Дэвис кубогы іріктеу сайысында 4-5 наурыз күндері Норвегиямен өтетін матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы жарияланды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік құрам мына ойыншыларға тоқтады. Жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик, рейтингте сәйкесінше 166 және 180-орында тұрған Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко ел намысын қорғайды. Жұптық сында әлемнің 35 және 67-ракеткасы Андрей Голубев пен Александр Недовесов кортқа шығады.
Ойындар Ослодағы Oslo Tennis Arena хард корттарында болады. Матч жеңімпазы Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.
– Норвегия құрамасы негізінен әлемнің 8-ракеткасы Каспер Рууд пен дүниежүзілік рейтингте 332-орында тұрған Виктор Дурасовичқа сенім артады. 24 жастағы Дурасович команда құрамында көптен ойнап келеді, жекелей және жұптық сында жақсы өнер көрсете алады. Дегенмен біздің жігіттер тұрақты ойын өрнегін танытып, көздеген мақсатына жете алады деп ойлаймын, – деді Қазақстан құрамасының капитаны Ю.Щукин.