Қазақстанда әзірге электр энергиясының бағасы өспейтін болды. Яғни, қуат бағасы 2021 жылғы деңгейде қалады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткен. Министр бағаны реттейтін нақты тетіктерді қолданысқа енгізу үшін Президент шешімімен 180 күн белгіленгенін айта келе: «Жоспар бойынша жеткен шешіміміз 2022 жылы электр қуатының бағасы 2021 жылғы деңгейде сақталады. Оған қосымша жаңа тәртіп пен әдістер әзірленіп жатыр. Бұл – электр қуатымен толықтай жабдықтау және ұлттық электр жүйесінің тұрақтылығын сақтау. Бұл екеуі – ең маңызды мәселе», – деді. Сонымен қатар ол майнинг фермалар цифрлық өндірісі де салада тапшылық туғызып жатқанын айтты. Олармен күрес елдегі электр қуатын аккумуляцияланатын генерацияның көлемін ұлғайту шараларымен қатар жүруі тиіс. Сондықтан майнерлердің жолын кесу үшін қосымша жұмыс жүргізілмек. Бірінші кезекте генерацияны көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді. «Әрине, майнерлер, басқа да заңсыз қосылушылар салаға әсер етіп, тапшылық туғызып жатыр. Олардың жолын кесу үшін қосымша жұмыс жүргіземіз. Бірақ дефицит болмас үшін ең бірінші генерацияны көбейтуіміз керек. Екіншіден, электр жүйелерінің сапасын көтеруіміз қажет. Сол жұмыстың бәрін біз берілген 180 күннің ішінде әзірлеп, іске қосамыз. Баға жағынан айтсақ, биыл электр қуатының ақысын 2021 жылдың деңгейінде сақтауға тырысамыз», – деді министр.