Әлемнің көптеген елінде коронавирус кеселін жұқтырғандар саны артқанына қарамастан, бизнеске қойылатын шектеулер біртіндеп алынып жатыр. Ал Қазақстанда отандық кәсіпкерлер әзірге ондай жеңілдіктерді көріп отырған жоқ. Бізде вируспен күресуді күшейту үшін ең алдымен бизнес нысандарының жұмысын шектеуге ауыз салады. Салдарынан қаншама кәсіпкер шығынға батып, қанша кәсіпорын тұралап қалды. «Атамекен» ҰКП COVID-19 қарсы күрес бойынша ведомствоаралық комиссия отырыстарында бизнестің жұмыс істеуіне мұрша беру керек деген мәселені үзбей көтеріп келеді. 2019 жылдан бері Үкіметтің індетке байланысты бекіткен карантин шектеулері бірте-бірте босаңсығанымен, ол кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін әлі де жеткіліксіз. Пандемияның алғашқы кездерінде мемлекеттік органдардың дүрлігуі түсінікті: беймәлім дерттен қалай айығудың жолын білмеді, өлім-жітім көп болды, ауруханалар жетіспеді және денсаулық сақтау саласының бұған дейін бүркемеленіп жатқан басқа да көп кем-кетіктері әшкере болды. Әйтсе де, әлемде індетпен жалғыз біз ғана күресіп жатқанымыз жоқ, жан-жағымыздағы жұрттардың жағдайы – осы. Әрі «тәжтажалға» қарсы тұрудың жалғыз жолы –кәсіпкерлік нысандарды жабумен және оның жұмысын шектеумен шектелмесе керек. Сонымен қатар мемлекет қабылдап жатқан карантин шараларының шамадан тыс қатаңдығы кәсіпкерлік субъектілерді еріксіз жасырын қызмет көрсетуге итермелейтінін де ұмытпаған абзал.
Бизнестен береке қашты
Бизнес табыс тауып, қазынаға тиісінше салық төлеп, жұмысшыларын сақтап қалуы үшін бұрынғы форматқа қайтадан көшуі керек. Қазір бүкіл әлем мемлекеттері бизнесті сақтап қалудың қамына кіріскен. Бұл Қазақстан үшін маңызды. Өйткені бүгінде шектеу салынған салаларда еңбекке жарамды халықтың үштен бірі, яғни 3,5 млн адам нәпақасын тауып отыр. Бүгінде олардың елеулі бөлігінің табысы шектелген, ал енді бір бөлігі мүлдем жұмыссыз қалған. Пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері басқа салаларға қарағанда көп шығынға батқан. «Пандемия кезінде қоғамдық тамақтану саласы қатты зардап шекті. 2019 жылға дейін ҚР аумағында қоғамдық тамақтану саласында шамамен 90 мың объект жұмыс істеді. Карантин кезінде 35 мың нысан жабылып немесе жабылу алдында тұр. Біз келешекте көп нәрсені ескеруіміз керек, белгісіздік жағдайында жұмыс істеуді үйренуіміз керек және біз нарық қатысушыларына пандемия сабақтарын ескеруге көмектесуіміз керек», – деді Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова. Анығын айтқанда, мейрамхана залдарының 50 пайыз толтырылыммен және бір мезетте тек 50 адамды ғана қабылдау шектеуімен, кинотеатрлардың 30 пайыз толтырылыммен жұмыс істеуі кәсіпкерлікті түбегейлі тұншықтырып барады. Соның салдарынан осы екі жыл ішінде көптеген караоке мен түнгі клуб, асхана мен дәмхана, басқа да бизнес нысаны жабылып тынды. Халықаралық жолаушылар тасымалдау автокәсіпорындары банкротқа ұшырады. Карантин шектеу шаралары, әлбетте батыста да, шығыста да, Америка құрлығында да жарияланды, бірақ қазір өркениетті жұрттар індетке байланысты жағдайды айқын саралауға ауысқан, бұрынғы аптығын басқан, бос үрейден арылған. Халқының қауіпсіздігі үшін қабылданатын шаралардың бизнеске кесірін тигізуі ықтимал оң және теріс жақтарын шынайы бағалай білді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін халықаралық тәжірибеге сүйенейік. Ұлыбритания бетперде тағудан бас тартты, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық жолаушылар тасымалын шектеудің қажеті жоқтығын айтып, мәлімдеме жасады. ДДСҰ шешімін басқасы басқа, дәл іргемізде отырған жақын көршілеріміз – Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы да қолдап шықты, ал Қазақстан болса әлі сол бұрынғы бұйығы қалпында, шетелдік туристер үшін әлі жабық жатыр. Індетке шалдыққандар мен өлгендер саны жөнінен республикадағы жағдай Еуропаға қарағанда анағұрлым тәуір десек те, шектеу шараларының қатаңдық индексі жөнінен біздің еліміз әлем бойынша көштің алдына шығып алған –7-орында. Осының кесірінен бизнес субъектілерінің – 61 пайызы, қоғамдық тамақтану орындарының – 78 пайызы, туризмнің 79 пайыз субъектісі жабылудың алдында тұр! Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, тығырықтан шығу үшін кәсіпкерлікке қойылған шектеулердің көпшілігін алып тастау керек. Есесіне, науқасты үйде емдеу, телемедицинаны дамыту, ақыр соңы госпитальдардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Әрі-беріден соң денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі төтенше жағдайға даяр болмауының кесірінен бизнес жапа шекпеуге тиіс. Бұл жағдайда бизнестің дамуы, халық табысының төмендемеуі және ұлт саулығын сақтау мәселелерінің бәріне барынша назар аударылып, карантин шараларының шынайы тепе-теңдігін ұстап тұрудың маңызы зор. Әйтпесе, түрлі шектеулер қою арқылы ел ішіндегі эпидемиологиялық жағдайды жақсартамын деу құр бекер.Кәсіпкерлер карантин шараларын сынға алды
Өткенде Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында бір топ кәсіпкерлер шектен шыққан карантин шектеуін алып тастау туралы арыздарын айтып, талап қойды. Палата директоры Қайрат Мамырбаев екі жыл бұрынғы эпидемиологиялық ахуал мен қазіргі жағдайды мүлде салыстыруға келмейтінін, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінетінін, белгілі бір деңгейдегі шектеулермен қызмет көрсетуге дайын екенін және ең бастысы оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажеттігін жеткізді. – Біз екі жыл бойы шектеулерден көз ашпай келеміз, одан бәріміз зардап шегіп жатырмыз. Қазір көпшілік кәсіпкерлердің, жалпы қалың жұртшылықтың арасында егер вирус ешқайда жоғалып кетпейтін болса, карантин жағдайында жұмыс істеп, өмір сүріп үйренуіміз керек деген пікір қалыптасты, соған бейімделіп те жатыр. Санитарлық дәрігерлер қабылдаған қаулы-қарарлар да осы жағдайды ескеруге тиіс. Ал қазіргі шектеулер бизнеске, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікке аяусыз соққы болып тиюде. Өйткені шағын бизнестің қызмет көрсету саласы нақ осы санатқа шоғырланған. Салдарынан бүгінде бизнес табыс табуды емес, ең алдымен кадрларды сақтап тұрудың, жұмыстың жабылып қалмауының қамына алаңдайды,– дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры. Осыдан екі ай бұрын, 2021 жылдың қараша айында өңірлік санитарлық дәрігер мейрамхана, дәмхана, сондай-ақ басқа да қоғамдық тамақтану нысандары үшін Ashyq алгоритмінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Яғни, кәсіпкерлік нысандарға келушілер санын шектеп, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзбай қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Бұл шартты кәсіпорындар үлкен түсіністікпен қабылдады, осы мақсатта қыруар жұмыс атқарылды, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері 100 пайыз вакцина салдырды. Бірақ өңірдің бас санитар дәрігері 17 қаңтардағы қаулысымен тағы жаңадан шектеу енгізген. Онда банкет залдарының, караоке мен түнгі клубтардың жұмысына қайтадан шектеу қойылатыны айтылған. «Дети» сауда үйінің басшысы Елена Чембарысованың айтуынша, карантин шектеулерінің кесірінен соңғы үш айда бизнес ошағындағы төрт бөлім жабылып қалған. «Сіздер сауда үйлеріне демалыс және мереке күндері «көк» статусы бар адамдардың кіруіне шектеу қойып, жұмысымызды тежеп тастадыңыздар. Ал үлкен сауда үйлеріне қарағанда аумағы шағын жай азық-түлік дүкендерінде адам сығылысып жүреді, ал қоғамдық көліктерде тіпті ине шаншар орын болмайды. Бірақ оларға тыйым жоқ, мұны неге көрмейсіздер? Сауда үйлері демалыс күндері неге жұмыс істемеуі керек? Біздің негізгі тұтынушыларымыз демалыс күндері келеді. Кейбір сауда үйлерінің бутиктерінде қожайындары сатушыларын қысқартып, олардың орнына өздері келіп жатыр. Қанша адам жұмыссыз қалды. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Жабыла-жабыла шаршадық, бізге жұмыс істеуге мұрша беріңіздерші!» деген кәсіпкер «көк» статусы бар азаматтардың құқығы шектеліп отырғанын ашына айтты.Кейбір шектеулердің шеті сетінеді
Дегенмен кәсіпкерлердің жанайқайы Үкіметтің құлағына жеткен сыңайлы. Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 24 қаңтар күнгі отырысында барлық өңірде кәсіпкерлердің бірқатар тобына қатысты карантин шектеулерін алып тастау туралы шешім шығарылды. Одан бөлек, «көк» статусы бар келушілерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де жеңілдік жасалған. Олар бұдан былай эпидахуал бойынша «жасыл аймақта» шектеусіз жұмыс істей алатын болды. «Сары», «қызыл аймақтарда» келушілердің нормалық саны артып, жұмыс кестесінің шектеуі жойылды. Енді Ashyq жобасының қатысушылары «көк» статус болған жағдайда шектеусіз жұмыс істей береді. «Мейрамхана, дәмхана түріндегі қоғамдық тамақтану нысандары, боулинг орталықтары, бильярд, театрлар, филармониялар, концерт залдары, цирктер, сондай-ақ компьютер клубтары «сары аймақта» 70 пайызға дейін толымдылықта, «қызыл аймақта» 60 пайызға дейін толымдылықта жұмыс істей бастайды. Банкет залдары үшін адам саны 100-ден аспауы қажет. Түнгі клубтар үшін жалпы жобалық сыйымдылықтың 70 пайызын, караоке, барлар үшін 50 пайызын құрайды. Осылайша, кәсіпкерлер өз қызметін жалғастырып, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік алады»,– деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. Сондай-ақ лотерея клубтары және лотереяны өткізу нүктелері, букмекер кеңселері «сары» және «қызыл аймақтарда» бір келушіге кемінде 4 шаршы метр алаңды қамтамасыз етуге тиіс. Балалар ойын-сауық орталықтары «сары аймақта» бір адамға кемінде 10 шаршы метр және «қызыл аймақта» 60 пайызға дейінгі толымдылықпен, бір адамға кемінде 10 шаршы метр алаңмен қамтамасыз етілген кезде жұмыс істей беретін болды. Океанариумдар «қызыл аймақта» толымдылық 60 пайыздан аспаған кезде жұмыс істеуге тиіс. «Атамекен» ҰКП бұдан бөлек, елде эпидахуалдың «жасыл» және «қызыл аймақ» мәртебесін енгізуді ұсынды.