Депутаттар Қанат Мусинге сауал жолдады

Депутаттар Қанат Мусинге сауал жолдады

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Қазақстан Республикасының Әділет министрі Қанат Мусинге депутаттық сауал жолдады.

 Біздің депутаттық сауалымызға сайлаушылармен кездесуімізде және әлеуметтік желілерден Парламентте қабылданып жатқан заң жобалары халыққа қарапайым әрі түсінікті тілде жетпейтіні туралы арыз-шағымдары себеп болуда. «Біз үшін адамдардың әлеуметтік жағдайын білу және оған дер кезінде ден қою өте маңызды. Сондықтан уақытылы ден қою әрқашан біздің басымдығымыз», - деген Президент Қ.Тоқаев  халықтың сұранысына жедел ден қоюды және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Алайда өңірлерге іссапар барысында – жұрт қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар қалады. Мәселен, Парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа қарапайым тілде түсіндіріліп жеткізілмейді. Өйткені кездесуде азаматтардың көбі мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламаларға, заңдарға және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін түрлі гранттарға, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты субсидия мәселелеріне қатысты сұрайды. Сол себепті елге заңды, түрлі бағдарламаларды ашық, қарапайым тілде түсіндіріп, барынша таратылу керек. Оны тиісті министріліктер мен жергілікті атқарушы органдар қолға алуы қажет. Себебі Заңның дер кезінде дұрыс түсіндірмеу салдарынан әлеуметтік желідегі белсенділер, тәуелсіз сарапшылар, заңды өз пайым-түсінігінше талдап, талқылайды. Сөйтіп, ел-жұртпен қарапайым әрі түсінікті тілде сөйлеседі. Сондықтан олардың беделі де күннен күнге өсуде. Ал тиісті мемлекеттік органның түсіндірмесі кешігіп, қоғамның қызу талқылауынан кейін ғана ресми түрде таратылып жатады. Мәселен, мемлекет кредиттерді кешіретін болды дегенде жүздеген адам Алматы қ. Ұлттық банктің есігінің алдына жиылғаны бар. Яғни, халық пен билік арасындағы медиа коммуникациясы жұмыс жасамайтыны үлкен мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін атап өтті. Сондықтан да, сайлаушылармен тығыз қарым қатынаста болып, заң шеңберінде болып жатқан барлық өзгерістерді нақты және түсінікті тілде жеткізіп,  халықтың кең ауқымын қамту мен баршамыз бірігіп  түсіндіру жұмыстарын қолға алумыз қажет. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" - бүгінгі таңда, заңдарды халыққа түсінікті әрі қарапайым тілде жеткізу, барынша кең ауқымды қамту жұмыстарының ақсап тұрғаны, жеткіліксіз екендігі байқалып отыр. "Еліңе қарап, ертеңіңе қамдан" демекші, құрметті Қанат Сергейұлы, сізден:
  1. Қабылданып жатқан Заңдарды түсіндіру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасының орындалуын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың, Әділет департаменттерінің заң бөлімшелері және қала облыс, аудан, ауыл, деңгейіндегі мәслихат депуттатарымен және әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп үгіт - насихат жүргізіп, халыққа әлеуметтік желілер және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;
  2. Тұрғындарымызға заңдарды түсінікті тілде жеткізу мақсатында мемлекеттік бағдарлама және заң жобасының нормаларын азаматтарға жіктеп түсіндіруге бағытталған республикалық деңгейде іс-шараларды ұйымдастыруды;
  3. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» бағдарламысында азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған. Осылайша отандастарымыздың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысты заң жобасы мен түрлі бағдарламалардың түсіндірілу жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізуді, оған тұрақты түрде мониторинг жүргізуді ұсынамыз.
Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.    

Құрметпен,

«NurOtan» партиясы Фракциясының мүшелері

Ф. Қаратаев,

Қ. Ержан,

А. Қожахметов,

С. Ақышев,

Б. Бекжанов,

Ә. Рахымжанов,

Н. Ожаев,

Б. Сартбаев,

М. Елюбаев,

Е. Жаңбыршин,

Ж. Телпекбаева,

М. Төлепберген,

А. Үйсімбаев.

 «Қазақстан Халық» партиясы Фракциясының мүшесі

Ф. Қаменов. 

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат

Ш. Осин.