Биыл су тапшылығы қатты сезілуі мүмкін. Өйткені салыстырмалы түрде қыс жылы болды, қар аз түсті, ал оңтүстік өңірлерде дұрыс жаумады. Сондықтан қалай болғанда да вегитациялық кезеңде шаруалардың тағы да қиналатыны анық. Қазір салалық ведомстволар 10 ақпанда шығатын Қазгидрометтің жауабын күтіп отыр. Онда биыл қыста жауын-шашын көлемі қанша түскені айтылмақ. Одан соң соған сүйеніп биылғы көктемгі су көлемі анықталады да, өңірлерге оны пайдаланудың лимиті беріледі. Көршілерімізден су сұраудың жыры басталады. Сондықтан да бұл мәселені осы бастан көтеріп, дабыл қағуымыз қажет.
Қазақстан – аридті мемлекет
Гидрологтардың соңғы жылдардағы есебі бойынша еліміздегі өзендер мен уақытша ағын сулардың көпжылдық орташа жиынтық көлемі 100,5 км3 жобасында екен. Оның 56 жарым км3 ғана республика аумағында түзіледі. Қалған 44 км3 көршілес мемлекеттерден келеді: Қытайдан 18,9 км3, Өзбекстаннан – 14,6 км3, Қырғыз Республикасынан – 3,0 км3 және Ресейден 7,5 км3. Бұл көрсеткіш те жылдан-жылға азайып келе жатқан динамиканың жалғасы. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрынғы Ресей гидрологиялық институтының бағалауы бойынша еліміздегі су қоры 126 км3 болған, оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і трансшекаралық су. Яғни, тәуелсіздік жылдары су ресурстары 25 км3, жергілікті ағын 10,3 км3, трансшекаралық ағын 15,2 км3 кеміген. Оның негізгі себептері – ғаламдық және аймақтық климаттағы өзгерістер, еліміздегі және көршілеріміздегі өзен алаптары мен аңғарларының шаруашылық мақсатта бірнеше еселеп игерілуі. Бұл мәліметтердің барлығын Халықаралық Тараз инновациялық институты Агробиологиялық ғылыми зерттеу орталығының директоры, г.ғ.к., доцент Марат Молдахметов келтіріп отыр. Оның айтуынша, жазықта орналасқан өзендердің жылдық ағысының 90%-ы көктемде өтіп кететін болса, таулы өзендер ағындысының 70%-ы жазға тура келеді екен. «Қазақстан Еуразия континентінің аридті, яғни суы тапшы ауданына жатады. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері арқылы келеді. Ал Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ылғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақстан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін солтүстік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Осындай ерекшеліктерге сәйкес, еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер – Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алып жатыр. Бұл жерлерге түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері – 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жылына 1000-1500 мм-ге жетеді. Оның үстіне табиғатымыз күрт континенталды болғандықтан, су ресурстары біркелкі бөлінбеген, әрі өте шектеулі», – дейді Марат Молдабекұлы. Маманның айтуынша, сулылығы орташа жылдарда Қазақстан бойынша су тапшылығы 6,6 км3 екен. Ал қуаңшылық жылдары сумен қамту 60%-ға дейін түсіп кетеді. Жекелеген аймақтарда, мәселен орталық Қазақстанда ол небәрі 5-10%. Су тапшылығы негізінен суармалы жерлерде қатты сезіледі. Оның үстіне, су сапасының төмендігі де қолда бар судың өзінің тек бір бөлігін ғана пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл мәселені судың ластануы проблемасы да одан сайын ушықтырып жіберіп отыр. Табиғи ортаның қалпына келу қабілеті мен антропогендік жүктеме арасындағы үйлесімнің болмауы еліміздің барлық өңірінде экологиялық қолайсыздықтың туындауына алып келді. Қазақстанда экологиясы бұзылмаған өзен алабы қалған жоқ. «Ғалымдар су ресурсы тапшылығы ғаламдық жылынудың салдарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отыр. Климатологтардың болжамы бойынша Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидрологиялық жағдай қалыптасады, ағындардың қалыптасу жағдайы өзгереді, ағынды төмендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі өзгеріске ұшырайды. Қатты су тасқыны кезеңі, су тапшылығы байқалатын ұзақ сабалық кезеңмен алмасады. Су басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжамдар жасап отыр. Бірақ бұл бар болғаны болжам ғана. Әрине, қалыптасып отырған қолайсыз гидрологиялық жағдайды жоққа шығаруға болмайды, бірақ болашаққа да үмітпен қарауымыз керек», – дейді гидролог ғалым. Еліміздегі су ресурсының негізгі бөлігі, яғни 70-90% ауылшаруашылығында тұтынылады. Оның ішінде, ең көп су суармалы егіндікке жұмсалады. Одан кейінгі орында жем-шөп өндіру (көлтабандап суару), жайылымды суландыру және ауыл халқы мен малды сумен жабдықтау.Мұраптың мұраты – үнем
Елімізде су тапшылығы қатты сезіліп, жиі шу болып жататын өңірлер әзірге Түркістан және Қызылорда облыстары болып тұр. Қалған жерлерде бұл проблема әлі өткір фазасына өте қойған жоқ. Биылғы болжам да оңтүстіктің шаруаларын қуантқалы отырмағаны анық. Сырдария өзенінде су көлемі жыл сайын азайып бара жатқанының зардабын жергілікті шаруалар тартып отыр. Олар елімізде тек қана сол жерде өндірілетін мақта мен күріш егіншілігінің көлемін қысқартуға мәжбүр. Мәселенің төркіні жыл сайынғы лимит мәселесінде жатыр. «Мұнда барлығы айналып келгенде бізге Сырдария өзеніне жоғарыдан ағып келетін суға байланысты. 5 мемлекеттің арасында Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы деген бар. Сол ұйым Сырдария және Әмударияның суына байланысты жылына кем дегенде екі рет мәжіліс өткізіп тұрады. Сол жиында барлық мәселелерді қарап, су көлемі бойынша ортақ келісімге келіп, хаттамалық шешіммен бекітеді. Мәселен, былтыр сәуір-қазан айларында Қазақстанға 4 млрд м3 су келеді делінген болса, соның тек қана 57%, яғни 2,3 млрд-ы келді. Ал ол кезде бізде жылдың басында жалпы қажеттіліктер үшін Шардарада 5,1 млрд, Көксарайда 2 млрд су жинақталған болатын. Солардың барлығын қосқанның өзінде де қос облыста судың тапшылығы байқалды. Ұйымның кезекті отырысы желтоқсан айында өтті. Оның нақты хаттамасы мен нақты болжамы біздің қолымызда жоқ. Бірақ өзіміздің есебіміз бойынша, көп жылдардың орташа көрсеткішіне сүйенер болсақ, бізге жылына 11 млрд м3 су келуі керек деп алсақ, қазан айынан бері санағанда соның тек 50%-ы ғана келіп тұр. Ол суды Шардара мен Көксарайға жинап жатырмыз. Шардарада бүгінде 3,5 млрд су бар, былтыр осы кезде 3,9 болған, Көксарайда былтыр 700 млн-дай су жинағанбыз, қазір техникалық көлемнен басқа ешқандай су түскен жоқ. Бұл былтырдан бастап жинап жатқан суымыз. Тіпті, Шардараның өзін толтыра алмай жатырмыз. Сондықтан желтоқсан айының 20-сынан бастап төменге қарай жіберетін суды азайттық», – дейді «Арал-Сырдария» бассейіні инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов. Сандар сөйлесе, шын ахуалдың көңіл көншітпейтінін көруге болады. Ендеше, құр Қызылорда облысына жылдық орташа көрсеткіш бойынша 4 млрд м3 су керек екен. Оның өзін де жинай алмай отырмыз. Түркістанға да осынша көлемде су керек. Оның жартысын ондағы шаруалар Арыс пен өзге де өзендерден алады. Ендеше, егін салған диқандарға көктемгі жауын-шашынына үміт артқаннан өзге шара жоқ. Былтырғы вегетациялық кезеңде өңірде бірқатар қиындық туындағанымен, суару маусымы тыныш өткен болатын. Енді биыл үнемді күшейтуден басқа жол жоқ сияқты. «Биылғы жағдай туралы болжам айтар болсам, былтырғыдан жақсы болмайды. Бірақ былтырғы қателіктер қайталанбауы керек. Мәселен, лимит деген бар. Қолда бар су әр аймаққа бөліп-бөліп беріледі. Содан аспауы керек. Оны бөлу бассейн инспекциясына, алып үлестіру жергілікті атқарушы билікке берілген. Бірақ әкімдер шаруаларға түсіндіріп, жұмысты ұйымдастырып, суды үнемдеуге шақырудың орнына, шаруаларды шулатып айдап салып, ақпарат құралдарынан шағым айтқызып қояды. «Барымен базар» деген бар. Бұл жерде әкімдікке көп нәрсе байланысты. Тағы бір мәселе қарды ұстауға қатысты. Біз осы уақытқа дейін осы жұмысты дұрыс ұйымдастырмай келеміз. Егер осы бастан қар жатқан алқаптарды жыртып қояр болсақ, ол су ағып кетпей, сол жерде қалар еді. Кеңес кезінде бұл жұмыстарға өте үлкен көңіл бөлетін. Қазір жанармай үнемдейміз, басқаны үнемдейміз деп, қолға алынбай жүр. Мәселен, солтүстікте 25 миллион гектар егістік жеріміз бар. Осы практиканы жасар болсақ, егін бітік шығуына септік етіп, оған кететін шығынды ақтар еді. Бір жағы су тасқынының да алдын алуға сеп болады», – дейді Қазақстан Су шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі Нұрлан Атшабаров. Су тапшылығы мәселесінің асқынып кетуіндегі бір себеп, мемлекеттік саясатта жатқаны рас. Өйткені елімізде су шаруашылығы өз алдына министрлік немесе агенттік емес, тек комитет деңгейінде қарастырылады. Ол аз дегендей су мәселесіне әртүрлі ведомство жауап береді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген осы. «Суармалы жерлерге қажетті су көлемін Экология министрлігі бөледі. Көктемгі тасқын сумен Төтенше жағдайлар министрлігі күреседі. Ауызсу мәселесіне Инновация министрлігі жауап береді. Ал судың 70-90%-ын тұтынатын Ауыл шаруашылығы министрлігінде дым жоқ. Осылардың барлығын біріктіріп, жоқ дегенде агенттік құру қажет. Сонда жерасты сулары бар, жауын-шашын суы бар барлығын үйлестіріп, су тапшылығын шешуге болады. Әйтпесе, Төтенше жағдайлар министрлігі үшін тасқын судың ағып өтіп кеткені, ешкімге залалын тигізбегені маңызды. Арна қазғанда да сондай есеппен қазады. Қар суын ұстап қалу деген қазір жоқ. Егер өз алдына ведомство құрылар болса, су шаруашылығына қатысты ұлттық саясат та қалыптасар еді. Бұрын Жамбыл облысында су шаруашылығы мамандарын даярлайтын үш оқу орны болатын. Зерттеу институты бар-тұғын. Қаскелеңде, Шымкентте мелорациялық колледждер болды. Олар орта буын техниктерді оқытатын. Сондай инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет. Ташкентте бұл үрдіс сақталып қалған. Біздің мамандар сол жаққа барып оқуға мәжбүр», – дейді Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев. Агроөндірістік кешеннің бұған дейін де проблемадан көзі ашылмаған еді. Енді су тапшылығы оны одан сайын бітейтін сияқты. Тапшылықтың соңы қуаңшылық, үнемнің соңы қымбатшылыққа алып келер болса, оның арғы жағында күні кеше Президентіміздің өзі айтқандай «азық-түлік қауіпсіздігінің» де қатері қылтиятын сияқты. Сондықтан да лимитпен мәселе шешілмесі анық, билікке мемлекетаралық су квотасы мәселесін қолға алатын уақыт жетті. Ал оны дипломатиялық икемі басым бүгінгі биліктің қолынан келетініне үміт бар.