Электр қуатының бағасы өспейді
Электр қуатының бағасы өспейді
186
оқылды
Қазақстанда әзірге элек­­тр энергиясының бағасы өс­пей­тін болды. Яғни, қуат ба­ға­сы 2021 жылғы деңгейде қалады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшола­қов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткен. Министр бағаны реттейтін нақты тетіктерді қолданысқа енгізу үшін Президент шешімімен 180 күн белгіленгенін айта келе: «Жоспар бойынша жеткен шеші­мі­міз 2022 жылы электр қуатының бағасы 2021 жылғы деңгейде сақталады. Оған қосымша жаңа тәртіп пен әдістер әзірленіп жатыр. Бұл – электр қуатымен то­лық­тай жабдықтау және ұлттық электр жүйесінің тұрақтылығын сақтау. Бұл екеуі – ең маңызды мәселе», – деді. Сонымен қатар ол майнинг фермалар цифрлық өндірісі де салада тапшылық туғызып жатқа­нын айтты. Олармен күрес елдегі электр қуатын аккумуляцияланатын генерацияның көлемін ұл­ғай­ту шараларымен қатар жүруі тиіс. Сондықтан майнерлердің жо­лын кесу үшін қосымша жұ­мыс жүргізілмек. Бірінші кезекте генерацияны көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді. «Әрине, майнерлер, басқа да заңсыз қо­сылушылар салаға әсер етіп, тап­шы­лық туғызып жатыр. Олардың жолын кесу үшін қосымша жұмыс жүргіземіз. Бірақ дефицит болмас үшін ең бірінші генерацияны көбейтуіміз керек. Екіншіден, электр жүйелерінің сапасын көтеруіміз қажет. Сол жұмыстың бәрін біз берілген 180 күннің ішінде әзірлеп, іске қосамыз. Баға жағынан айтсақ, биыл электр қуатының ақысын 2021 жылдың деңгейінде сақтауға тырысамыз», – деді министр.