Бір айдан асты: петропавлдық зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмауда
Бір айдан асты: петропавлдық зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмауда
212
оқылды

Техникалық қателіктің кесірінен петропавлдық зейнеткер Алмагүл Есенбердина қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Елдегі бүкіл деректер базасында зейнеткер осы мәртебеде тұр. Өзін тірі екенін дәлелдемек болған ол 1 айдан асса да құжаттарын толықтай ретке келтіре алмауда. Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.

– Қайтыс болғаным жайлы анықтама қолымда. Шыны керек, алғанымда сенер, сенбесімді білмедім. Құжатта бүкіл мәліметтерім көрсетілген. Қорыққанымнан не істерімді білмей қалдым, – дейді ол. Айтуынша, ол өзінің өлгені жайында кездейсоқ білген. Ота жасатпақ болып, құжаттарын реттей бастаған. Сол кезде медициналық портал науқастың қайтыс болғаны жайында хабардар еткен. Сөйтіп зейнеткер жағдайдың мән-жайын анықтамақ болған. Бірақ оның мәселесі одан әрмен күрделене түскен. –  «Қаңтар айына зейнетақы төлемін жасадық. Бірақ ақпан айына бере алмаймыз. Сіз әлі қызыл жолақтасыз, яғни өлген адамдардың тізімінде тұрсыз» деп Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтан (ГЦВП) хабарласты. «Енді не істеймін, бұл мәселені кім шешеді» дегеніме: «Екібастұзға барыңыз. Мәселені сол жақтан шешіңіз. Бірдеңе қажет болса, қоңырау шаларсыз» деп қоя салды. Міне, осылай салпақтап жүргеніме бір айдан асты. Түрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырдым, ешкім ештеңе істей алмады. Тіпті, Халыққа қызмет көрсету орталығы да көмектесе алмады, – дейді ол. Бұл мәселе зейнеткердің прокуратураға өтініш білдіргеннен кейін ғана түзелді. Енді Алмагүл Есенбердина қайтыс болғандардың тізімінен алынды. Жақында вакцинация паспорты да қолына тиді. Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әмір Рахимовтың айтуынша, бұл мәселе техникалық қателіктің кесірінен туындаған. – Зейнеткердің өтінішін қарау барысында техникалық қателіктің кеткені анықтадық. Нақтырақ айтсақ, Екібастұз қаласының Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (АХАТ) қызметкері Алмагүл Есенбердинаны 2021 жылдың 21 желтоқсаннан бастап барлық деректер базасында қайтыс болғандардың қатарына енгізіп жіберген. Қазір ол жазба жойылды, – деді прокурор. Екібастұз қаласы әкімдігінің АХАТ бөлім басшысы Майя Сатвалдинованың мәлімдеуінше, әлі зейнеткердің барлық құжаты реттеле қоймаған. «Алмагүл Есенбердинаның цифрлық жүйеде толыққанды "өмірге келуі" әлі ерте. Себебі, зейнеткердің әлі күнге дейін қандай мәліметтер базасында қайтыс болғаны белгісіз. Сондықтан кейбір жерде бұл мәліметтер кейіндеу шығуы ықтимал. Олар сол кезде түзеледі» дейді Майя Сатвалдинова. Ал Алмагүл Есенбердина болса, бұл мәліметтердің неге бірден реттеле қоймайтынын түсінбейді. Сонда зейнеткер әлі де өлген адамдардың тізімінде болуы мүмкін.