2022 жылы баспаналы болудың қандай жолдары бар?
2022 жылы баспаналы болудың қандай жолдары бар?
Иллюстрация: А.Ахметқазы
986
оқылды

Тұрғын үй несиесін аларда нені ескеру керек? Екінші деңгейлі банктер беретін ипотека шарттары қандай? Aikyn.kz елдегі танымал тұрғын үй бағдарламалары мен банктер ұсынатын ипотекаларға шолу жасады.

"7-20-25" бағдарламасы

Бұл бағдарламамен тек жаңа үйлер беріледі. Тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқан кезде брондап қою керек. Ипотека алушының атында жылжымайтын мүлік, несие болмауы керек, несие тарихы жақсы болуы керек, кемінде 6 ай зейнетақы түсімдері тұрақты түсуі керек. Бастапқы жарна – пәтер құнының 20%-ы, банк мөлшерлемесі – 7%, несие мерзімі – 25 жылға дейін. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары құны – 25 млн теңге, Қарағанды үшін – 20 млн теңге, басқа өңірлер үшін – 15 млн теңге. Айта кетейік, бұл бағдарламамен Қазақстандағы барлық дерлік екінші деңгейлі банктерден ипотека алуға болады. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша "ЦКБ", "Сбербанк", Halyk Bank, Jusan Bank, Forte Bank, RBK Bank, Altyn Bank, "Еуразиялық банк" жұмыс істейді.

"Нұрлы жер" бағдарламасы

Мұнда да жаңа тұрғын үй алу керек. Бастапқы жарна – 20%, мөлшерлемесі – 5%, мерзімі – 25 жылға дейін. Отбасының әрбір мүшесінің табысы айына ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,7 (2022 жылы 133,2 мың теңге) жоғары болмауға тиіс. Бағдарламаға әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ғана қатыса алады.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы

Көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарлама. Бастапқы жарна – 10%, мөлшерлеме – 2%, мерзімі – 18 жылға дейін. Несиенің ең жоғарғы сомасы өңірге байланысты 10 млн – 15 млн теңгеге дейін. Бағдарлама арқылы жаңа немесе қайталама нарықтарға үйлерді алуға болады. Талап бойынша отбасының әр мүшесінің соңғы алты айдағы табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен (2022 жылы 111,6 мың теңге) аспауға тиіс.

"Әскери баспана"

Бұл – құқық қорғау органдарының, Ішкі істер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін жеңілдетілген ипотека. Несие мөлшерлемесі – 3,5%-8%-ға дейін. Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады.

"Жас отбасы" бағдарламасы

Бұл – аты айтып тұрғандай, жас отбасыларға арналған ипотека. Несие мөлшерлемесі – 6%, мерзімі – 9 жылға дейін, қарыз сомасы – 90 млн теңгеге дейін. Жаңа және қайталама нарықтағы үйді, жер учаскесін алуға болады. Несие алу үшін ерлі-зайыптылардың кемінде біреуі "Отбасы банкінде" жаңа депозит ашып, оған кем дегенде бір жыл ақша жинауы керек. Депозитті ашу кезінде неке бес жылдан аспауы керек.

"Өз үйім" бағдарламасы

Бұл – "Отбасы банкінің" жеке бағдарламасы, шотында кемінде 500 мың теңгесі бар кез келген адам қатыса алады. Бастапқы жарна – 20%-дан бастап, несие мерзімі – 25 жылға дейін, мөлшерлеме – 3,5%-7%-ға дейін, қарыз сомасы – 90 млн теңгеге дейін. "Өз үйімнің" артықшылығы – құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің үлескері болып немесе салынып жатқан нысаннан үй таңдап сатып алуға болады. Несие алатын адамнан тұрақты тіркеу талап етілмейді және меншігіндегі тұрғын үй санына шектеу жоқ.

           Тұрғын үй бағдарламалары

Бағдарлама атауы

Бастапқы жарна

Несие мөлшерлемесі

Несие мерзімі

Несие көлемі

«Өз үйім» (Отбасы банкі)

20%

3,5 – 7%

6 ай – 20 жыл

90 млн тг дейін

«Нұрлы жер»

20%

5%

25 жылға дейін

Baspana.kz сайтындағы кез келген сомадағы үй

«Бақытты отбасы»

10%

2%

18 жылға дейін

10-15 млн тг

«Әскери баспана»

15 – 50%

6 – 8%

25 жылға дейін

90 млн тг дейін

«Жас отбасы»

50%

6%

6 – 9 жыл

90 млн тг дейін

Банктердегі ипотека шарттары

Банк атауы

Бастапқы жарна

Несие мөлшерлемесі (ГЭСВ)

Несие мерзімі

Halyk Bank

20% бастап

15% бастап

20 жыл

"Фридом Финанс" банк

20% бастап

14% бастап

15 жыл

БЦК

20% бастап

15.5% бастап

15 жыл

"Нұрбанк"

35% бастап

17% бастап

20 жыл

Altyn Bank

20% бастап

16% бастап

20 жыл

"Сбербанк"

10-20% бастап

17.2% бастап

20 жыл

RBK

30% бастап

18.3% бастап

15 жыл

Ислам банкі

30% бастап

жоқ

15 жыл

"Отбасы банкі"

50% бастап (3 жыл жинау қажет)

50% бастап

5.2% бастап

7.4 % бастап

Ипотека аларда нені ескеру керек?

  • Кез келген банктен ипотека аларда несиенің шарттарына ғана емес, оны рәсімдеу қызметінің ақысын да ескеруді ұмытып кетпеңіз. Себебі кей банк қызметі үшін комиссия алуы мүмкін.
Комиссия түрлері: - өтінімді қарау ақысы 5 мың теңгеден басталуы мүмкін; - несиені рәсімдеуге қарыз сомасының 1-2% алынуы мүмкін; - кейбірі несиені ұйымдастыру және ресімдеу үшін комиссия алмайды. Заң бойынша комиссия жылдық сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілуге тиіс. Егер банк басқа қандай да бір комиссия ұсталатынын айтса, мұндай несиеден бас тартқан абзал. Себебі несиеге өтінімді қарауға немесе рәсімдеуге төленетін біржолғы комиссия қарыз шартында жазылмайды және бөлек төленеді.
  • Тұрғын үй құнын бағалау және сақтандыру міндетті. Ондай қызмет көрсететін компанияны өз еркіңізбен таңдауға құқығыңыз бар.
  • Ипотекаға өтініш бермес бұрын, бұрын алған несиелеріңізді өтеңіз. Жиынтық төлем табысыңыздың 50%-ынан аспауға тиіс. Әйтпесе банк ипотека бермей қояды.
  • Банктердің шартын мұқият оқыңыз. Оның ішінде: пайыз мөлшерлемесі және несие шарты. Аз пайыздық мөлшерлеме әрдайым тиімді бола бермейді. Сол үшін бірнеше банкті салыстырыңыз.
  • Несие мерзімі неғұрлым ұзақ болса, артық төлем соғұрлым көп қосылады. Оңтайлысы – 10-15 жыл.
Айта кетейік, қазір Қазақстандағы инфляция деңгейі – 8,5%.