Ол «Құнанбай қажыны» жазды.
Ол – «Адалбақан» мен «Байшөгелдің» авторы. Небәрі 21 жасында Шоқан тақырыбын қаузап, «Шоқан Уәлиханов» атты деректі фильмге жауапты редактор болды. Абай әдеби мектебі түлектерімен қоян-қолтық араласып, бірге жүрген, тәлім-тәрбиесін көрген азамат Бейбіт Сапаралымен сұхбатымыз осы тақырыптан басталды.
– Бейбіт аға, Абай туған ауданда, яғни Қарауылда дүниеге келдіңіз. «Құнанбай қажыны» жазуыңызға сол себепкер болған секілді. Қарауылда туған баланың естігені де Абай ілімі болар. Есте жоқ ескі замандар туралы не білдіңіз, нені жадыға түйдіңіз?
– Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келдік. Ибраһим Құнанбайұлы заманы алыстай бастағанымен, сол рухани ортаның куәгерлері, Абайдың әдеби мектебі түлектері шәкірттерімен қоян-қолтық бірге жүріп өстік. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында біз туып-өскен өлкенің әр тау-тасына, өзен-көліне, адыр-шоқысына дейін кереметтей сипатталады. Тобықты руының бар бұтақтары түп-тұқиянына дейін таратылып талданады. Тобықты табы қалай киінді, не ішті, не жеді, не деді, барлығы да көркем тілмен ғажайып суреттеледі. Соцреализм талаптарына сәйкес жазылған көріністер мен оқиғаларды алып тастар болсаңыз, құдды бір рудың не тайпаның энциклопедиялық мағлұматы дерсіз?! Бала күнімізде Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйінің директоры болып қызмет атқарған Ахат Шәкәрімұлы шежірешінің тізесіне отырып, ұзын-сонар әңгімесін тыңдайтынбыз. Мектеп қабырғасын аттаған соң М.Әуезовтің қара шаңырақ-Қарауылда отыр деп ел ішіне аманаттап қалдырған талантты жазушы Кәмен Оразалиннің ғибратты дәрістерін тыңдап, қазақ тілі мен әдебиетінің қат-қабат қазыналарына құныға сусындай беретінбіз. Ардагер-мұғалімнің «Абайдан соң» роман-трилогиясы мен «Абай ауылына саяхат» деректі зерттеулері кітабының қолжазба нұсқасын көшіріп беру кезіндегі әсер-сезімдеріміз тіпті бөлек?! Хафиз Матаев бастаған аудан басшыларының қай-қайсысы да қара сөзге өте шешен, Абай мұраларына аса ыждағатты болатын. Абайды көрген көп ақсақалдарды жақсы таныған әкеміз Төлеубай да Мұхтар Әуезовтің 1957 жылы 60 жылдығына орай Абай еліне келген сапарын жыр етіп айтып, тарихи кездесулерді фотоға түсірген жалғыз фото маманы екендігін де мақтанышпен айтатын. Әртүрлі басшы қызметтер атқарған әкемізді іздеп, бір күні бір малшы үйге келгені естен кетпейді. Әлгі адамның сөйлеу шешендігіне тәнті болғандығымыз соншалық, бірнеше сағат бойына айналшықтап кетпей қойдық. Яғни, Абай еліндегі барлық дерлік адамдардың бойында ерекше бір қасиеттер буырқанып шығып жататын. Алапат ашаршылықта аудандағы 36 мың халықтың небәрі 6,5 мыңы ғана қалса да, 37-нің зұлматы мен 2-ші Дүниежүзілік соғыс талай Абай ұрпақтарын жалмаса да, қырық жыл ойран салған Семей полигоны қыруар абайлықтардың өмірін қыршын қиса да, Шыңғыс хан мен Кеңгірбай би, Құнанбай мен Абай данышпан арасындағы ұрпақ сабақтастығын ешбір де үзе алмапты. «Адалбақан», «Байшөгел», «Құнанбай қажы», «Әнет баба» кітаптарымызда осы абайтану мәселесіндегі ақтаңдақ олқылықтарды толтырып, көмескі қалған тақырыптарды мейлінше ашуға тырыстық. Көңілде жүрген, жазар, айтар жайттарымыз әлі де жетерлік. Абай әлемінің діни қайнарларына тереңдеп үңілу де ертеңгі күнгі басты тақырыптарымыздың бірі дер едік.
– «Құнанбай қажы» мен «Байшөгеліңіз» бір төбе де, «Шоқан Уәлиханов» туралы деректі фильмге редакторлық еткеніңіз бір төбе. Журналистикадағы еңбек жолыңызды да Шоқан тақырыбынан бастаған екенсіз. Шоқан күрделі тұлға ғой. Сол заманда мұндай күрделі тақырыпқа жауапты болу қиындық тудырмады ма?
– Қазақ тарихының ақтаңдақтары көп. Шоқанның өмір жолы мен құпия тағдыры соның бір бөлігі ғана. Шоқан тұлғасының қыр-сырларын ашу арқылы басқа да аса үлкен тақырыптарға дендеп енгіміз келді. Шоқан – хан тұқымы. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына жағрафиялық зерттеулерімен қызмет еткен қайшылықты тұлға. Шоқанның жастай өлімі де құпия сырларға толы. Осы және басқа да ақтаңдақтарды өз бетімізше зерттеп, алғашқы мақалалар жазып жүргенімізде, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің төртінші курсында үш айлық тәжірибелік сынаққа «Қазақфильм» киностудиясына бөліндік. Небәрі 21 жаста қылшылдап тұрған кезіміз. Бай мекеме мені бірден кіші редактор қызметіне тағайындап, айлық жалақы белгілеп қойды. Деректі фильм бөлімі жетекшісі Ю.Резников өз қамқорлығына алып, тапсырма дегенді үйіп тастады. Қоғамдық жұмыстар көбейіп кетті. Киностудияның қызметкерлері газет-журналға жазылу науқанын да маған жүктеп қойды. Киножурналдарға сюжет түсіруге де сапарға шығып қоямын. Жеміс-жидекті консервілеу зауытына да бірнеше күнге көмек ретінде киностудия қызметкері деп мені жібереді. Осылайша, қарбаласып жүргенде бір күні киностудияға сол кездегі ҚазССР Сыртқы істер министрі М.Исиналиев келіп, 1985 жылы Ш.Уәлихановқа 150 жыл толатынын айтып, ЮНЕСКО шеңберінде іс-шаралар өткізу үшін Мәскеуден ғалымның бір томдық еңбегін шығаратынын айтып, Париж үшін бірнеше айда Шоқан туралы деректі фильм шығарып, оны алты тілге аударуымыз қажеттілігін жеткізді. Киностудия бас редакторы Мұрат Әуезов шұғыл жиналыс өткізіп, арнайы шығармашылық топ құрып, соның ішіне жас шоқантанушы деп мені де кіргізіп қойды. Қызық енді басталды. Деректі фильм директоры да, бас режиссер Г.Емельянов та, бас оператор Ю.Литвяков та, өзге мамандар да Шоқан туралы енді ғана естіген болып шықты. Бар ауыртпалықты өзіме алып, бір аптадай уақыт ішінде жұмыс сценарийін жазып шығып, қай жерде нені қалай түсіру керек, Көкшетау, Ақмола, Ленинград, Омбы, Семей, Алматы, Жаркент пен Сарыөзекте қандай көріністерді қамту керек екенін нұсқап, алдыңғы түсірушілер тобын алыс аймақтарға аттандырып та жібердік. Шоқан туралы Д.Қонаев, А.Қонаев, О.Сүлейменов, Ә.Әлімжановты сөйлетіп алсақ деген ой-жоспарларымыз жүзеге аспай қалды. Бірі шетте сапарда, енді бірі ауырып емделіп жатты. Осындай кезде бір жарым айдай тынымсыз мазалап отырып, көмекшісі арқылы атағы жер жарған қырғыз классигі Шыңғыс Айтматовты тауып, Фрунзе-Бішкек қаласына барып, сол кездегі Қырғыз ССР Кинематография комитетінің төрағасы Ш.Т.Айтматовты Шоқан тұлғасы жайында керемет пікір айтқызып түсіріп қайттық. Шыңғыс Айтматов қазаққа өте жақындап кетті, ол енді түсе қоймайды деген алыпқашпа өсектерге қарамай көпті таңғалдырып ерлік жасап қайттық десек те болады. Екі айға жуық уақыт ішінде түсірілім жасалған соң, тағы екі ай бойына таңнан кешке дейін монтаждау жұмысына қатынастық, мәтін түздік. Фильм толық аяқталар кезде Ю.Резников бастығым қайта-қайта сұрақ қоюмен болды. «Сіңірген еңбегің елеулі, енді бұл тарихи деректі фильмде кім болғанын, қалай деп жазылғанын қалайсың?» дейді. «Фильмнің редакторы болсам жетеді» деймін. Кіші редактор болған соң, әлі студент болғаннан кейін бұл құрметті қимай жүр ма екен деп те іштей уайымдап қоямын. Кейіннен білгенім, бұл деректі фильмнің сценарий авторлары деп М.Исиналиев, Г.Емельянов есімдері жазылып, ол кісілер 6 мың сомнан қаламақы алған екен. Шоқан туралы бірнеше сериялық көркем фильм түсірілгенде, қазақ теледидарына Асанәлі Әшімов ағамызды баласы Сағимен бірге шақырып, алғашқы таныстырылым хабарын жүргізген де біз едік. Шоқан туралы көптеген зерттеу мақалалар жаздық. Шоқанның өлтірілгенін дәлелдейміз деп жүріп, осы тарихи мәселені 1960 жылдары алғаш көтерген, Шоқан жайлы «Идущие к верщинам» деп аталатын роман жазған атақты орыс ақыны, зерттеушісі Сергей Марковтің Мәскеудегі үйіне дейін барып, марқұмның жұбайымен сөйлесіп, оның Шоқан жайлы жабық мұрағаттардан теріп алған құнды екі дәптерін де сұратқан едік. Осы орайда, 1980 жылы студент болсақ та, сол кездегі Компартия бірінші хатшысы Д.Қонаевтың көмекшісі, жазушы, «Что же сказать комиссарам?» кітабының авторы В.Владимировпен тіке жұмыс телефоны арқылы байланысып, бұрынғы Кооперативная шағын көшесін С.Марков атына ауыстыруға да тікелей себепші болып едік. «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаев ағамызбен С.Марков туралы жаңа кітап құрастырып шығаруға келісіп, көп мұраларын орысша машинкаға ақысын төлеп бастыртып та қойғанбыз. Алайда марқұмның жұбайы бізге керекті құнды қағаздарды тауып бере алмаған соң, Марков мұрасын насихаттай бермей шектеліп қалдық. Жалпы, Шоқан тұлғасын әлі де тың көзқараспен зерттеп-зерделеу қажет. Жұмбақ өлімі құпиясы ашылатын күн де тым таяу қалды деп білеміз.