Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері «Қаңтар оқиғаларының» себептерін анықтау, жалпы тергеу барысы туралы айтып берді. ҚР Бас прокуратурасының арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың айтуынша, мұндай жұмыстар еліміздің сегіз өңірінде: Алматы мен Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүріп жатыр. Дәл сол жерлерде адам өлімі, бүлікшілік, өрт салу, мемлекеттік және жеке нысандарды қирату көп болған. – Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынған. Олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайы, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттелуде, – дейді ол. Осы факторларды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатқан. Қамауға алу, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, үйқамаққа және жеке кепілдікке ауыстырылды. Олардың арасында екі әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім болған. – Тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы нақты айғақтар бар адамдар ғана алынды. Біз ұсынып отырған барлық цифрлық деректер тек арнайы прокурорлардың өндірісіндегі істер бойынша ғана өткендер, – деді Ризабек Ожаров. Оның айтуынша, тергеу болған оқиғалардың қалай болғанын анықтай жатар. Бастапқы кезеңде наразылық білдірушілер өздерін бейбіт ұстаған. «Ол жерлерде қарапайым қызығушылық танытқандар, өтіп бара жатып көре салғандар көп болған. Аяғы тәртіпсіздікке айналады деп ешкім ойламаған. Алайда кейіннен олардың арасына қылмыстық элементтер мен бұзақылар қосылды», – дейді спикер.
Экстремизмнің айқын белгілері анықталған
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, бұл жағдайда саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталған. Сонымен бірге, кейбір қоғам белсенділері осы толқынға еріп, наразылық білдіруге тырысқан. – Елді жаппай тәртіпсіздіктерге итермелеп, оған белсенді қатысқан негізінен экстремистік ұйымның мүшелері еді, – дейді ол. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу әрекеті туралы қылмыстық істерді тергеуде. Ұлттық қауіпсіздік мүддесінде қылмыстық істерді тергеудің егжей-тегжейлері ашылмайды. – Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытқан. Күштік құрылымдардың бірқатар басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіс арнайы бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне әдейі тосқауыл қоюы мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бүгінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен оның екі орынбасары қамауға алынды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директорының бірінші орынбасары және осы қызметтің орталық басшысы ұсталды. Қылмыстық іс «аса құпия» санатына жатқызылған, сондықтан ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін тергеу деректерін жария етуге болмайды», – деп спикер қысқаша атап өтті. [caption id="attachment_183061" align="alignright" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Арандатушылардың түпкі мақсаты билікті күшпен басып алу болды. Бүгінде тұтқындалғандардың арасында тыйым салынған экстремистік қозғалыстардың 35 мүшесі бар. Мысалы, Алматыда деструктивті діни ағымның қылмыстық бағыттағы мүшелері тобы ұсталды. Ұсталған кезде қолдануға дайын атыс қаруы табылды. – WhatsApp және Telegram арқылы, әсіресе 4-5 қаңтар күндері тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттар айқындалды. Мысалы, Алматы қаласында санаулы сағаттың ішінде бір мессенджерге қатысушылар саны 140-тан 5,5 мыңға дейін өсті. Осыған ұқсас Жамбыл облысында – чатқа қатысушылар саны 4 мыңға дейін жеткен. Сөйтіп қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған. Ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Біразы дүкендерді талқандап, тонаумен айналысқан. Олар тіпті тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан үй-жайларды өртеп жібермек болған. Тек тұрғындардың жанқиярлық тойтарыс беру әрекеттері ғана бұдан да ауыр зардаптар мен көптеген құрбандардың алдын алған. Дәл осы уақытта басқалары лаңкестік шабуылды жалғастыра берген. Олар айтарлықтай көп адам жинап, арматура, таяқ, кірпіш, тас және Молотов коктейльдерімен қаруланған. Оларға ғимараттарды өртеу үшін автомобиль дөңгелектері мен бензин жеткізілген. Одан кейін, айтарлықтай сандық артықшылықты пайдалана отырып, қоршауларды бұзып, өңірлердегі биліктің нышаны ретіндегі әкімдіктер ғимараттарын басып алуға кіріскен. Олар қару-жарақ қоймаларын басып алып, атыс қаруын алу үшін полиция ғимараттарына шабуыл жасап, соққыш ретінде қауіпсіздік күштерінен тартып алынған арнайы техника мен көліктерді, басқа да құралдарды пайдаланған. Ұрланған қару-жарақты, азық-түлік пен ауызсуды бүлікшілерге жеткізу және тарату амалдарын ұйымдастырған. Қару-жарақтың бүлікшілерге қалай жеткізілгенін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған видеолардан көруге болады», – деді Ризабек Ожаров.Мыңдаған қару бүлікшілердің қолына түсті
1,5 мыңнан астам қару «Қасіретті қаңтардағы» тәртіпсіздік кезінде бүлікшілердің қолына түсті. Сонымен қатар 1600-дей данасы қару-жарақ дүкенінен ұрланды. Тәртіп сақшылары тек соның жартысын ғана таба алды. Дегенмен әлі де бұл арсеналды табу бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілуде. – Өкінішке қарай, мемлекеттің және қоғам қауіпсіздігінің мүддесіне қайшы іс-әрекет болды. Қызметкерлер ешқандай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен. Нәтижесінде бүлікшілер 1,5 мыңнан астам үлкен арсеналға ие болған. Олардың ішінде гранатомет, пулемет, автомат, тапаншалар мен гранаталар бар. Мұның барлығы аңшылық дүкендерден ұрланған қаруларды есептемегенде. Әзірге 967 дана қару табылды, қалғандарының қайда екені әлі де белгісіз. Полиция оларды іздестіріп жатыр», – деді спикер. Осылайша, жоғалған қару әлі күнге дейін белгісіз адамдардың қолында кеткен. Қазір полиция оны анықтау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ал жалпы табылған қарудың 723 қызметтік қару болса, 244-і қару-жарақ дүкендеріне тиесілі. Сонымен қатар ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов тұрғындарға арандатушылыққа бой алдырмау, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сену және қауесет таратпауға шақырды. Оның сөзіне қарағанда, ақпараттық кеңістікте оқиғалар бұрмаланып беріліп жатыр. Митингілердің бейбіт сипаты мен құқық қорғау күштерінің заңсыз әрекеті туралы түрлі қауесеттерге жол беріліп, билік қабылдаған шешімдердің беделін түсіру, ең бастысы жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен қатысушыларын жауапкершіліктен бойтасалауы үшін жасалып жатқаны да аңғарылып жатыр. Сондай-ақ спикер қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және билікті асыра пайдалану бойынша әрбір шағым жіті тексерілетінін жеткізді. «Әрбір шағымға ІІМ жеке қауіпсіздік қызметі мен арнайы прокурорлар тексеру жүргізеді. Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссиялары өкілдерінің барлық арнайы мекемелерге кедергісіз қолжетімділігі бар», – деп түсіндірді. Ал жаппай тәртіпсіздікте ұсталған және қамауға алынған қатысушылардың кінәсі заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен толық дәлелденеді. Қазір қылмыс жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысына 887 адам ұсталып, оның 789-ы қамауға алынған. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 8-і іздеуде жүрген адамдар. Бүлікшілер бейбіт тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдарды өздерінің соңынан еруге мәжбүрлеген. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Алматыда қарақшылар көлігін бермей қойғаны үшін белгілі музыкант, продюсерді атып тастағанын тілге тиек етті. «Тіпті, дәрігерлерге шабуыл жасап, 46 жедел жәрдем, 551 полиция көлігін қиратып, 5 өрт сөндіру машинасын өртеп жіберген. Осы іс-қимылдардың барлығы, соның ішінде әкімдіктердің, Президент Резиденциясының, ҰҚК, полиция және басқа да объектілер ғимараттарын қарулы басып алу үшін шабуыл жасау заң жүзінде терроризм актісі болып саналады. Олар халық арасында үрей мен қорқыныш тудыруды, Үкімет пен басқару органдарының қалыпты жұмысын істен шығаруды көздеген. Бейбіт шерулер ешқашан мұндай әрекетке бармас еді. Заңға бағынатын адамдар бұл уақытта үйде отырды. Кейбір саналы азаматтар тұтқынға түскен және жараланған қызметкерлер мен әскерилерге көмек көрсетіп, оларға тобырлардың тиісуіне жол бермеді», – деді спикер. Оның айтуынша тәртіпсіздіктердің ең қызу кезеңінде де тәртіп сақшылары қару қолданбаған. Ауруханаға түрлі жарақаттармен 3 393 қызметкер жеткізілген. Олар қызметтік және әскери міндеттерін атқарып, құқықтық тәртіп пен тыныштығын қамтамасыз еткен.