Мал ұрлығы тыйылмай тұр
Мал ұрлығы тыйылмай тұр
386
оқылды

Қазақстанда жыл басынан бері 2 мыңнан астам мал ұрлаушы ұсталған. Солардың кесірінен ауылдағы ағайын ондаған миллион теңге шығынға батып отыр. Олар полицияның өздерін қорғайтынына, жоғалтқан малда­рын тауып беретініне сенбейді. Сондықтан бақташы­лар қолымызға қару алып, өз мал-мүлкімізді өзіміз қорғаудан басқа амал қалған жоқ деп ашынады.

Халықтың полиция жұмысына көңілі толмайды

Ішкі істер министрлігінің де­регіне сүйенсек, соңғы бес жыл­да мал ұрлығы екі есеге азайған. Ол бойынша 2017 жылы – 1 323 факт, 2018 жылы – 1 338 факт, 2019 жылы – 1 058 факт, 2020 жылы – 724 факт, ал 2021 жылдың 6 айында 265 факт тіркелген. Дегенмен статистика өз алдына, ал ұрланған малды іздестіру ісіне халықтың көңілі әлі толмай отыр. Малдың ұрланған сәтінен бастап, оны тасымалдау, сою және базарда етін сату процестерін анықтауда жү­йелілік, жеделділік жоқ деп нара­зы. Оның үстіне, малы қолды бол­ған адам полицияға арызданып барса, оның өзін малды сенікі екенін дәлелде деп естерін шыға­ратын көрінеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұ­рын жалпы сомасы 200 мың дол­ларға бағаланған 171 бас жыл­қысын ұрлатқан алматылық кәсіп­кер Рақат Жұматаев әлі күнге әділ­дікке жете алмай жүр. Арыз­дана барған мал иесі туралы да, оған тиесілі мал басы жөнінде де ақпараттың бәрі мемлекеттік ба­зада тұрғанына қарамастан, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері оны тергеуге алған: «мұнша малды қай­дан алдың, құжаттары қайда?» деп екі күн уақытты зая кетірген. Ал бұл уақыт ішінде барымташылар табанын жалтыратып үлгерген. Құқық қорғау органдарының жайбасарлығына көңілі қалған кәсіпкер малын ұрлаған қылмыс­тық топты өз күшімен анықтаған. Фермердің куәлігі бойынша, по­лицейлер тергеу жүргізіп, күдік­тілердің қылмысы толық дәлел­денген және олардың өздері де жасаған қылмысын мойындаған. Бұл топтың құрамына малға жал­ған құжаттарды рәсімдеген вете­ринар да кірген. Алайда айып­талушылар адвокатпен ақылдаса келе, фермерге келтірген шығынды сот үкімінен кейін өтейміз деген уәж айтқан. Әйтсе де, ұрылардың қылмысы дәлелденсе де әлі күнге жазаға тартылмаған, жапа шегу­шінің шығындары өтелмеген. Алматы облыстық Полиция департаменті Криминалдық по­лиция басқармасының бастығы Асхат Даниярдың айтуынша, бұл іс бойынша басты күдікті ұсталып, кейін ол қолхат бойынша үйіне жіберілген, содан бой тасалап, жасырын қашып кеткен. Іс осыған байланысты тоқтатылған, қыл­мыскер табылса, ол қайтадан жан­дандырылмақшы. Дегенмен тергеу кезінде ұрлық малдың ақшасына сатып алынған үш көлік қылмыс­кердің сыбайластарының атына жазылғаны белгілі болды. Сөйте тұра, аталған істің тергеуінде сы­байластардың күдікті емес, куәгер ретінде неге тіркелгені түсініксіз. Кәсіпкер ол бойынша Президентке де, Ішкі істер министрлігіне хат жазған, бірақ одан әзірге еш нәтиже болмай тұр.

«Чип» таққанмен, қылмыс азаймайды

Ішкі істер министрлігі Кри­миналдық полиция департамен­тінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, мал ұрлау оқиға­ла­рының 60 пайыздан астамы жайы­лымда жасалады. Осыған байла­нысты министрліктің бастамасы­мен жергілікті атқарушы және уә­кілетті органдарға малды жаю ережелерін әзірлеу және бекіту құзыреті берілген. Ережеге сәйкес, енді малды жайылымда қараусыз қалдыруға тыйым салынды. Мал жаю ережесін бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл үшін 3 АЕК-тен (8 334 теңге) 10 АЕК-ке дейін (27 780 теңге) айыппұл көзделген. Сонымен қатар ұрлықтың алдын алуға және ашуға бағытталған, 2021-2023 жыл­дарға арналған мүлікті қор­ғаудың ведомстволық бағдарла­масы бекітілді. Shopan ata қойшылар қауым­дастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, ере­женің жағымсыз жағы да бар. Құзырлы органдар ережені желеу етіп, аграрларға ретті-ретсіз әкім­шілік айыптарды көп салатын көрінеді. Бұл мәселе де өз алдына жеке талдауды қажет ететін бір тақырыпқа жүк болғалы тұр. Айта кету керек, қолды болған малды іздеу жұмыстары аса көп ресурстарды қажет етеді. Мысалы, Алматы облысының Қаратал ауда­нында тауға жайылып кеткен 40 жылқыны іздеуге аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы тү­гел­дей жұмылдырылған. Олар жо­ғалған малды іздеуге 17 күн жұмсап, тікұшақ жалдауға мәжбүр болған. Ал тікұшақты 3 сағатқа жалдау құны 2 млн теңгеден асқан. Мұндай мәселені шешудің бір жақсы ше­шімін Солтүстік Қазақ­стан облысы тапқан. Онда Поли­ция депар­таментінің бастамасымен малды жайылымға қараусыз жі­бер­меу үшін «малшы – мал иесі – әкімдік» деген принцип бойын­ша үшжақты шартқа отырады. Бұл үш тараптың да жауапкершілігін арттырады. Кейінгі жылдары мал иелері ұрлықтың алдын алу үшін GPS трекерлерді пайдалана бастаған. Алайда олар арзан емес: егер ұялы байланыс болса отардың қайда жүргенін көрсетіп беретін әр құ­рылғы – 25 мың теңге, ал ұялы бай­ланыссыз жұмыс істей беретін датчик 75 мың теңге тұрады. Ал оны әр қойдың мойнына іле беруге кімнің шамасы жетсін? Сондықтан мұндай «чиптер» ұсақ малды ба­қылауға жарамайды.

«Мал ұрлығы» атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қыл­мыс үшін жүктелетін айыппұл мөл­шері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 12 жылға дейін жет­кізілді, қылмыскердің мүлкі мін­дет­ті түрде тәркілеп алынатын бол­­ды.

Дегенмен үйірлі жылқыдағы айғырдың мойнына трекер орна­тып қойған жақсы. Өйткені кең даланы кезіп кеткен үйірді сол арқылы табуға болады. Жылқы қайда жайылып жүрсе де үйірдегі малды айғыр шашау шығармай ұстайды. Тіпті, өз басына қауіп төніп тұрса да түздің төрт аяқты тағысына мал бермейді. Бірақ қару-жарақпен сайланып келген екі аяқты ұрының жөні басқа, олар үйірдегі жылқыны бөліп әкетуі мүмкін. Сондықтан мұндай «чип­ті» әр биеге жекелей тағу керек бо­лады. Ал үйірде 10-15 жылқы бол­са, оның әрқайсысына «чип» орнату мал иесінің қалтасын қа­ғатыны анық. Егер мал басы 100 және одан көп болса, әрқайсысына құны 70-80 мың теңге тұратын мұндай құрылғы орнату үшін қы­руар қаржы қажет болады. Сон­дық­тан бұл да тығырықтан шығар жол емес. Қазақстанда бүгінге дейін 33,5 млн бас мал сәйкестендірілген (бир­калау, электронды чиптер, GPS бақылау және т.б.). Алайда 2020 жылы табылған 4 600 бас малдың үштен бір бөлігінде (1 560 бас) ешбір есепке алу белгісі болмаған. Расы сол, қазақ даладағы ма­лына тек ен салушы еді, қазір мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты бар. Құжатсыз қарыс жер аттай алмайсыз. Ал ұрылар өрістен мал әкеткенде оны құжатымен бірге алдырмайды ғой. Сөйте тұра, қыл­мыскерлердің ұрлық малды оп-оңай өткізетіні ойландырады. Ұр­лық малды жолда алып жүргенде, ба­зарда саудалағанда оның мөр ба­сылған құжаты болуы керек қой... Былтыр Қарағанды облысы Қаражал кенті, Жаңаарқа, Нұра аудандарының бір топ жылқысын ұрлады деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды. Олар малды тірідей де, сойып та сатқан. Ұрланған мал­ға ветеринарлық дәрігер олардың Жезқазған қаласындағы мал сою бекетінде сойылды деген жалған құжат жасаған. Тергеу ба­рысында кәнігі барымташылардың осындай жолмен 200-дей жылқы­ны сатқаны анықталды. Сондай-ақ ірі қалалардағы ет базарларында да «бармақ басты, көз қысты» әдісімен жалған құ­жаттар жасатып алуға болады. Тіпті, кейбір базарлар ешқан­дай құжатты да қажет етпейді. Бұл іске қатысты тергеу жұмысы әлі жалғасуда.

Мал ұрлығы ауыр қылмыс түрі болып есептеледі

Барымта қазақ халқында бұ­рыннан бар. Тек бұрынғының те­лі-тентегінің жазасы ауыр болатын. Бұл дәстүр Кеңес Одағы кезінде де өзгерген жоқ. Қазақ Коммунистік партиясы атқару комитетінің 1921 жылы қабылдаған «Мал ұрлығы­мен күрес туралы» декретте мал ұрлығы халық шаруашылығының басты қатері екені айтыла келіп, ол үшін ең ауыр жаза – ату жазасы тағайындалған. Тәуелсіз Қазақ­станда былтырға дейін мал ұрлығы «орташа қылмыс» санатына жат­қызылып келді, тек былтырдан бастап оның жазасы қатаңдатылды. Енді мал ұрлығы үшін 7 млн теңге айып төлеуден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мынау көрші Өзбекстанда да қайталап мал ұрлау сол елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес, 169-баппен ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. ІІМ мәліметінше, мал ұрлығы елдегі жасалатын ұрлықтардың 3,5 пайызын құрайды. Соңғы 5 жылда 91 мың бас мал қолды болған, оның 42,5 мыңы (46,6%) табылып, иелеріне қайтарылыпты. Осы уақыт ішінде мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер жазаға тартылған. Олардың 1,5 мыңы қылмысқа топтасқан түрде барған. Бүгінде полицияның жедел есебінде 3387 мал ұрлаушы тұр. 2019 жылдың 27 қазанында ел Президенті мал ұрлығына қатысты жауапкершілікті күшейту қа­жеттігіне тағы бір рет назар ау­дар­ды. Осыған байланысты Қыл­мыс­тық кодекстің 188-бабындағы «Ұрлық» бабы енді 188-1 деген бабымен бөлектенді. «Мал ұрлығы» атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қыл­мыс үшін жүктелетін айыппұл мөл­шері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 12 жылға дейін жет­кізілді, қылмыскердің мүлкі мін­дет­ті түрде тәркілеп алынатын бол­­ды», – дейді Ішкі істер ми­нистр­лігі Криминалдық полиция депар­та­ментінің бастығы Думан Таев. Әйтпесе, мал ұрлаушыларды қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құ­рылымы жұмсалып, қылмыс енді ашылды дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алып немесе келтірілген шығын жөнінде ал­дыңғы жауабын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығаратын жайт жиі кездеседі. Өйткені, әдетте ұры алыстан келмейді, өз ауы­лының балалары. «Біреудің өзі жақ­сы, біреудің көзі жақсы» деген­дей, ауыл болған соң адамдар бір-бірімен тығыз араласады. Сон­дықтан айыпталушы жақ көп жағдайда араға ағайын салып жапа шегушінің арызын алдыртып тастайды, кешірімге келеді. Не болмаса қылмыскердің туыстары өшігіп алады, өзімізге қастандық жасар деген үрейден қаймығады. Енді жаңа заңнамада мал ұрлығы қылмыстың ауыр түріне жатқы­зыл­ды және ол бойынша екі та­раптын татуласуына тыйым салынды.

Дәулет АСАУ