Шаруалар биыл да сусыз қала ма?
Шаруалар биыл да сусыз қала ма?
245
оқылды
Ақпан айы келді дегенше, шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қамданатыны белгілі. Алайда несібесін қара жерден теріп жеген жамбылдық еңбеккерлерді жылда ағын су мәселесі қос бүйірден қысады. Қырғыз ағайынға алақан жайып, көзді Киров су қоймасына тігетін диқандар биыл да бұл түйткілмен бетпе-бет келетін секілді. Өйткені құрылысы үшінші жылға созылған Райыс каналы биыл да шаруаларды ағын сумен жарылқамайын деп тұр. Міне, осы мәселе жандарына батқан диқандар канал басына жиналып, шу шығарды. 60-қа жуық шаруаның негізгі базынасы – канал құрылысының сапасыз жүргізілгені. Олардың сөзіне сүйенсек, қыруар қаржы жұмсалған каналдың құрылыс жобасы әу бастан дұрыс жасалмаған. Салдарынан құрылыс жұмыстары сыр беріп, арнаның бетон қабырғалары құлап қалған. Нәтижесінде, алқаптағы ағайын үш жылдан бері мардымды су тұтына алмайды. Егіні бітік шықпа­ғаннан кейін шаруалар шығынға белшесінен батып, биыл өнімді не егерін, не екпесін білмей отыр. Өйткені Райыс каналынан су келмесе, еккен егіндері тағы қурап кетпек. Жалпы, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылдық округінде 3 098 гектар суармалы жер болса, соның тек жартысы ғана суарылады. Ал қалған бөлігіне Райыс каналынан келуі керек ағын су жетпей отыр. Сондықтан шаруалар биыл жер игеруге жүрек­сініп, ағын суға алаңдаулы. – Канал құрылысы дұрыс жүргі­зіл­мегендіктен, шаруа қожалықтары ағын суға қол жеткізе алмай отыр. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда тағы бір жылға созылды. Мен былтыр суға 1 миллион 300 мың теңге төледім. Бірақ шығынның жартысын да қайтара алмадым. Себебі қанып су ішпеген 120 гектарға еккен пісте мен жүгерімнің жартысы қурап кетті,– дейді «Би-сұлтан» шаруа қожа­лығының басшысы Нұрғазы Омар­құлов. – Өткен көктемде ағын су алу үшін «ҚазСуШар» мекемесімен келісімшартқа отырдым. Алайда су сол бойы келмеді. Каналдың жобасы дұрыс жасалмағандықтан, арнасына су сыймай, одан қалса құлаған қабырғаларынан ағын су далаға кетіп жатыр. Оның зардабын біз сияқты шаруалар көруде, – дейді Сәкен Парманқұлов. Алқаптың суына жауапты мамандар болса, ақаулардың шығуын канал құрылысының аяқталмауымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ олар олқылықтардың болуы жобалаушы­ның қателігі екенін жасырмауда. – Кеңес үкіметі кезінен құры­лысы жүргізілмеген канал бұрын ауданның есебінде болған. Алайда кейіннен қараусыз қалды. Сондық­тан біз 3-4 жыл бұрын «ҚазСуШар» мекемесінің балансына алып, жөндеу жұмыстарын қолға алғанбыз. Мердігер мекеме 1 миллиард 880 миллион теңгеге жобаны ұтып алғанымен, құрылыс кезінде қателік жасады. Мәселен, арықтағы судың өткізу қабілеті секундына 3 текше метр болуы керек болса, былтыр жазда каналға 1,8 текше метрден артық су сыймады. Мердігер компания арнаның су өтетін жері бұрын 4 метр болғанын ескермей, жоба кезінде 2 метрге қысып қойған. Содан шаруаларға су жеткізу қиынға соқты. Десе де, былтыр суарылуы тиіс 1 400 гектардан астам алқап су ішті. Оларға сұраған суын жеткіздік. Енді кеткен қателіктерді қайта жөндетіп, қожалықтардың тілегін орындамақ­пыз, - дейді «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазбек Бедебаев. Жауаптылар осындай жауап айт­қанымен, олар қайта жөндеу жұмыстарына қанша қаржы қажет екенін көрсете алмады. Ал «биыл бәлкім егін көлемін қысқарту керек шығар» деген мамандардың сөзі шаруалардың шамына тиді. «Онсыз­да былтыр шығынға белшемізден батқанда, биыл өнім көлемін қысқарт деген не масқара?» деген диқандар жауаптылардың сөзін «жығылғанға жұдырық» деп бағалады. Негізі, Райыс каналының суына тәуелді 170-тен аса қожалық иелері­нің жанайқайы орынсыз дей алмай­сың. Өйткені дәл осы мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында қаралып, жауаптылардың жұмысы қатаң сынға алынған еді. – Судың тапшылығы мен тым құрғақ климат бізді суға кететін шығынды азайтудың және егін өнім­ділігін арттырудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етуде. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және реконструкциялау бойынша түрлі жобалар Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық компанияларды тарта отырып, жүзеге асырылуда. Алайда мердігерлер өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. ЕҚДБ бөлген қаржы көптеген жобада 50 пайызға да игерілмеді. Көптеген учаскеде мердігерлер жоспарлы жұмысты кешіктіріп жатыр. Біз олардың уәделерін бірнеше рет естідік, бірақ айтарлықтай нәтиже болмай келеді. Енді бірер айдан кейін вегетациялық кезең бас­талады. Сол кезде мердігерлер келі­сім­шарт мерзімін ұзартуды сұрайды. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әрбір мердігерге міндеттемелерін шегелеп тұрып еске салды. Сондай-ақ аймақ басшысы былтыр мердігерлердің салғырттығынан айналма каналдар салуға тура келге­нін айтады. Ал бұл – уақыт пен қаржыны босқа кетіру. Бұдан бөлек, Бердібек Машбек­ұлы Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қолға алынған құрылыстарды арнайы бақылайтын жұмысшы тобы құрылатынын, ал келісімшарт талаптарын өрескел бұзған мердігерлердің мәселесі заң шеңберінде қаралатынын ескертті. Әрине, талапты тапсырмалардың болғаны дұрыс. Бірақ сансыз ескертулер мен заң шеңберіндегі қорқытулардан әзірге нәтиже болмай тұрғанын облыс әкімінің өзі мойындап отыр. Енді мұндайда не істемек керек? Естеріңізде болса, бір жылдары Жуалы ауданындағы Көксай каналының арнасын айырқалпақты ағайындар бөгеп, шаруаларды шырыл қақтырған болатын. Кейіннен бұл мәселеге Үкімет үйіндегілер араласып, республикалық бюджеттен миллиардтаған қаржы қарап, каналдың арнасын кеңейтіп берген еді. Бәлкім, үш жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай келе жатқан Райыс каналының мәселесіне де министрліктегілер араласып, бір шешімін тауып берер. Әйтпесе, ағын судан таршылық көрген шаруалардың жанайқайын тыңдап, түйінін тарқатар облыста әзірге адам болмай тұр.

Жамбыл облысы