Ахмет жылы: тарихи тұлғаға қандай құрмет көрсетеміз?

Ахмет жылы: тарихи тұлғаға қандай құрмет көрсетеміз?

Биыл – Ахмет Байтұр­сын­ұлы жылы. Ұлт ұста­зының мерейтойы өт­кен жы­лы басталып кетті. Ұлт­тық арна «Ахмет. Ұлт ұс­тазы» атты сериал түсі­ріп, көрерменге ұсынып үл­гер­ді. Ағартушы туралы «Соң­ғы үкім» көркем фильмі түсіріліп жатыр. Одан бө­лек, Алаш қайрат­керінің 150 жылдығында не ұсына аламыз? Қандай ізгі іс-шаралар атқарыл­мақ? Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсын­ұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік комиссия бекітіліп, республикалық жос­пар әзірленгені белгілі. Комиссия биыл «Ахмет Байтұрсынұлы» энцик­лопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату, деректі фильм түсіру, түркологиялық конгресс өткізу мәселелері қолға алынғанын айтқан еді.

«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»

Ағартушы. Ұстаз. Мемлекет қайрат­кері. Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын ай­шықтап тұратын қасиет. Қазақ тіл ғылы­мы­ның негізін қалаған қайраткердің саяси қызметтегі орны да бөлек. Ол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарымен бірге Алаш партиясы мен Алашорда үкі­метін құруға атсалысты. Қиын-қыстау кезеңде ұлт ұпайын түгендеген айтулы азаматтардың бірі. Осы орайда мерейлі жылды Ахаңның ауылына құрмет көрсе­туден бастаған жөн деген пікірлер де айтылып қалды. Сонымен, ағартушының мерейтойы қалай басталды? Белгілі ғалым, профессор Айгүл Ісма­қоваға осы сауалды қойған едік. Ғалым «Ахаңның 150 жылдығы елімізде ерекше оқиғалармен басталды. Мерейтой десе ат шаптырып той, айтыс өткізіп, ысырап жа­сайтын орта биыл шамалы елге қа­райласу керек деп санаймын» дейді. Айгүл Ісмақо­ваның айтуынша, «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін!» деген Ахаңның – Алаш саяси элитасының рухани көсемінің Отан үшін, Ел үшін айтылған осындай сөздерін біз өзіміз үшін қайта жаңғыр­туымыз керек. Ғалым биылғы мерейтойда атқарылуы керек бірнеше факторларды атап өтті. Ең алдымен, «Адамдық диқаншысы қырға шық­­тым»: бүгінгі жастар осыған дайын ба? Әр отандасыма осы сөздер мотиватор бола ма?
  1. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: мен осы ретте не істедім? Қазіргі жастар тек бүгінгімен шектелуде. Неге?
  2. Отан үшін, ел үшін, ата-баба жер үшін мен не тындырдым? Отанды қорғауға дайынмын ба?
  3. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлылар Отан үшін, Тәуелсіздік үшін құрбандыққа кетті. Қазіргі Тәуелсіздіктің құқықтық, ана тіліндегі білім беруден бастап, үкіметтің саяси әлеуметтік негізін бекітіп берді. Біз бүгін осыны нығайту үшін не бітірдік?
  4. Ана тілі – қазақ тілі мемлекеттік тіл болуын армандаған Ахаң оны оқыту, жазу, зерттеу негіздерін қалыптастырып берді.
  5. Ахаңның әдебиет – «адамның жан қоштау керегінен шыққанын», сондықтан ол «асыл сөз» екенін біз есте сақтаймыз ба?
  6. «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақыл­дасып, ойланып, ынтымақпен іс қылың­дар! Алашқа аты шыққан адамдар! Кө­сем­діктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген Алаш ада­сады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауа­бына сіздер қаласыздар!» деп бізге мең­зеген жауапкершілікті есте сақтаймыз ба?
  7. Ахаңның бүкіл ғұмыры мен жаз­ғандары: «Жазған сөз жанып ашып Ала­шы­ма!» деген дискурста тұр. Сондықтан бұл мұра Отанға, Елге адал қызмет етудің үлгісі болып қала бермек. Біз осындай сөз айта аламыз ба?
Ғалым осы тақырыптар насихатталуы тиіс деп отыр. «Мен жастарға осы ретте те­гін дәріс беріп келемін: мектеп пен кі­тап­ханалар арқылы. Жастар тыңдайды, қосады, жігерленеді», – дейді Айгүл Ісмақова.

Ауылға барар жол түзеле ме?

Былтыр бәрімізді тағы бір ақжолтай хабар қуантқан еді. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі мемлекет қарауына берілді. Музей-үй бұл шешімді 28 жыл бойы күтті. Сол кездері бізге Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музейінің жетекшісі Райхан Имаханбет арнайы сұх­бат берген еді. Музей жетекшісі сұхба­тын­да: «Ұлт ұстазының тағылым мектебінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бар­ша­мызға қайырлы болсын! Шындығында, кезінде қала меншігі болған «мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енген» осынау құнды жәдігердің 1995 жылы жекеменшікке берілуінің өзі өрес­кел қате еді. Өкініштісі сол, мұның егжей-тегжейіне үңілген жан болмады. Әрі сол кезеңдегі нарықпен келген «жекеше­лен­діру» деген үдерістің салдарынан мәдени мұраның басым бөлігі «ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кеткені» баршаға мәлім» деген еді. Өткен кемшілік түзелді. Музей мемле­кет қарауына өтті. Бұл да ағартушының мерейтойы қарсаңында атқарылған игі істердің бірі. Алайда музей жетекшісі тари­хи тұлғаға лайықты құрмет көрсетіп үл­гермегенімізді айтады. «Сол кемшіліктер­дің орнын тұлғаның UNESKO деңгейінде аталуы тиіс 150 жылдығы қарсаңында түгендеу перзенттік парызымыз деп біле­мін. Біз үшін ең толғақты мәселе, Алаш арысының жәдігері болып табылатын Алматыдағы музей-үйі, яғни тағылым мектебінің статусы. Бәлкім, бұл басқаларға «жауыр болған тақырып» болып көрінуі де мүмкін. Десе де, 1993 жылдан «заты бар, аты жоқ мекеме» болып келгеніміз ақиқат. Бұл БАҚ бетінде сан мәрте көтерілуінің арқасында, 29-шы жылы ғана шешімі табылғаны көзі қарақты жұртқа мәлім. Иә, өткен жылы 13 қазаннан Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы қала­сы музейлер бірлестігі» коммуналдық мем­лекеттік қазыналық кәсіпорнына ора­лымды басқару құқығына бекітіп берді. Не­ге екені белгісіз, атауы Ахмет Байтұр­сынұлы музей-үйі деп жазылудың орнына Ахмет Байтұрсынов мемориалды музейі деп рәсімделіп кетіпті. Біріншіден, ұлт ұстазы қазақ жұртының аты-жөні дұрыс жазылуы керегін, ХХ ғасыр басында мәсе­ле етіп көтеріп, «-ов, -ова, -ев, -ева» сынды тәуелділіктен арылып, ата-бабадан дәстүр болған «ұлы», «қызы» деп жазуға шақыр­ған-ды. Және өзі түзіп берген төте жазуда Ахмет Байтұрсынұлы деп жазып, басқа­ларға өнеге болған. Біз ұстаздың ұстаны­мын қасақана ескермей, орыс мәтіндегі нұсқасын қабылдағанбыз», – дейді. Музей жетекшісінің айтуынша, Ахмет­тей тұлғаның артында қалған Алматыдағы жалғыз жәдігердің, бұл күні өз алдына мем­лекеттік болған мекеменің дербес жар­ғысы, дербес мөрі болмайды. Өйткені му­зейлер бірлестігіне қарайды. Мұның қан­шалықты дұрыс-бұрыстығын алдағы уақыт көрсетеді. Дегенмен де ұлт мүддесі үшін құрбан болған Алаш арысы һәм ұлт ұстазының жеке-дара құрметке, дербес мекеме болуға әлі де лайық болмағаны ма деген сауал күн тәртібінде өзекті күйінде қалып отыр. Осыдан 29 жыл бұрын да «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін ұйым­дастыру туралы» шешім болған, бірақ көп жұмыстың аяқсыз қалғаны әрі бұрмалан­ғаны, оның зардабын тартқан біз білеміз һәм тірі куәміз деп отыр. «Ресми құжаттар мен БАҚ-та «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» деп жазылғаны­мен, осы атауы әлі күнге заңды тіркелмеген ұлт ұстазы тағылым мектебінің зарын естір Үкімет болса деген үмітпен айтып отыр­мыз. Және тұлғаның 150 жылдығын мере­келеу жөніндегі бекітілген жоспардың мүл­тіксіз орындалуын Үкімет қатаң қа­дағаласа деген тілегім бар», – дейді Райхан Имаханбет. Биылғы мерейтой аясында елордада музей-үйі ашылса да, жарасымды емес пе? Ахаң есімімен аталатын көшелерге де еңселі ескерткіштері мен бюстін қойса, артық болмас еді. Сенатор Алтынбек Нұ­құлы «Ахаңның кіндік қаны тамған туған топырағы – Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын 100 км грейдер жолдың жөнде­луіне керекті қаржы бөлінуі өзекті мәселе болып өзі-ақ сұранып тұр. Бұл мәселе бойынша арнайы депутат ретінде жіберген хатымызға Қостанай әкімдігі ойланар» деп жазған еді. ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын ұлт ұстазының 150 жылдығын жоғары дәреже­де өткізуге әрбір азамат атсалыса­ды деген ойдамыз. Ғалымдар Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжановтар өскен, өнген жерге де құрмет көрсету па­рыз деп санайды. Жал­пы Торғай өңірі қазақ зиялыларының алтын бесігі сана­лады. Сол себепті басты құрметті ұлт ағартушысы туған ауылдан бастасақ, құба-құп. Тіпті, Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы сыйлық пен сти­пендия тағайындасақ та, артық етпейді. Бұл да «ізденемін, ғалым боламын, ғылым жолына түсемін» деген жастарға моти­вация берері сөзсіз. «Қазақ тарихында Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлға болған емес, болмайды да». Абыз Әбіш Кекіл­байұлынан асырып айта алма­сымыз анық. Сондықтан Байтұрсын­ұлындай ұлы тұлғаға биыл қандай құрмет көрсетсек те, жарасар еді.

Айым БЕКТҰР