Әлем мен Қазақстанды «омикрон» нұсқалы коронавирус қысқан қызу-қауырт шақта медсақтандыру қорының өзі безгек тигендей «қалшылдауда». ӘМСҚ қорының басшысы жедел ауыстырылды. Жаңа Премьер Ә.Смайылов қор жұмысын қатаң сынға алып, оған терең тексеріс жүргізуді және былықтарын әшкерелеуді тапсырды. Бұл ретте денсаулық сақтауға бөлінген триллиондардың 90%-ын ДСМ емес, әлгі қор жұмсайтыны анықталды. Халық болса, МӘМС-ті жоюды талап етіп, петиция жазуда. Медсақтандыру жүйесін түбегейлі өзгеріс күтіп тұр.
Медсақтандыру жойыла ма?
Қазақстандықтардың ашынатын жөні бар. Үкімет міндетті медсақтандыру жүйесін енгізгенде, сақтандырылған азаматтар оның үлкен игілігін көретінін – қажетті дәрі-дәрмек тегін берілетінін, аса қымбат ем-дом, КТ, МРТ зерттеуі және басқасы тегін көрсетілетінін, осы қор ауыр дерті бар науқастардың емін қаржыландыратынын, елде денсаулық жүйесі өркендеп, медқызмет сапасы артатынын уәде етті.
Мұның бірі де орындалмады. «Медсақтандырылған» адамдардың да емханадағы салалық дәрігердің қабылдауына кіре алмай, ақылы клиникаларда өз ақшасына емделетінін, оларға амбулаториялық жағдайда тегін дәрі берілмейтінін, яғни бұрынғыдан ештеңе өзгермегенін көрген өзге адамдар МӘМС жүйесіне кіруге асықпады. Қордың дерегінше, әлеуметтік медсақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны 2021 жылдың соңында 15,3 млн адамды құрады. Қазақстандықтардың саны 19,1 миллион, яғни 3,8 миллион адам сақтандыру жүйесінен қалыс қалған. Қор мәліметінше, сақтандырылмаған халықтың басым көпшілігі МӘМС-ке мүлдем жарна аудармаған адамдар – 66,8%-ы немесе 2,58 млн адам. Яғни, «антимәмсшілер».
Бұрынғы Үкіметке және қор басшылығына 2019 жылы тез арада осы тыс қалғандарды жүйеге қосу жүктелген болатын. Сол міндет қойылған тұста «енбегендер» қатары 2,6 миллион адам ғана еді. Демек, «антимәмсшілер» қатары өсіп барады.
МӘМС жүйесінің игілігі зор екенін паш етіп, қызықтырып, осы миллиондарды ішке тарту орнына шенеуніктер зорлық-зомбылықты таңдады: «медсақтандырылған» статусы жоқтарды тіпті емхананың есігінен қаратпай қойды: дәрігерлер қабылдамайтын болды. Олар коронавирус жұқтырып, жедел жәрдем шақырса, медбригада келмейді, келсе, ПЦР-тест алмайды. Осыған наразы адамдардың шағымына Денсаулық сақтау министрінің ресми блогы толып тұр. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл» жағдайына жеткен адамдар қаңтарда көшелерді де толтырып, талаптардың бірі ретінде МӘМС жүйесін жоюды және тегін медицинаны қайтаруды талап етті.
Дегенмен жаңа Үкімет медсақтандырудан бас тартылмайтынын білдірді, оның орнына жүйе жетілдіріледі. Оны өне-бойын жайлаған былық пен жемқорлықтан тазарту шаралары қолға алынады.
Сондай-ақ Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент қордың қолынан келмеген іспен енді арнайы қор айналысатынын жеткізді: өзге қайырымдылық шаралары қатарында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басты бір бағыты ретінде «денсаулық сақтау саласындағы нақты проблемаларды шешуді, мысалы сирек кездесетін дерттерге шалдыққан балаларға көмектесуді» белгіледі.
«Дүмше» медұйым денсаулық бұзады
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) былықтары аз емес. Кейбір мемауруханалар мен жеке клиникалар қордан бір ота үшін бірнеше миллион теңгеден ақша алады. МӘМС жүйесі іске қосылғалы елде операциялар қымбаттап кетті. Ал сапасы бұрынғы күйде қалды: оған көңілі толмаған адамдардың арыз-мұны да әлеуметтік желіні, ресми блогтарды кернеп тұр.
Жеке медұйымдар бір сырқатты емдеу кезінде бірден үш көзден табыс табуды үйренді: кейбір процедуралардың тегін топтамаларға кіре алмайтынын түсіндіріп, ол үшін пациенттен ақы алады, қалғанын бір мезгілде тегін медкөмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) де, медсақтандыруға да жатқызып, олардан да ақы алады.
Бұл аз болғандай, «қосып жазу», яғни болмаған ем-домды болды деп жазу белең алды. Өздерінің бірнеше дәрігер алдынан өткенін, белсенді емделгенін, тіпті ота жасатқызғанын азаматтар «Дамумедтен» бір-ақ біліп, төбе шашы тік тұруда. Бұл деректі ӘМСҚ растады. Қор былтыр медициналық ұйымдардың 28,3 мың рет «қосып жазғанын» әшкереледі.
«2021 жылдың 11 айында қор сарапшылары медкөмек көрсетудегі 23,8 миллиард теңге тұратын 969,1 мың ақауды анықтады. Осылайша, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл сома 3 еседен астам өсті: 2020 жылы 7,9 млрд теңгеге тартқан 1,04 млн ақау белгілі болған», – деп мәлім етті қор.
Қызметі ақаулы медұйымдарының көптігі жөнінен үш өңір көш бастады: бүкіл ақаудың үштен біріне жуығы, яғни 28,7%-ы немесе 277,8 мың дефект – солардың еншісінде. Бұлар – Түркістан облысы (11,1% немесе 107,2 мың ақау), СҚО – 9% немесе 86,8 мың және Алматы облысы (8,6% не 83,8 мың). Нақтылай кетсе, ақаулардың көбі – медкөмектің не қызметтердің көлемін негізсіз көбейтіп көрсетуге (63,3%) тиесілі.
Қор сарапшылары медициналық қызмет көрсетудің 28,3 мың расталмаған жағдайын анықтады, олар бойынша алу сомасы 196,8 млн теңгені құрады. Бұл ретте ақша алу үшін азаматтарды іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана емдеуге жаман үйренген медұйымдар қос мегаполисте көп: Нұр-Сұлтанда – 63%, Шымкентте – 22,7%. Салдарынан арамза медұйымдар жалақысынан, өзге де табыстарынан ай сайын қорға жарна аударуға мәжбүр азаматтарды қанап отыр.
Қор мемлекет қаражатынан айырылуы мүмкін
Денсаулық сақтау жүйесінің «дені сау» емесін, дертті екенін билік те түсінгендей. Үкімет салада реформа жүргізу мәселесін пысықтап жатыр. Оған дейін кең ауқымды тексеріс жасалады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы жүйеге аудит жүргізуді тапсырды. Ол Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеуметтік медсақтандыру қорындағы қаражаттың тиімділігі дұрыс бақыланбайтынын, жете үйлестірілмейтінін қатаң сынға алды. Сарапшылар айтып жүргендей, халықтың тапқан-таянғанынан тартып алынатын жарна тасқыны кім көрінгеннің қалтасында кетуде. Мемлекет те қорға тоқтаусыз миллиардтар құяды: жеңілдікті 15 санаттағы 11,34 млн адам үшін мемлекет жарна төлейді.
Былтырғы 2021 жылы мемлекет денсаулық сақтау саласына орасан зор сома 2,3 триллион теңге шығындады. Бұл ЖІӨ-нің 2,9%-ына тең. Осынша сома өзге бірде-бір салаға, тіпті қорғанысқа да бөлінбейді.
Үкіметтің дерегінше, Қазақстанда денсаулық сақтауға арналған республикалық бюджет қаражатының 90%-ға жуығын ДСМ емес, ӘМСҚ әкімшілендіреді. Өзі би, өзі қожа.
Сонымен бірге Премьер қордың барлық көрсеткіштері тым жалпылама екенін және олар халықтың – медкөмекке қажеттілігін, ал медұйымдардың – оларды қанағаттандыру мүмкіндігін айқын көрсетпейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда медсақтандырудың елге пайдасы мен қайтарымын бағалау қиын. Қорға құйылған триллиондар артқан сайын халықтың медкөмек сапасына көңіл толмастығы да артып отыр.
Осыған байланысты Ә.Смайылов ӘМСҚ қызметін бақылау және оның қаражатты тиімді жұмсау индикаторларының нақты жүйесін әзірлеуді тапсырды: «Бүгінде өңірлердегі медқызметтердің 100%-ы қордан қаржыландырылады. Бұл халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға деген жауапкершіліктің тоқырауына соқтырды. Соның кесірінен, әсіресе өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалаларында жедел медициналық көмек қызметін ұйымдастыру және қаржыландыру проблемалары туындады», – деді Әлихан Смайылов. Бұл жерде «қасіретті қаңтар» оқиғалары Жаңаөзенде басталып, Алматыда алапат ауқым алғанын айтып жату қажет пе?
Сондықтан Үкімет реформа аясында тегін медкөмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруды орталықтан және қордан алып қойып, кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге әкімдіктерге бере бастайды.
Қор өзге де миллиардтаған қаржы көздерінен айырылып қалуы мүмкін: Үкімет басшысы мәлімдегендей, ӘМСҚ біртіндеп, мемлекеттік қаражатты әкімшілендіру функциясынан да айырылады.
Оның орнына қор сақтандыру медицинасын дамыту мәселелеріне, қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге бар күшін шоғырландыруға тиіс.
Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, аз уақыт ішінде елдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз, кешенді техникалық аудит пен түгендеу жүргізіледі. Соның қорытындысында, мемлекет қай өңірде қандай медұйым жабдықтармен және медициналық-технологиялық жүйелермен қаншалықты жарақтандырылғанын біледі. Сондай-ақ ана мен бала, онкология, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, инфекциялық аурулар сияқты басымдықты бағыттар бойынша өңірлердің медициналық инфрақұрылымын дамытудың картасы әзірленеді.
Осы орайда ӘМСҚ-қа 2020 жылдың шілдесінен бері 1,5 жылдай ғана басшылық еткен Болат Төкежанов тосыннан тағынан тайды. Оның үстінен іс қозғалатын-қозғалмайтыны аудит жүргізетін ревизорлардың жұмыс қорытындысына байланысты болуы мүмкін. Әзірге Денсаулық сақтау министрінің 27 қаңтардағы бұйрығымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып 45 жасар экономист Айдын Ашуев тағайындалды. Сақтандыру ұйымдарында жұмыс тәжірибесі бар. 2021 жылғы қаңтардан бері Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
Қалай болғанда, медсақтандыру жүйесі жойылмағанымен, ол бұрынғы қалпында қалмайтыны, үлкен жаңғырудан өтетіні байқалады. «Жаңа Қазақстанда» МӘМС жүйесі де өзгеше болуға тиіс. Әзірге 2022 жылы халыққа медкөмек көрсетуге мемлекет 2,049 триллион теңге бөліпті. Оның 1,2 триллионы – ТМККК, ал 838 млрд теңгесі МӘМС жүйесі арқылы бағытталады. Осынша аста-төк қаржыны қорда өнім беруші ретінде тіркелген 1 393 медұйым (оның жартысынан астамы – жекеменшік клиникалар) бөліске салады.