Чжанцзякоуда жаттығуға кірісті
Чжанцзякоуда жаттығуға кірісті
235
оқылды
Шаңғы жарысы мен биатлоннан Қазақстан командасы Қытайдағы Чжанцзякоу кластерінде жаттығуға кірісті. Спортшылар соңғы жаттығу жиындарын шетелдерде өткізді. Сондықтан Қытайға дейінгі сапар барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтады. Биатлоншылар Бейжіңге Ыстанбұлдан келді. – Бізде бәрі жақсы. Ұшу уақыты 20 сағаттан асты. Ұшып келген бойда ПТР-тест тапсырып, олимпиадалық ауылға аттандық. Біздің спорт түрінен жарыс Чжанцзякоуда өтеді. Сол себепті мұнда автобуспен келдік. Жолға шамамен 5 сағат кетті. Бұл жақта ауа температурасы минус 20 градусқа дейін барады, қатты жел де бар. Бірінші жат­тығуымыз бүгін басталады, – дейді биатлон­шы Владислав Киреев. Осы рейспен Бейжіңге шаңғышылар да келді. Олар да таулы аймақ Чжанцзякоуда сынға түседі. – Бейжіңге жеткенше ұзақ жолды артқа тастадық. Қытайға Миланнан Ыстанбұл арқылы жеттік. Кейін олимпиадалық ауылға бару үшін 4,5 сағат жол жүрдік. Жарысты ұйымдастырушылар өте жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Мұнда бәрінің арнайы киіммен жүргені көзге ерекше көрінеді. Олимпиадалық ауылға келген бойда бізді орналастырып, жайғастырды. Стадионға дейін әр 15 минут сайын автобустар жүріп жатыр. Айтпақшы, жарыс жолы өте қиын. Шаңғымен жаттығу жасап үлгердік, трассамен таныстық. Команда жоспар бойынша дайындалып жатыр. Тағы да атап өткім келеді, ұйымдастыру жағы өте жоғары деңгейде. Қытайлықтардың қонақ­жайлығы да байқалып тұр, – дейді команда бас бапкері Александр Батяйкин.

А.ЖАСАНҰЛЫ