Гиннестің рекордтар кітабына енді

Гиннестің рекордтар кітабына енді

Дубайда өтіп жатқан EXPO-2020 көрмесінде Қазақстан павильоны «Әлем бейнесі» арт-жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сертификатты салтанатты тапсыру рәсімі Қазақстан павильонының сахнасында өтті. «Әлем бейнесі» арт-жобасы – павильонға әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қылқалам және бояулардың көмегімен өз қолтаң­басын қалдырған Жер планетасының кенептегі түпбейнесі. Кенептің өлшемі планетамыздың кішірейтілген физикалық параметрлерінің ұзын­дығы мен еніне сәйкес келеді. Картинаның негізгі идеясы EXPO-2020 Dubai көрмесінің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» тақырыбымен үндеседі. Арт-жобаның мақ­саты – біздің ғаламшарымызда өмір сүретін адамдарды Ұлттық павильонның аумағында орналасқан бір өнер туындысы арқылы біріктіру. Картина – бейбітшілік, бірлік, үйлесімділік және достық сияқты құнды­лықтардың нышаны. Бүгінде әлемнің 193 елінен келген 1 900-ден астам павильон қонақтары мен келуші­лері картина бетінде өздерінің «ізін» қал­дырды. Олардың арасында әлемге танымал Голливуд актрисасы Бай Линг, америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, ресейлік әнші Валерия, қазақстандық кәсіби велошабандоз Александр Винокуров және басқалары бар.

Көктем ҚАРҚЫН