Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан Өзен кен орнында 39,9 млн тонна көлемінде жаңа мұнай кен орны табылды. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" хабарлады.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының барлау жұмыстары нәтижесінде, Өзен кен орнындағы мұнай қоры 8%-ға ұлғайды. "ҚазМұнайГаз", "Өзенмұнайгаз", "ҚМГ Инжиниринг" және "ҚМГ Инжиниринг в Актау" филиалдары Өзен кен орнын барлауды 2017 жылы бастаған. 2017-2021 жылдар кезеңінде 3D жоғары шешімді сейсмикалық барлау түсірілімі жүргізілді, ұңғымалардың бүкіл қоры (7 500-ден астам) қайта пысықталды, геологиялық тұжырымдама қайта қаралды және геологиялық 3D-модель қайта құрылды. Айта кетейік, Өзен кен орны – Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша бірегей бастапқы геологиялық қоры бар ең ірі кен орны. Кәсіпорын Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай және газ конденсатын өндіреді. Өзен мұнай-газ кен орны Жаңаөзен қаласынан оңтүстікке қарай 12 шақырым, Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан. Еске сала кетейік, 2 қаңтарда Жаңаөзен халқы сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылыққа шыққан еді. Кейін наразылықтар Қазақстанның басқа өңірлерінде жалғасты. 18 қаңтарда Республикалық бюджетті бақылау жөніндегі есеп комитеті «ҚазМұнайГаз» АҚ жұмысындағы заңбұзушылықтарды анықтаған еді.