді 24 қаңтардан бастап тоқтатқан.Майнинг компанияның негізін қалаушы, құрылтайшысы Дінмұхаммед Маткенов: «Бізге берілетін электр қуатын шектеулер қазан айының ортасынан басталды. Нағыз керек кезде жарықты өшіріп тастайтын. Жоғарыдағылардың электр энергиясын дұрыс реттемегеннің кесірінен осы күйге түстік. Бізге Қазақстанда болашақ жоқ. Сондықтан көшеміз. Ресейге баратын шығармыз. Біз барлық салығымызды төлеп шынайы жұмыс істеп келдік. 2021 жылы 14 миллиард теңге бюджетке қаржы түсіргенбіз», – деді.КЕGОС компаниясының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясы тапшы. Сондықтан биыл 24 қаңтардан бастап майнинг компанияларға электр энергиясын жоспарлы жеткізу тоқтатылады. Ескерту 196 дата орталыққа жіберілген.
Бұған дейін оңтүстіктегі бірнеше облыс жарықсыз қалған еді. Бірақ сол кезде КЕGОС компаниясы жарықтың жаппай өшуіне майнинг компаниялардың қатысы жоқ деген болатын.