Утилизациялық алым жинау құқы жекеменшік компаниядан алынып, мемлекеттік ұйымына берілді. Алайда бұл нарықтағы көлік бағасына әсет етпейді. Өйткені автомобиль салондарындағы жаңа көліктер тапшылығы үлкен. Сондай-ақ жаңа жылдан бері жүрілген машиналардың құны тағы өскен. Ал былтыр тапсырыс беріліп, қаражаты төленіп қойған «темір тұлпарларын» тұтынушылар әлі күтіп отыр. Сол себепті көліктердің бағасы қымбаттамаса, әзір арзандайды дегенге сену қиын.
Көлік тапшылығы туындауы мүмкін
Үкімет «ӨКМ Операторы» ЖШС компаниясын утильалым жинау құқығынан айыру туралы қаулы қабылдады. Оның функциясы «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына берілді. Бұдан былай утилизациялық алым есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілетін болды. Бұрынғы компанияның қызметі тоқтады, тиісінше автомобиль нарығындағы ірі ойыншылар да утилизациялық төлемдерді тоқатты. «Утилизациялық алыммен айналысатын жаңа мекеме құрылды. Бірақ бізге одан есепшоттар әлі келген жоқ. Төлемнің қаншалықты өзгеретінін алдағы уақыт көрсетер. Жаңа компанияға жаңа бағамен төлейтін шығармыз деген үміттеміз. Бірақ баға бірден төмендейді дегенге сену қиын. Әрі кетсе 10-20%-ға арзандайтын шығар. Мемлекет үшін оны бірден арзандату тиімсіз. Бұл – салық ретінде түсетін және автоөндірушілерді қолдауға бағытталған қаржы», – деді автомобиль сатумен айналысатын «Орион Дистрибьюшн» ЖШС-ның бұқарамен байланыс жөніндегі директоры А. Алексеев. Оның айтуынша, утилизациялық алымның азаюы немесе олардың меншік иесінің ауысуы нарықтағы көлік бағасына әсет етпейді. Оның басты себебі – автомобиль салондарындағы жаңа көліктердің тапшылығы. Әрі қалыптасып қалған баға саясатына утилизациялық алымдар тікелей әсер етеді деуге сену қиын. Оны айтасыз, салондарға көліктердің жаңа партиясы қашан келетінін автодилерлердің өздері білмейді. Жаңа жылдан бастап жүрілген көліктерге баға тағы өскенін көріп отырмыз. Былтыр тапсырыс беріліп, қаражаты төленіп қойған көліктер тұтынушыларға әлі жеткен жоқ. Ал көптеген автомобиль брендтеріне жаңа тапсырыстар қабылдау 2021 жылдың соңында мүлдем тоқтап қалды. Бұл – тек Қазақстандағы жағдайға байланысты емес, әлемдік құбылыс. Әдетте жыл соңында көлік нарығында сауда-саттық қыза түсетін. Жеке адамдарды айтпағанда, тіпті мемлекеттік бюджеттің игерілмей қалған қаржысына қызметтік көліктер сатып алу белең алатын. Бірақ бұл жолы олай болмады, нарықтағы жаңа автомобильдердің саны шектеулі. Анық дефицит байқалды. Ал автосалоннан керегін таппаған жұрт еріксіз қолданыста болған автокөлік базарын аралайды. Осыдан кейін жүрілген көліктерге сұраныс артып, баға көтеріліп кеткен.Бағаны нарық реттей ме?
Ескі көліктер «Колеса» және өзге де сайттарда былтырғымен салыстырғанда 10-15%-ға қымбаттырақ бағаға ұсынылып жатыр. Ең өкініштісі, бұл процестің әлі де тоқтайтын түрі жоқ. «Автосалондарда машинаның құны 15 пайызға өсті. 5-6 млн теңгенің көлігі 1 млн теңгеге қымбаттаған. Дистрибьюторлар жақында бағаны арзандатамыз дейді. Демек, сол 15 пайызды алып тастайтын шығар. Бірақ оның өзі бір жыл бұрынғы межеден көп қымбат. Бұл – қулық. Бағаны қолдан қымбаттатып отырғаны осыдан-ақ көрініп тұр. Бұған мемлекет шектеу қоюы тиіс», – дейді қала тұрғыны Алмас Нұрислам. «Астер авто» жүрілген көліктер салонының жетекшісі Юлия Кравчук бағаны аспаннан алып қоймаймыз, барлығын нарық реттейді деп ақталды. Оның айтуынша, көлік құнының динамикасын бақылау мүмкін емес. Бірақ өсім бар. Баға көліктің техникалық жағдайына қарап қойылады. «Біз бағытымызды нарыққа қарап айқындаймыз. Келген көліктің бағасы нарықтық құны мен оның техникалық жағдайына қарай бағаланады. Саудалаушылар көліктерін қымбатқа бағалайды. Алайда автомобильдің құны техникалық жағдайына, ішкі-сыртқы сипатына, күтіліміне, жүру қашықтығына, жасалған жылына, маркасына қарап белгіленеді. Нарықтағы ұсыныс пен сұранымға да байланысты. Өтімділігі аз көліктер арзанға бағаланады. Сондай-ақ спорттық немесе экстракласс машиналардың сатылымы ұзаққа созылады», – дейді Ю.Кравчук. Дистрибьюторлар үшін көліктердің тез сатылғаны керек. Сондықтан олар ең өтімді автокөліктермен жұмыс істегенді тиімді көреді. Бұл – бизнес. Нарықта жапондық автомобильдердің өтімділігі жоғары, одан кейін кәріс көліктеріне сұраныс күшті. Жұрт шыққанына 5 жылдан аспаған көліктерді жақсы алады, баға да соған сай жоғары болады. Ескі көліктердің ішінде 2013-2014 жылдары шыққандары көп қымбаттаған.Утильалым ақшасы қайда кетті?
Соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар жеке операторға техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утилизациялық жинақ төлеген. «ӨКМ Операторы» мәліметіне сенсек, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін 600 млрд-тан теңгеден астам қаражат түскен. Оның 300 млрд теңгесі автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген, 30 млрд теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген, 29 млрд теңге ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген. Сонда жиналған қаржының тек 10%-ға ғана утильге бағытталған. Ал 181 млрд-тай теңгенің қайда жұмсалғаны белгісіз. Есесіне, осы уақыт ішінде жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өскен. «ӨКМ Операторы» ЖШС құрылған уақыттан бергі кезеңге тәуелсіз аудит жүргізіп, тексеру нәтижесі ашық ақпарат көздерінде жариялануы тиіс. Ал есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға беру рәсімдері аяқталғанша утиль жинауға мораторий жариялау қажет. Сондай-ақ утиль жинау мөлшерлемесін қайта қару мәселесі де соңына дейін пысықталмаған. Бүгінде бар әңгіме базалық мөлшерлеме төңірегінде айтылып жатыр, ал утильге алынатын сома негізінен коэффициенттер арқылы манипуляцияланады», – дейді Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Е.Жаңбыршин. Қазір утиль жинауға байланысты Экология министрі Серікқали Брекешевтің төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, талқылау жүріп жатыр. Бүгінге дейін екі жиналыс өткізіп тастады. Бірақ ұйымда әртүрлі тараптардың тепе-теңдігі сақталмаған. Министрліктер бұл процеске көлік өндірушілердің лоббистерін көбірек қосып жібергенге ұқсайды. Жұмыс тобындағы адамдардың 70 пайызы утильалымның сақталуына мүдделілік байқатқаны содан-ау шамасы.Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір жеңілдетілген автонесиелеуге қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен «бірінші отбасылық автомобиль» кіші бағдарламасы іске қосылады. Қолданыстағы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталған сәттен бастап қаржыландырудың жалпы лимиті 82 млрд теңге. Шарттарға сәйкес, көлік Қазақстанда құрастырылып, бір машинаның құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Несиелеу мерзімі – жеті жылға дейін. Соңғы қарыз алушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауы тиіс. «Бағдарлама 20 жылға есептелген және револьверлік несиелендіруге негізделген. Ол іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30,5 мың қарыз берілді. 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алды. Бүгінде отандық өндірістің келесідей брендтері қолжетімді: Hyundai, JAC, Chevrolet, KIA және LADA» деп жазылған ведомство таратқан ақпаратта. Қазір бұған дейін Ұлттық Банк тарапынан қаржыландырылған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылған. Осыған байланысты ИИДМ қаражат алудың жаңа көздерін іздестіріп жатыр. Вице-министр Марат Қарабаев автокөлікті бастапқы жарнасыз сатып алу мүмкіндігі пысықталып жатқанын да хабарлаған болатын.