Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы жарысын орта жолдан аяқтады. ШирекфиналдықкездесудефутзалшыларымызУкраинақұрамасынан 3:5 есебіменжеңілді.
Негізі, матч алдында Кака жаттықтыратын команда фаворит саналған. Букмекерлік кеңселер мен спорт мамандарының басым бөлігі Қазақстанның келесі кезеңге өтетінін болжады. Алайда Амстердамдағы ойында көпшілік күтпеген есеп тіркелді.
Кездесу барысында алғашқы минуттан қазақстандық футзалшылардың басымдығы байқалды. Дегенмен алғашқы минуттарда қос құраманың да гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ футзалшылар тепкен доп қақпадан біресе биік, біресе қиыс кетсе, біресе қақпа маңдайшасы мен бағанасына тиіп кері серпіліп жатты. Тек ойынның 14-минутында төрешінің Қазақстан қақпасына белгілеген күмәнді пенальтиінен соң украиналықтар бірінші болып есепте алға шықты. Гол авторы – Петр Шотурма. Ал кездесудің 24-минутында шабуылшы Игорь Корсун Игитаның басынан допты оңай асыра салды. Теңбіл снаряд қақпа торында тулады. Екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан соң Қазақстан құрамасы тәуекелге барды. Шабуылға Лео Игита да араласты. Қақпаның бос қалғанын оңтайлы пайдалана білген Украина құрамасының ойыншысы Михаил Зварич көп өтпей үшінші голды соқты. Мұнан соң Қазақстан құрамасының шабуылы ширады. Кездесудің 33-минутында Дуглас есеп айырмасын қысқартты. Артынша Біржан Оразов көзге түсті. Үміт оты қайта жана бастағанда украиналық ойыншылар Разуванов пен Лебед бір минуттың ішінде бос қақпамызды дәл көздеді. Соған қарамастан, кездесу соңына дейін намысқа тырысқан құрамамыз үшінші голын салды. Бұл жолы да Біржан Оразов шеберлік танытып, дубль авторы атанды. Қорытынды есеп – 3:5. Жеңіс Александр Косенко жаттықтыратын команданың еншісінде кетті.
Ойыннан соң 40 минутта Қазақстан құрамасы қарсылас қақпасына 53 соққы жасағаны белгілі болды. Оның 18-і қақпаға дәл бағытталған. Жалпы алғанда, статистика бойынша Қазақстан құрамасы қарсыласқа қарағанда тәуір ойнаған. Есесіне, сәттілік қарсылас жағында болды. Бір жағынан топтық кезеңнің соңғы матчында сары қағаз алған Эдсон мен Тайнанның кездесуге қатыспауы да шешуші ойында қатты әсер етті. Азат Валиуллин де жарақатына байланысты командасымен бірге толық матч өткізе алмады.
Қазақстан құрамасын жеңіп, 17 жылда алғаш рет футзалдан Еуропа чемпионатының жартылай финалына шыққан Украина енді Ресей мен Грузия жеңімпазымен кездеседі. Ол жұпта Ресейдің анық фаворит екенін ескерсек, жартылай финалда Украина мен Ресей арасындағы текетіресті көріп қалуымыз ғажап емес. Бұл жағдайда УЕФА-ның қандай шешім қабылдары да қызық.
Ал А тобынан бірінші орынмен шыққан Португалия ширек финалда Финляндиядан 3:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға алғашқылардың бірі болып жолдама алды. Әлем чемпиондары алдағы кезеңде Испания мен Словакия арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады. Жартылай финалдық ойындар 4 ақпанға белгіленді. 6 ақпанда финал және 3-орын үшін шешуші ойын өтеді.
Еске сала кетейік, Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсетті. Алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды. Өкінішке қарай, ширек финалда құрамамыздың Украинаны айналып өтуге шамасы жетпеді.
Азулы Қазақстан құрамасын жеңіп, тарихи жетістікке жеткен Украина құрамасының бас бапкері Александр Косенко ойыннан соң құрамадағы футзалшыларының өнеріне жоғары баға берді.
– Біз Қазақстанмен ойында қайсарлық танытып, керемет жеңіске жеттік. Жартылай финалда қай құрамамен кездесетінімізді Ресей мен Грузия арасындағы ойыннан кейін білеміз. Біздің бір артықшылығымыз, ендігі қарсыласымызға қарағанда бір күн демалатынымызда болып тұр. Алдағы сында да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдеге таласуды көздейміз, – дейді Косенко.
Аталған турнирде қазақстандық футзалшы Біржан Оразов ерекше көзге түсіп, құрамадағы үздік ойыншылардың бірі болды. Топтық кезеңде – 5, плей-офф сатысында 2 гол соқты. Отандасымыз әзірге 7 голмен үздік сұрмергендер кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Бәсекелестері басып озбаса, құрлықтық доданың үздік шабуылшысы атануы мүмкін.
Жалпы, футзалдан Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания – 7, Италия – 2, Ресей мен Португалия 1 рет чемпион болды. Ал Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионатының финалдық сатысында екі рет сынға түсті. 2016 жылы үшінші, 2018 жылы төртінші орын алды.