Абай – ел мен елді достастыратын тұлға
Абай – ел мен елді достастыратын тұлға
427
оқылды
Ал «Қара сөздері» болса, өмірдің ақ пен қарасын, жақсысы мен жаманын айқындап береді. Әлем елдері білім мен ғылымға бағыт алып бара жатқанда, өз халқым алаңсыз жүріп, игіліктерден құр қалып қой­маса екен деп уайымдайды. Ха­лық­тың кемшілігін сынайды, бола­шаққа жол сілтейді. Адам бойындағы кер­тартпа мінез-құлық­тардан ары­лып, мың батпан кесел­дерден құты­лып, елінің ертеңі жар­қын болуын тілейді. Ұрпаққа сын­дарлы ойларын, қанат­ты сөздерін қал­дырған. Абай мұра­ларына үңілсек, осындай ой мар­жандарын көреміз. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның қол­дауымен дүниежүзілік деңгейде ата­лып өткені белгілі. Ұлы ақынға ар­налған салтанатты жиында баяндама жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келелі ойларды ортаға салған еді. Ол: «Егер Абай болмаса, осы ғасырдың басында-ақ азаматтық кемелдікке, суреткерлік салиқалыққа, стильдік әралуандыққа, заманмен бірге аттап, замандаспен мұңдас бола алатындай әлеуметтік пайымға ие болған жазба әдебиет мектебі: шын мәніндегі Абай мектебі қалыптаспас еді», – дей келіп: «Абай Құнанбайұлының әлем­дік санадан өз орнын алатындай елеулі кұбылыс болуы тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Әдебиет – Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, кісілік, тарихи, заманалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы...» – деп тұшымды пікірін алға тосты. 2019 жылғы 30 мамырда Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың арнайы Жарлығы шықты. Онда Үкіметке мемлекеттік комиссия құру, жалпыреспубликалық жоспар­ды бекіту жөнінде тапсыр­малар берілді. Сондай-ақ Абайдың «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту міндеті жүктелді. Ұлы ойшылдың еңбектерін әлемге кең таралған ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз сынды шетелдің он тіліне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық деңгейде тарату жұмыстарын жүзеге асыру көзделді. Мемлекет басшысының Жар­лығы әрбір қазақстандықтың келе­шекке деген сенімін нығайтты. Ал шетелде өмір сүріп жатқан қандас­тарымыздың мәртебесін бір көтеріп тастады. Биылғы 9 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты кешенді мақаласы жарық көрді. Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігіне тоқталып, ақын шығармаларынан халқымыз мол тағылым алуы тиіс екенін баса айтты. Мемлекет басшысы: «Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абай­дың ұстанымдары өркениетті мем­лекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоға­ры деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады» деген тұжырым жасаған. Өзі көтерген бастамасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастырудың маңызы­на тоқтал­ды. Билік пен ха­лық арасында берік байланыс орнығуы тиіс. Осы мақсатта барлық көкейкесті мәселелерді бірге талқы­лап, шешімін табу үшін Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі құрылды. «Ғұлама Абай – қазақ топы­рағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – дейді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар ақынның өмір жолы, мұрасы туралы бірнеше де­ректі фильм мен телесериалдар түсі­рілетіні жоспарланды. Ақын мерейтойы қарсаңында Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып белгіленуі халықтық қуанышқа айналып отыр. Бұл да ұлы ойшылдың өмірі мен шығар­мала­рының кең таралуына жол ашады деп ойлаймын. Мыңдаған адам қатысатын үлкен іс-шаралар өтпегенімен, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізіле береді, насихаттау ісі тоқтап қалмайды. Газет-журналдарға ма­қалалар жария­лануда. Биыл өткелі тұрған бірқатар мә­дени игілікті іс-шаралар жаһандық індетке байланысты кейінге қалды­рылды. Дегенмен Абайдың мерей­тойы бір жылмен шектеліп қалмай­тыны анық. Қазір өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бүкіл әлемде ін­детке қарсы күрес жүріп жатыр. Хал­қы­мыз қазіргі сынақтан аман-есен өтіп, табыстарға жете беруін тілеймін. Ал енді Абайдың халықаралық деңгейдегі танымалдығы мен беделі туралы тоқтала кетейін. Өйткені еліңді танытуға келгенде қашанда тарихи тұлғалардың орны бөлек. Әлем жұртшылығы қазақ дегенде алдымен Абайды біледі. Шетелге бара қалсаңыз, «Қайдан келдіңіз?» деп сұрайды. Қазақстаннан келг­енімізді білген соң, олар біздің ел туралы білетін мәліметтерін алға тартады. Сонда көп жағдайда ұлы ақынның есімі аталады. Жаһандық ақпаратқа көз жү­гіртсек, әлем елдерінің көбінде Абай ескерткіштері бар, басты қала­ла­рындағы үлкен көшелердің біріне ұлы ақынның есімі берілген. Атап айтқанда, Ресей астанасы Мәскеуде, Венгрия орталығы Будапештте және Францияның Ренн қаласында Абай ескерткіші бой көтерген, Иран астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні орнатылған. Мысыр, Үндістан астаналары Каирде, Нью-Делиде, Германия орталығы Берлинде, Әзербайжан, Қырғыз бен Тәжікстан астаналары Баку, Бішкек және Душанбеде, Украинаның Киев пен Краматорск, Днепропетровск қалаларында Абай Құнанбайұлының атында көрікті көшелер бар. Лондон қаласында қаламгер Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылғаны белгілі. Мысалы, парламенттік ісса­пармен Өзбекстанға барғанымда Таш­кент қаласындағы Абайдың ескерткіші мен көшесін көріп, таң­ғалдым. «Мен осы ұлы ойшыл, дана Абайдың елінен келіп тұрмын!» деген сөз көкейіме келіп, бойымды қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Бүкіл тұлғасымен бейнеленген биік ескерт­кіш екі елдің басшыларының қаты­суымен 2013 жылы ашылған еді. Өз­бекстан мектептерінде тұрақты түрде Абайтану сабақтары өтеді. Бірқатар мектептерге ұлы ақынның есімі берілген. Өзбек халқы ақынның шығармаларын сүйіп оқиды десем, артық болмас. Жаңалықтар таспасынан Абай­дың әні алғаш рет жапон тілінде шырқалғанын оқып, көңіліміз көкке көтерілді. Польшада ұлы ақын бей­неленген пошта маркасы шы­ғарыл­ды. Басқа да алыс шетелдерде ғұлама ақынға көрсетілген құрметтің аз емес екенін жақсы білеміз. Сондай-ақ Еуропа елдерінде, Жапония мен Оңтүстік Кореяда Абайдың шығармаларына құмар­татындар өте көп деп естимін. Тіпті, аударма емес, қазақ тілінде, яғни ақынның өзі жазған мұрасын оқы­ғысы келетіндердің қатары артып келеді. Оған дәлел бірқатар шетелдік танымал азаматтардың Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін қазақ тілінде мәнерлеп оқып, елге наси­хаттап жүргенін интернет арқылы көріп-біліп отырмыз. Осы орайда, өткен жылы басталған ақынның шығармаларынан үзінді оқу эста­фетасы сәтті бастамалардың бірі бол­ғанын атап өткеніміз жөн. Сонымен бірге Абайды тек біздің ғалымдар ғана емес, шетелдің білікті ғалымдары да зерттеу үстінде. Олар да Абайтану ғылымына өлшеусіз үлес қосуда. Абайтану ғылымының өзге елдерде кең қанат жая бастауы – өте қуантарлық жайт. Абай мұраларын жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы өте зор. Осы орайда, мектептердің оқу процесіне арнайы «Абайтану» пәні­нің енгізілгелі жатқаны – қуанарлық жайт. Ел ішінде және шетелде Абай мұрасын насихаттауда зиялы қауым өкілдерінің атқаратын жұмыстары өте көп деп ойлаймын. Бұл іске барлық адам атсалысқаны абзал. Абай – сарқылмас қазына. Абай­дың өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттеле береді деген сенімдемін. Халқымызды қуантатын тың дерек­тер табылуы ықтимал. Өйткені ұлы ақын соңына өлеңдері мен қара­сөздерін және көптеген әнін қал­дырды. Жалпы, Абайдың мәңгі өш­пейтін мұраларын зерттеу, туынды­ларын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Өзі жазғандай, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы ойшылға деген халықтың құрметі арта бермек. Оның мерейі мен мәртебесі елмен бірге асқақтай береді.  

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты