Қаңтар оқиғасы: 1 300-ден астам медициналық, баллистикалық және басқа сараптама тағайындалды
Қаңтар оқиғасы: 1 300-ден астам медициналық, баллистикалық және басқа сараптама тағайындалды
Фото: REUTERS
207
оқылды
Қаңтар оқиғасына байланысты 1 300-ден астам медициналық, баллистикалық және басқа сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы да ескертемін, прокурорлар арыз-шағымдар, сонымен қатар интернет арқылы тараған ақпараттарды тексеруде. Құқық қорғау органдары қаңтардағы оқиғалардың бүкіл мән-жайын анықтау үшін көп уақытты талап ететін үлкен жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнде 1 300-ден астам медициналық, баллистикалық және басқа сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Олардың көбі - күрделі сараптамалар, 2-3 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл – ең алдымен, оқиға кезінде қаза болған азаматтарға қатысты мән-жайды анықтау, мұқият тексеру үшін қажет», – деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның айтуынша, тергеушілер 1500-ға жуық оқиға болған орынды қарап шыққан.
«10 мыңнан астам тергеу амалы жүргізілді. 1 279 тұлға жәбірленуші болып танылды. Атқарылатын жұмыс ауқымы өте көп. Сол үшін тергеу нәтижесін күтіп, сабыр сақтау қажет. Тергеу амалдарының, сараптама нәтижесінің негізінде ғана әр күдіктінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Ал түпкілікті, яғни кінәнің бар-жоғы, жазаның көлемі туралы шешімді тек сот қабылдайды. Сондықтан қазақстандықтарды жүргізіліп жатқан жұмысқа түсіністікпен қарап, тек ресми мәліметтерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырамын», – деді Елдос Қилымжанов.