Алыптардың соңғы тұяғы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті. Аңыз адам еді. Қаламгер қауым «Әбе» деп биікке көтерген аяулы тұлға еді. Ол – он сегіз мың ғаламнан бұрын жаратылған Қалам иесі! Сыршыл суреткер. ХХ ғасырдың қасіретін де жетістігін де көзбен көрген адам. Арал тағдырлас тұлға. Айдыны желкен керген Арал секілді әдебиетке бәрін берді. Сөздің нәрін берді. Тартылған Арал тәрізді ұлттық құндылықтардың жағаға шығып қалғанын да көрді... Әбе – жаһанданған әлемде жан дүниесі жетім қалған қазақ. Әбе – әлемдік әдебиетке аты кеткен қазақ. Әбе – көшпелі қазақ көшінің соңғы жолаушысы. Әлқисса. Ол әдебиетке «Курляндия» романы арқылы келді. 16 жасында соғысқа алып кеткен. «Курляндияны» жазуына себепкер болған да соғыстағы жылдары. Одан кейін әдебиеттегі алып тұлғалар – ұлы жазушылар, ұстаздары еді. Егер кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров секілді қаламгерлер соншама көңіл бөліп, қамқорлық жасамағанда, Нұрпейісов деген жазушының болмауы да мүмкін еді. Онда «Қан мен тер» де, «Соңғы парыз» да жазылмас еді. Сәбит Мұқанов үлкен бір алқалы жиында «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді» деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен Нұрпейісов жайында. Алыптардың алғысы болар, ол ешқашан өз шығармаларына салғырт қараған жоқ. Шынтуайтында, қазақ әдебиетінде ең сүбелі романның бірі «Абай жолы» болса, одан кейінгі шығарма – «Қан мен тер». Мұны қазақ оқырмандары да жоққа шығармайды. Тіпті, Әбені «Қазіргі заманның Шолоховы» деп жазғандар да бар. Бірі орыс өмірін, енді қазақ өмірін шығармаларына арқау еткенімен екеуін де біріктіретін бір нәрсе – адам тағдыры. Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терді» 17 рет өңдеді. Ол туралы жазушы Дулат Исабековтің бірде былай деп айтқаны бар еді. «Әлі күнге дейін «Қан мен терді» іреп, іріктеп, екшеп, редакциялап жатыр. Қайта қараған сайын «әттеген-айы» көп болады. Заман өзгерді. Қоғам басқа дегендей. Өткен ғасырдың елуінші жылдары шыққан шығарма болған соң, әрине, өзгерістер болады. «Соңғы нұсқасын жазып біттім» деді жақында. Мүмкін, соңғы 17-нұсқасын оқып үлгермеген шығармын, бірақ мен үшін бірінші нұсқаның орны бөлек. Одан кейін Әбеңе ешқашан редактор ұнап көрген емес. Баспа тарихында тұңғыш рет «Қан мен тер» редакторсыз шықты. Бір де бір редакторды ұнатпады. Кітабы редакторсыз шыққан тұңғыш адам Әбекең болып, тарихқа енді» дейді. Мұхтар Әуезов әдебиет саласында Лениндік сыйлықты алған тұңғыш қазақ болса, Әбдіжәміл Нұрпейісов КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған бірінші қазақ. Оның жазудан басқа ешқандай мақсаты болған жоқ. Және сол мақсатына жетіп, әлемдік әдебиетте аты озды. Қазақ оқырманы «Қан мен терді» ерекше сүйіп оқыды. Шығармадағы сүйікті кейіпкерлері Ақбала мен Еламан, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қален... бәрі-бәрі санаға басқан мөрдей жатталып қалды. Бұл не ғажап? Бұл не сиқыр дерсің. Сөйтсек, бізді арбаған бұл сиқыр Алланың Әбдіжәміл Нұрпейісовтей қаламгеріне берген суреткерлік қасиеті екен. «Жаңа ғасыр келді. Бұрын жұрттың қолынан кітап түспейтін болса, енді телефон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың орнына «айфон» ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы, кешегі классиктер бұл сұмдықты көрмей кетті. Көрсе, құсалықпен өтер еді. Бірақ байқап қарасақ, арамызда біреу жүр, сол алыптардан қалған. Солардың қоста қалдырып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз… Ол – анау-мынау емес, Әбдіжәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жалғыз жаяудай, арамызда жүр. Бүгінгілерге мүлдем ұқсамайды. Бәріне кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да, күңіренеді. Күңіренбей қайтсін?! Қайда қараса да, көзіне телефон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді. Өздерінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді. Бірақ көпке топырақ шаша алмайсың.Бір күні қараса, «айфон» деген пәле өз қолында да тұр. Ал құтылып көр! Жұртты жаппай жаулаған бұл кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық, нұсқалық. «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климанджаро қарларын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жазғанда өзі де осы стиль жағында болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы парызды» емес, «айфонды» оқып отыр?! Сонда… Апыр-ау, сонда не болғаны?! Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Ақыры «Қан мен терді» қайта қолға алды» деген еді жазушы Смағұл Елубай. «Қан мен терге» жаңаша көзқарас басталып кетті. Романның ескі нұсқасына сын көзбен қарап, қайта ширата бастады. Бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылысшылары туралы роман жазуын күткен еді. «Жазып жатырмын» депті жазушы. «Коммунизм құрып жатқан Арал балықшылары туралы екі томдық роман жазып жатырмын» деген классик ақырында «Соңғы парызын» аяқтап шықты. Бұл шығарма Компартияға айтылған алғыс емес, қарғыс болып шықты. Ақырында компартия да келмеске кетті. Классик те партбилетін қоқысқа тастады. «Соңғы парыз» бірнеше рет өзгерді. Бұл да жазушының шығармашылыққа селқос қарамағанын көрсетсе керек. Әуелі «Із» болып жарияланып еді, кейін «Соңғы парызға» ауысты. Кейін тіпті «Бір күн, бір түн» деп атапты. Соңыра Мәскеуде «И был день, и была ночь» деген атпен жарияланған. Нұрпейісов халқы үшін отқа да, суға да түсті. Оның бір көрінісі – 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліс. Горбачев пен Колбин қазақ жастарын аямай жаншып, қанға бөктіргені бүкіл қазақтың ашу-ызасын келтірді. Кремль күллі қазақты ұлтшыл деп, қара есекке мінгізген тұста, 1989 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуде өткен бүкілодақтық жазушылар пленумында Әбекең қиянатқа қарсы тұрды. Сырттан келген басшылардың іс-әрекетін жіпке тізгендей тізіп береді. Нұрпейісовтің сол айқайынан кейін 4 ай өтпей, Колбин қызметінен алынады. Классиктің 86 жылғы ерлігі бір төбе. Бұл туралы белгілі меценат Ұзақбай Айтжановтың айтқаны бар еді. Осыдан 30 жыл бұрын өзінің барлық марапатын (орден, медаль) партиялық билетімен бірге қорапқа салып, қоқыс контейнеріне лақтырыпты. Бұл оның 86 жылғы желтоқсандағы студенттер мен жастардың қырылуына наразылығы болатын. «Әскери марапаттарын неге лақтырғанын» сұрағанымда, ол майданда алданып қалғанын, оның жеңіске ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Оған «Қызыл Жұлдыз» ордені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін» медалі тектен тек берілмегенін айтып, қарсылық білдірдім. Әбекең әкесімен және әкесінің ағаларымен бірге алты бірдей адам Сталинград майданына түсті. Сол тозақтың ішінен Нұрпейісовтер отбасынан жалғыз өзі аман шықты. Ол жеңісті Кенигсбергте қарсы алды. Бұл ерлік емес пе?» дейді Айтжанов. 1924 жылы дүниеге келген жазушы ес біліп, етек жиған кезінде бүкіл халықтың ашаршылыққа ұрынғанын, қоңыз теріп кеткенін көзбен көрді. Сол үшін де Кеңес Одағынан жерінді, оның берген атақ-абыройынан бойын аулақ ұстады. Мақтағанды, мақтанғанды жаны сүйген жоқ. «Солдат шинелін иығынан сыпырып тастап, көркем сөздің солдатына айналған ағамыз суреткерліктің айрықша үлгісін танытты». Дөп сөз. Сөздің солдатына айналған суреткер өз шығармасын баладай өбектеп, әрбір сөзіне ерекше мән беретін. «Қан мен тер» романының желісі бойынша 2 бөлімнен тұратын кинотуынды түсірілген. Көрерменнің көңілінен шыққанымен, Нұрпейісовтың ойынан шыққан жоқ. Себебі аталмыш фильм автордың қаламының қарымын толық көрсете алмады. «Қан мен тер» Әуезов театры актерлерінің де бағын ашты. Әсіресе, Сүйеу қарттың образы көрнекті актер Сәбит Оразбаевтың бүкіл қабілет қарымын ашты. Әу баста бұл рөл Елубай Өмірзақовқа арналған екен. Ол кісі сырқаттанып қалады да, Оразбаевқа бұйырады. Оның ойынын көрген Елубай Өмірзақов бұл рөлден бас тартады. «Адам болып, жер басып жүргеніміз тек ата-ананың арқасы емес қой. Біз бәріміз ең алдымен, халықтың баласымыз, ұлттың бір бөлшегіміз. Сол халықтың үшінші мыңжылдыққа осындай тазалығын сақтап жетуіне Сүйеу сияқты қарттардың әсер-ықпалы ерекше болған шығар. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Бастапқыда бұл рөлді менің ойнағаным авторға – Әбдіжәміл Нұрпейісовке аса ұнай қойған жоқ. «Сен қисайып-мисайып, ақсаң-ақсаң етіп, қайдағы бір шалды сомдап жүрсің. Сүйеу ондай кейіпкер емес» деп наразы болды. Бірақ әуелі Құдайдың, екінші режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің, үшінші Ыдырыс аға, Асанәлі, Фарида, Әнуардай партнерлерімнің арқасында ойдағыдай алып шықтым» дейді актер. Міне, автордың әдебиетке адалдығы. Нұрпейісов өз шығармаларына ғана емес, аудармаға да ерекше мән берген. Ол керемет суреткер ғана емес, шебер аудармашы. Ол Чеховтың, Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ол аудармалар да қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі дүниелер болып, тарихта қалары сөзсіз. Солдат қапшығын иығына асып, шаңдақ жолмен батар күнге ілесіп жаяу ілбіген жолаушы туған жерін былайғы тіршілігіне темірқазық етіп ұстаған, өмір бойы кіндік қаны тамған жерін жырлап өткен қазақтың қабырғалы жазушысына айналған-ды. Бір дәуір, тұтас бір ғасыр жүгін арқалап, соңына мол мұра қалдырған Абыз адам, Аңыз адам. Тарихтың ақ парағына өз есімін қашап жазып кетті. Зерделі ұрпақ Сізді ұмытпас!
БІЗДІ ҚАРТАЙТЫП КЕТТІ
Әбекеңді бүгін өзінің «құтты» орнына қондырып қайттық. «Құтты «орны дейтін себебім, қазақтың дәстүрін жақсы білетін адам біледі, ұғады, жасы 100-ге жеткен адамның өлімін «ақ өлім» деп, артын тойға ұластырып, бәйге, көкпар беретін. Сондай артын тойға ұластыратын ақ өлімнің бірі – осы. Бір ғасырға жуық өмір сүрді. Бір ғасырға жуық өмірінің бәрін түгелдей қазақтың қарасөзіне арнады. Өмірінде үш роман ғана жазды: «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз». Осы үш шығармаға бүкіл өмірін арнады. Әрі қазақ сөзінің сақшысындай еді. Басқалардың шығармаларын оқып отырып немесе өз шығармасын оқып отырып, қате кеткен бір сөздің өзін түзеп, біздерге ұрысып, «сендер әрбір сөзге мән бермейсіңдер» дейтін. Өз ісі арқылы бізге үлгі көрсетті. Бірақ Әбекең сияқты біздің шыдамымыз жетпейді оған. Платонның сөзін мысалға келтіруге болады. Платон мен Аристофан әлденеге келісе алмай, шекісіп, ұрысып қалады да, бір күннен кейін Аристофан қайтыс болды дегенді естігенде, жерге отыра қалып, жылаған екен. Сонда Платон: «Поэзияның музасы бүкіл Грекияның аспанын ұзақ уақыт қонатын қолайлы жер таппай, шыр айналып ұшқан екен. Ақырында сол қолайлы храмды Аристофанның кеудесінен тауып, сонда қоныс теуіпті. Содан кейін де Аристофан бүкіл Грекияның мақтанышы, бүкіл Грекияның ұлы драматургы, мәңгі ұлы ақыны болып қалады» деген екен. Соны мысалға келтіре отырып, сол муза біздің қазақ даласына жеткен болуы керек. Поэзияның музасы Абайдың кеудесінен орын тепсе, қара сөзде Әуезов пенен Нұрпейісовтің кеудесіне қонақтаған екен. Қазақ халқы мәңгі өмір сүрсе, Әбекең де мәңгі өмір сүреді. Маған телефон соққанда, «бала» дейтін еді. Ол өз өлімі арқылы мені қартайтып кетті. Енді біз өзге біреуге «бала» деп, қоңырау шаламыз. «Мұңлық-Зарлықта»: – Мақсатқа жетіп бәрі де, Олар да өтті дүниеден. Өзекті жанға бір өлім, Тек шайтан ғана өлмеген, – дейді. Өзекті жанның бәріне өлім бар. Бір ғасыр жасады. Бұдан кейін Әбекеңсіз өмір сүреміз. Мен өзімді жетім қалған баладай сезіндім. Біз де сексенге келіп қалдық. «Бала» дейтін Әбекең жоқ. «Аман-сау болыңыз! Ұлыларға сәлем айтыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Пейіште нұрыңыз шалқысын!» деп аяқтағым келеді.Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
СОҢҒЫ СӨЗ
Әбені соңғы рет екі жеті бұрын көрдім. Үйінде төсегінде сарғайып, құр сүлдері жатыр екен. Мені көріп түсі жылып төсектен басын көтергісі келді. Басын сүйеп төсегіне отырғыздық. «Ер арыса аруақ» деген. Қаңқасы қалыпты. Сөйлей алмады. Ауызына «Айналайын!!» деген сөз түсіп, соны қайталай берді. Қайталай берді. Мен іштей тіксініп: «Ойпыр-ай, бұ шал маған бұлай деп мейірленбеуші еді ғой!! Бұнысы несі?!» деп, секемдендім. Секемденген үстіне секемдендім. Ол бұзылған патефондай сарнай берді. Әлгі сөзді қайталай берді. Мен, ақыры, бір нәрсені ұқтым. Бұ кісінің бұл бақылдасу сөзі екенін ұқтым. Бақылдасу керек екенін ұқтым. – Әбе! – дедім, қолын қысып. Ол сонда да «айналайынды» тоқтатар емес. – Әбе! – дедім тағы. – Азды-көпті жарты ғасырдай аға-іні болыппыз. Өмір деген ойқы-шойқы нәрсе ғой. Бірде болмаса бірде көңіліңізге тиіп ренжіткен болсам, кешіріңіз!!! – дедім. Ол мені естіді ме, естімеді ме, білмеймін. «Айналайынды» қайталай берді. Қайталай берді. Жарты сағаттай қайталады. Мен қоштасуға ынғайландым. Сонда ол: – Әй! – деді, маған көз қиығын салып. – Үмітім бар!! Үмітім бар!! – деді. – Аумин!! Айтқаныңыз келсін, Әбеке!! Айығып кетіңіз!!! – дедім. Басын сүйеп жастығына жатқыздық. Осылай қоштастық. Ол тесіліп қарап қала берді. Осылай қоштастық. Ақпанның бесі күні таңертең келіні Айгерімнен хабар келді. «Ата дүниеден өтті» деген. Біз сонда түсіндік. Сөйлесуге тілі келмей жатып, абыздың соңғы сөзі неге «айналайын!» болғанын түсіндік. Бұл сөз, екі дүниенің арасында жатқан Әбенің біз арқылы алыс-жақын ағайынға, халқына деген аманаты, соңғы сөзі екенін сонда түсіндік. Құрметті ағайын! Әбе сіздердің бәріңізге «айналайын!» деп өтті өмірден. Жүрегі халқына деген махаббатқа толып өтті. Алла ағамызды алдынан жарылқасын!Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы
ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРЕДІ
Әуезовтен кейін бүкіл әлемге қазақ әдебиетін, қазақ прозасын танытқан Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Әбең өте кірпияз, өз жазбасына да, өзгенің жазғанына да ылғи сын көзбен қарайтын адам болатын. Көп дүние жазған жоқ. Соғыстан оралғанда «Курляндия» деген романының он бес-ақ бетін жазып келген екен. Алматыға келіп, Ғабиден Мұстафинге қолжазбасын тапсырып кетеді. Ол кезде өте қиын кезең. Гимнастеркамен жүрген жас офицер. Қолжазбасын одаққа апарып беріп, өзі шаршап келген, ұйықтайтын орын жоқ, жақын маңдағы бір орыстың үйінің есігін қағыпты. «Екі сағат ұйықтап кетсем бола ма?» деп сұраған ғой. Ішін қандала басып кеткен, ескі үйдің бірі болса керек. Қандаланың сорғанына қарамастан, тұяқ серіппей екі сағат ұйықтапты. Ұйқыдан тұрып, одаққа қайта барса, Ғабең іздеп жатқан көрінеді. «Айналайын, керемет дүние жаза бастаған екенсің. Сен осыны аяқтауың керек» депті. Міне, үлкендердің кішіге қамқорлығы! Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сияқты қазақтың ірі жазушылары өздерінің ізінен ерген талантты жазушыларды іздеп жүреді екен. «Міне, арамызға тағы бір талантты жазушы келді» деп, Әбдіжәмілді ортасына алып, романын бітіруге көмек берген. Ол жылдары бәрі қат, тіпті жазу жазатын қағаздың өзі қат кезі. Сәбит Мұқанов екі келі қағаз алып беріп, Әбеңді Аралға жібереді. Әбеңнің шығармашылық өмірі осылай басталған. Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті дейтін үлкен әлемге өз олжасын салған, қолтаңбасын берген адам. Көп қазақтың жазушысының бірі емес, әлемдік деңгейге қазақ прозасын жеткізген адам. «Қан мен терді» жазды. «Соңғы парызы» арқылы қазақтың өмірін жазды. Тағы да әлемге танылды. Өзі ғана емес, қазақтың көркемсөзін, жан-дүниесін танытты. Рухын, мәдениетін, салт-дәстүрін көрсетті. Әуезовті өте жақсы көретін. «Әуезовтей жазушы жоқ» деп өзіне ұстаз тұтатын. «Мұхтар Әуезов біздің қорғанымыз ғана емес, айбарымыз еді» дейтін. Бүгін сол сөзді мен де Әбеңе арнап, айтқым келіп отыр. Қазақ әдебиеті дейтін әлемде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жұлдызы әрқашан биік тұратыны сөзсіз. Әбдіжәміл Нұрпейісов өлген жоқ. Ол қазақпен бірге жасай береді.Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы