Қараусыз мал ұрлықты өршітті

Қараусыз мал ұрлықты өршітті

Ақмола облысы аумағында иесіз жүретін ірі қара малы көбейді. Бұл жағдай өңірде мал ұрлығы мен жазатайым жол апаттарының санын көбейткен. Сонымен қатар тиісті құжатсыз ет пен мал өнімдерін базар мен сауда орындарына заңсыз саудалаушылардың саны артқан. Шалғайдағы ауылдардан мал етін арзанға бағалаған алыпсатарларға «әй дер әже, қой дер қожа» болмай тұр. Ауылдағы қарапайым тұрғын­дарды қан қақсатқан күрделі мәселе әлі шешімін табар емес. Тұрғындардың да айтар өз уәжі бар. Жайылым жерлердің жетіс­пеушілігі, жаздағы қуаң­шылық пен жемшөп­тің шамадан тыс қымбаттығы қысқы уақытта малдың жол жиегін шиырлауына себеп болатынын айтады. Полицияның дерегіне сенсек, облыс ау­ма­ғын­да тек былтырдың өзінде трассада кездескен ірі қара малды қағып кеткен 93 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, 12 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Сондай-ақ теміржолға шығып кеткен ірі қара малдың кесірінен 34 пойыз шұғыл тоқтауға мәжбүр болған. Ал 10 оқиғада тоқтап үлгермеген пойыздар малды таптап өткені анықталды. Полицияның мәліметін­ше, бұл өз кезегінде ауылдағы малды арзанға сатып алып, қалаға қымбатқа өткізетіндердің санын еселей түскен.

Қараусыз малдың қарасы көп

«Өкінішке қарай, облыс аумағында малды қараусыз әрі бағусыз қалдыратындар азаймай тұр. Малдың бағылмай, босып өз бетімен жүруі мал ұрлығына да, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының да еселене түсуіне ықпал етті. Бір жағынан бұл тиісті құжатсыз малды қалаға әкеліп, пайдаға құныққан алыпсатарлардың санын көбейтті. Мәселен, 28-29 қаңтар күні 700-ге жуық иесіз мал арнайы орынға қамалды. Жергілікті атқарушы органдар және ветеринария қызметкерлері­мен бірлескен шара барысында Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінің 408-бабымен 135 хаттама толтырылды. Бұған қоса, тәртіп сақшылары мал мен ет өнімін сатуға әкеле жатқан 45 көлікті тексерді. Оның 12-сі етті тиіс­ті құжатсыз сатуға әкеле жатқаны анық­тал­ды. Сондай-ақ етті сату және өн­дірумен айналысатын 63 орынға тексеріс жүр­гізілді. Былтыр құқықбұзушыларды тексеру кезінде ветеринария заңдарының өрескел бұзылғаны Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес, 418 хаттама толтырылды. Ал малды иесіз қалдырғандар бойынша өткен жылы 4 286 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,– дейді Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Ауыл жұрты малын арзанға сатуға мәжбүр...

Мемлекеттік органдардың қағазбасты­лығы­нан ауыл тұрғындары қорасындағы адал ақы малын базарға пұлдап сата алмай отыр­ғанын айтады. Бұл жағдай делдалдық еткен пысықай­лардың оң жамбасына келген. Екі жақтың да тілін тапқандар жең ұшынан жал­ғас­қан «бармақ басты, көз қыстымен» ауыл малын арзанға сатып, пайдаға белшесінен батып отыр. Ауыл жұрты бұл жағдай қара­пайым мал шаруашылы­ғымен айналысатын адамдар мен шаруа қожалықтарына зиянын тигізетінін айтады. «Малымен күн көрген қарапайым ауыл халқы дәл қазір жұтап отыр. Жайылым жер тапшы. Былтырғы қуаңшылықтан кейін жемшөптің құны аспандап кеткен. Астықтың құны алтынмен таласып тұр. Сондықтан қыстың көзі қырауда болса да жемшөп болмаған соң қорадағы бес-алты қарасын дала­ға айдап шығады. Далада да шөп жоқ. Мал қар баспаған жолдың жиегіндегі шөпті жемегенде қайтеді? Ыңыршағы айналған мал көтерем болып, арам қатпасы үшін ауыл жұрты малын тиын-тебенге өткізіп жатыр. Басқа амал жоқ. Ал ет пен малды қаладағы ет базарларына тасымалдау үшін мемлекеттік органдардың бітпейтін қағазбасты құжат­тарын тапсыру керек. Қарапайым ауыл адамы еттің бағасын көтеруге мәжбүр болады. Өйткені ауылдағы аңғал жұрт алыпсатарларға етін ең көбі 1 650-1 700 теңгеден саудалайды. Ал алыпсатарлардан қымбатқа алған базар­дағылар оны 2 500 теңгеге дейін еркін сатады», – дейді ауыл тұрғыны Мират Ғалымов.

Тиісті сала басшыларының айтары жоқ...

Аталған мәселені облыстық Бәсекелестік­ті қорғау департаментінен білуді жөн көрдік. Департамент басшысы ет өткізетін ұсақ шаруалармен айналыспайтынын алға тартты. «Біз мәселеге тек бәсекелестік тұрғыдан қарай­мыз. Ет бағасының және басқа да азық-түлік, жанар-жағармай құнын реттеуде ықпа­лымыз болғанымен, біз ірі шаруашылық­тармен ғана жұмыс істейміз. Сондықтан ауылдағы қарапайым шаруалардың малы бойынша ештеңе істей алмаймыз», – дейді Ақмола облыстық департаментінің басшысы Олжас Мұратұлы. Сауалдарымызға жауап іздеп облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылығына, Ауыл шаруашылығы басқарма­сына хабарласқанымызбен, еш жауап ала алмадық.

P.S.

Сонымен, қай жағынан қарасақ та қарапайым ауыл жұртының жағдайы мәз емес. Мал бағайын десе жемшөп қымбат, бақпай бос жіберсе айыппұлдан көз ашпайды. Сатайын десе төккен тері ақталмай арзанға кетеді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бақылаудың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Сондай-ақ заңдық тұрғыдан да қарастыратын жайттар аз емес.

Ақмола облысы