Көкшетауда 29 жастағы әйел дүниеге үшем әкелді. Ақмола облысында бұл биылғы жылға алғашқы үшем болып отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Перзентхана дәрігерлерінің хабарлауынша кішкентай қазір нәрестелердің де балалардың анасының да жағдайы жақсы.
«Жылдың басы біз үшін осындай керемет қуанышты жаңалықпен басталды. Үшем аман-есен дүниеге келді. Қазіргі уақытта сәбилер мен анасының жағдайы қалыпты. Кішкентайлар жақсы салмақ қосып жатыр», - дейді Ақмола облысы перинаталдық қызметінің емдеуші дәрігерлері.
Мамандардың айтуынша сәбилер өмірге қазіргі заманғы қолданыстағы ЭКО және басқа да репродуктивті технологияларды қолданусыз табиғи жолмен дүние есігін ашқан. Раушанның бұл екінші рет босануы екен. Бұған дейін тұңғыштары дүниеге келген. Дүниеге келген үшемнің есімдерін Кәрім, Әлім және Әлихан деп қойыпты.
Дәрігерлердің айтуынша әйелде жүктілік қалыпты түрде өткен. Балалар мерзімінен бұрын жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келген. Балақайлардың екеуінің салмағы 2 келі 244 грамнан болса, бауырларының ішіндегі ең кішкентайы 2 келі 23 грам болып туған. Перзентхана дәрігерлері бұл үшем үшін өте жақсы көрсеткіш екенін айтады.
Дәл қазіргі уақытта облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері сәбилерді күтіп-баптауда барлық тиісті шараларды жүргізіп жатыр.
«Кішкентай сәбилер қазір палатада анасымен бірге. Дәрігерлер де қолдарынан келгенше нәрестелерге күтім жасап жатыр. Балалар тез жетіліп кету үшін анасы сәбилеріне және өзіне көбірек көңіл бөлуі тиіс. Сонда балақайлар тез жетіліп, жақсы салмақ қосады. Үшем туған мұндай аналар құрсағынан қан кету қаупі жоғары топқа жатады. Бұл орайда барлық босануға дейінгі барлық бөлім дәрігерлерінің атап айтқанда неонтолог, акушер-гинеколог, анестезиолог-реантиматолог, орта медициналық буынның үйлесімді жұмысы аса қажет», - дейді перзентхана дәрігерлері.
Біз үш нәрестені аман-сау өмірге әкелген балалардың анасы Раушанмен де тілдестік.
«Сәбилерімді аман-есен дүниеге әкелгенімен қатты қуандым. 30 қаңтар күні таңғы бес шамасында құрсағымнан су кетіп, кесарь тілігін жасады. Қазір тұңғыш балам үш жаста. Тоғыз күннен бері дәрігерлердің бақылауында жатырмыз. Үшінші баламның салмағы әлі жетпеген екен. Өзіміз бес жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрамыз», - дейді Раушан.
Әзірге үшем мен анасының қашан ауруханадан шығарылатыны белгісіз. Дәрігерлер балалардың денсаулық көрсеткіштері қалыпты деңгейге жеткен соң олар үйлеріне жіберілетінін айтты.