Шектен шыққан шектеулер өскемендік кәсіпкерлер неге өкпелі?

шектеу
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов

Өткен аптада бір топ өскемендік кәсіпкер облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне наразылығын жеткізіп, өз талабын қойды. Олар өңірдің бас санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 17 қаңтардағы қаулысындағы шектеулерді алып тастауды сұрады.

Әр салада қызмет атқаратын кәсіп­керлер Шығыс Қазақстан облыстық кә­сіпкерлер палатасына жиналып, Са­ни­тариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алинге өздерін толған­дырған, шымбайына батқан түйткілді мәселелерді жіпке тізіп, жіліктеп берді.

3 айда 4 бөлім жабылды

Қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет көрсететін бірнеше кәсіпкерлік нысан иелерінің атынан сөз сөйлеген Мұхтар Тойбазаров қазір кәсіпкерлер қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын, бұған дейін де шектеулер көп болған­дықтан, қаншама қызметкер, қарапайым тұрғындар табыс көзінен айырылғанын айтты. «Екі ай бұрын ғана жұмысымыз қайта жандана бастап еді. 17 қаңтарда шыққан қаулыдағы «банкет залдары, караоке мен түнгі клуб жұмысына шектеу қойылады» деген сөз көңілімізді су сепкендей басты. 2021 жылдың қарашасында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып Ashyq жүйесімен жұмыс істеуге рұқсат берілді ғой. Біз бұған келісіп, талаптың бәрін орындап, қызметкер­леріміздің барлығына вакцина салдырт­тық. Қазір оларды табысынан айыру қиянат деп ойлаймын. Біздің артымызда қаншама адам, қаншама отбасы тұр. Ертең олар қалай күн көреді? Жалпы, қит етсе, дәмхана, мейрамхана, қызмет көрсету орындарының жұмысын шектей бергенді қою керек. Бір емес, үш жыл болды. Осы жағдайға бейімделетін кез болды ғой», – дейді кәсіпкер.

Сауда саласында, оның ішінде сауда үйлерін жалға алатын кәсіпкерлер атынан кездесуге келген Елена Чембарысова өзі жұмыс істейтін «Дети» сауда үйінде шектен шыққан шектеулердің кесірінен соңғы үш айда төрт бөлімнің жабылып қалғанына қынжылысын білдірді. «Сіздер сауда үйлеріне демалыс және мереке күндері «көк» статусы бар адам­дардың кіруіне шектеу қойып, жұмысы­мызды тежеп тастадыңыздар. Біздің негізгі тұтынушыларымыз демалыс күндері келеді. Қаладағы ең үлкен деген сауда үйлеріне келіп көріңіздерші. Бір рет болсын көп адамның жиналғанын байқадыңыздар ма? Жай азық-түлік дүкендері мен қоғамдық көліктерде адам толып жүр. Оны көрмейсіздер. Неге сауда үйлері демалыс күндері жұмыс істемеуі керек? Жабыла-жабыла шарша­дық, бізге жұмыс істеуге мұрша беріңіз­дер­ші. Кейбір сауда үйлерінің бутиктерінде қожайындары сатушыларды қысқартып, орнына өздері келіп жатыр. Қанша адам жұмыссыз қалды. «Мұның соңы жақсы­лыққа апармайды» деген кәсіпкер «көк» статусы бар азаматтардың құқығы шектеліп отырғанын, көптеген фитнес орталық­тағы жаттықтырушы­лардың табысынан айырылғанын, сон­дықтан аталған статусқа шектеу қоймау керектігін айтты.

300-ге жуық кәсіпкерлік нысан жұмысын тоқтатты

Өңірдегі кәсіпкерлік саласындағы жұмысшылар кәсіподағының төрайымы Галина Казанцева Шығыс Қазақстанда тек 2021 жылдың қыркүйек айында 300-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмысын тоқтатқанын, дер кезінде шара қабылдамаса, бұл сандар­дың күннен-күнге еселене беретінін алға тартты. «Осылай жалғаса беретін болса, шағын және орта кәсіпкерлік нысан­дары­ның бірі де қалмайды. Қазір шағын кәсіпорындарды жою процесі жүріп жатқан секілді. Мен кәсіпкерлердің талап-тілегін толық қолдаймын. Егер талаптарымыз ескерілмесе, тікелей ел Пре­­зидентіне шағымданамыз», – деді кә­сіподақ өкілі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Мамырбаев 2020 жылғы эпидемиологиялық ахуалмен қазіргі жағдайды мүлде салыстыруға келмейтінін, кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінетінін, белгілі бір деңгейдегі шектеулермен қызмет көрсетуге дайын екенін, ең бастысы оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет екенін жеткізді. Бизнес өкілдері бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы негізінде жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады.

ТҮЙІН:

Бет қатталып жатқанда, облыстық кә­сіпкерлер палатасы осы мәселеге қа­тысты жағымды жаңалықты хабарлады. Өскемендік кәсіпкерлердің жанайқайы қала, облыс басшылығына жетіп, Шығыс Қазақстанда бірқатар карантин шектеуі жеңілдетілді. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша дәмхана, мейрамхана, түнгі клуб, караоке бар, бильярд және банкет залдарының жұмыс уақытына қатысты шектеу алынып тасталды. «Банкет залдары үшін адам саны 100-ден аспауы қажет. Түнгі клубтар үшін жалпы жоба­лық сыйымдылықтың 70 пайызын, караоке барлар үшін 50 пайызын құрайды. Осылайша, кәсіпкерлер өз қызметін жалғас­тырып, жұмыс орындарын сақ­тауға мүм­кіндік алады» делінген Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің таратқан мәліметінде.

Шығыс Қазақстан облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.