Бізде мемлекеттік қызметшілердің әдебіне қатысты бірнеше заң нормалары бар. Ал алты жыл бұрын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы бекітілді. Әйткенмен, әлеуметпен жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында әдептен аттап, дөрекілігімен есте қалған шенділердің қызметтік мансабына нүкте қойылмаса да белгілі бір уақытқа қызметінен қош айтысқанын көрмеппіз. Жақында Петропавлда мас болып аялдамада ұйықтап қалған шенеунік қызметінен босатылды. Ал Шығыс Қазақстан облысында 700-ден аса мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылды. Жөн-ақ, бірақ мемлекеттік этикаға қайшы әрекетімен есте қалған шенділерге қандай жауапкершілік қаралады? Өкінішке қарай, пікір беруге келгенде ауырып, халық үніне құлақ асатын кезде ашуланып шыға келетін лауазымды адамдардың тізімін түгендесек, біраз жерге барып қалды. Атақ-абыройы әжептәуір болғанымен, келте ойлы кейбір дөкейлердің кадрдан тыс әрекеттерін біз де еске түсіріп көрдік.
Жұманғариннің жынына тиген
Бірнеше жыл бұрын Алматыда апатқа ұшыраған Bek Air әуекемесінің екінші ұшқышын ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов тілшінің кеудесінен итеріп жіберген. Бұл қызметіне дейін ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Авиациялық оқиғалар мен оқыс жағдайларды тергеу басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып жүргенде Серік Жұманғарин да «Жынымды келтірмеңізші» деген сөзімен «жарқ» ете қалды. Вице-министр сол кезде тарифтерге қатысты сұрақ қойған тілшілерге жынына тие бермеуін талап етті. Журналистер алдында ел алдындағы қасықтап жинаған абыройын «Қазғарыш» төрағасы Талғат Мұсабев та шелектеп төге салды. Ғарышкердің сол кездегі ерсі қылығы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. 2013 жылы Байқоңырдағы апатқа қатысты Үкімет кеңесінен шыққан Талғат Мұсабаев тілшіні балағаттап, кеудесінен итеріп жіберген. Ашуланғанда эмоциясына ерік беретін оның «Не тұрсың? Жынды ма мынау? Менің басыма шық онда», «Біз Ресейдің Байқоңырда мәңгі қалғанын қалаймыз!» деген сөздері ел аузында «хитке» айналды. Соған қарамастан ғарышкердің Президент кеңесшісі лауазымын иеленгенін барлығы біледі.Боқтағанымен қоймай, бөтелке лақтырды
Мәжілістің үш шақырылымында бес жыл депутат болған Бекболат Тілеуханның талай сөздері қоғамның теріс пікірін туғызып келді. Былтыр жыл соңында депутаттық мандатын өз еркімен тапсырған ол кәсіби қызметін атқарып жүрген журналиске бейәдеп сөйлегенімен қоймай қол көтерген-ді. Бұрын Мәжілісте депутат болып жүргенде жастарға талмай ақыл айтып «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде алдына келген көпбалалы аналарды балағаттап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан бейнежазба желіде қызу талқыланды. Сегіз минутқа созылатын бейнежазбада әкім орынбасары «Керек болса Ақордаға бар», «Жоғал бар», «Маған десең асылып қалсын», «Саған пәтер жоқ, білдің бе?», «Ақордаға үш рет барғаның үшін сенімен жұмыс істемеймін» деп айғайлап, артынша бөтелке лақтырған. Былтыр СҚО шенеуніктері жұмыс уақытында кафеде демаламын деп басы дауға қалды. Аймақтың Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекция басшысының орынбасары әрі Әдеп жөніндегі кеңес уәкілі Сергей Калякин және Есіл аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Таңатар Айхожаев жұмыс уақытында ащы судан ұрттап, дәмханада шу шығарыпты. Кейін белгілі болғандай шенеуніктерді ветеринариялық іс-шаралар өткізу үшін қызметтік іссапарға жіберген. Жаркент қаласының әкімі Болат Омаров та былтыр БАҚ өкілінің бетіне сағатын лақтырамын деп жұрттың сынына ілікті. Ал биыл Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева да көпбалалы аналармен дөрекі сөйлескені талқыға түскен еді. Артынша бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланған. Бірақ қатаң сөгіс мемлекеттік қызметкерге шыбын шаққан құрлы болмаған тәрізді. Өйткені осы жайтқа қатысты пікір білгісі келген тілшіге «Пікір бермеймін. Қалағандарыңды жариялаңдар» деп қысқа қайырыпты.Этикаға қатысты заң да бар еді...
2000 жылы бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы» және «Мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» 2015 жылғы Жарлық бар. Ол аз десеңіз, «Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» тағы қабылданды. Бұдан бөлек, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жұмыс істейді. Осы заңдардың жұмыс істеуін қадағалайтын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де құрылды. Айтпақшы, алты жыл бұрын қолданыстағы Этикалық кодекстің қағидалары жаңа ережелермен толықтырылды. Сөйтіп, шенеуніктерге ішімдік ішуге, жұмыс уақытында смартфон қолдануға тыйым салынды. Құжатта мемлекеттік қызметшінің жұмыс барысындағы іс-қимылының қағидасы, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау ережесі, жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысына дейін қарастырылған. Кодексте жемқорлықтың алдын алу шараларына басымдық берілген. Бірақ мемлекеттік қызметке қабылданар кезде әр қызметкер қатаң тестілеуден басқа үш күн ішінде кодекспен танысуы шарт. Осы шартқа көнсе ғана мемлекеттік қызметкер болуға қол қояды. Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған шенеуніктер сыбайлас жемқорлықтың қандай болсын түрінің алдын алып, қол астындағыларды кемсітпей, тұлғаның ары мен намысына құрметпен қарау үлгісін танытуға тиіс. Сондай-ақ Ар-намыс кодексінде мемлекеттік қызметкердің жеке өміріне де біраз шектеулер қойылды. Олар қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, мас болуына шектеу қойылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкердің қымбат киім киюіне болмайтын ереже де ескерілуі тиіс еді. Белгілі бір брендке қатысты нақты тыйым болмаса да мемлекеттік қызметкерді барынша қарапайым киінуге міндеттейтін қағида да қарастырылған. Осылайша, бұдан бұрынғы жылдары кодекс ережесін таныстырғандар костюм-шалбарын Италия немесе Францияның сән үйінен алдыратын, швейцар сағаты мен араб әшекейлерін таққанды ұнататын шенеуніктерге киім сөрелерін жаңалауға тура келетіні айтылды. Егер кодекс қағидалары бұзылса, қатаң сөгістен бастап жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапкершілік қарастырылғаны мәлім болып еді.Әдеп кодексі әшекейге жүрмейді
Алайда мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына жауап беретін мекеменің басшылық лауазымына келген 31 жастағы Айнұр Серғазиева сынның астында қалды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалған оның «гламур» өмір сүретіні белгілі болды. Су жаңа шенеуніктің Instagram парақшасында жариялаған суреттерінен бренд өнімдерге арналған қызыл-сары қораптарды қолтығына қыстырып, миллион тұратын сөмке ұстап тұрғаны байқалады. Бірақ шетелде қыдырғанды ұнататын шенеунік өзі туралы сынды жоққа шығарды. Айтуынша, тасыған байлығы мен ықпалды туыстары жоқ, зейнеттегі ата-анасы Оралда тұрады. Пәтері ипотекаға алынған, сөмкелер аутлеттен, алқалары мен Тиффани әшекейлері күмістен көрінеді. Көпшіліктің таңданысы шенеуніктің қымбат әшекейінен бөлек, Президенттің жастар кадрлық резервінің көптеген мүшелері арасында да түсініспеушіліктің туындауына алып келді. Бұдан басқа, Бас прокуратураның Айнұр Серғазиеваға қол астындағы қызметкерлерге қысым жасап, еңбек құқығын бұзғаны үшін ескерту берген. «Айнұр Серғазиева кадр резервінде жоқ. ПМКР-не бұл бос жұмыс орны туралы ақпарат түспеген. Резервшілерді жұмысқа тарту ретсіз және ашық емес. Қазақстанның дамуы үшін жас мамандарды лауазымды қызметке тарту тетігі тиісті түрде жүзеге асырылмай, «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін болмайды», – дейді 2019 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған «Атлант Ақтөбе» ЖШС-ның жоба жетекшісі Сұлтан Саидұлы. Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы кәсiби мемлекет құруға арналған. Мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттің орындалуы мемлекеттік қызметкердің кәсібилігіне тәуелді екені түсінікті. Кәсібилік қызметкердің моральдық жоғары жауапкершiлiгі мен жоғары білімі, ар-ұяты мен тәжiрибесіне келіп тіреледі. Күні кеше Президенттің өзі де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынатынын айтты. Өйткені халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсеткен. Әйтпесе, тағы болмайтынын тәжірибеден көріп отырмыз. Сенатор Нұрлан Бекназаров этика нормаларының орындалмауы жиі болатынын жасырмайды. Сол үшін әдепсіз қылықтарымен танылғандар қандай деңгейде болмасын қатаң жазалануы керек екенін айтады. «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Осы сөздің төркінін түсіне алмағандар мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаса, мемлекеттің құрылымына әсер етеді», – дейді сенатор.