Оффшордағы ақша орала ма?
Оффшордағы ақша орала ма?
© коллаж: Елдар Қаба
365
оқылды
Қазақстаннан оффшор аймақтарға 160 млрд доллар шығарылған деген дерек жарияланды. Ғаламат ақша. Бұған дейін де заңды, заңсыз жолмен нарықтан біраз қаражат қыр асып жатқанын Бас прокуратура да мәлімдеген еді. Енді оларды қайтару мүмкін бе? Ол үшін не істеу қажет? Тағы да Статидың ісі секілді сансыз әрі құны қымбат сот бастала ма? Ресми дерекке сүйенсек, соң­ғы бес жылда республиканың құқық қорғау органдары шетелге заңсыз қаржы шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қоз­ғаған. Алайда тексеріс нәтижесі қалай болғаны, ақша жымқырған­дарға қандай шара қолданылғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сон­дай-ақ кейбір олигархтардың «қасіретті қаңтар» кезінде Қа­зақстаннан жеке ұшақтармен өздері ғана кетіп қалмай, шетел­дегі есепшоттарға қыруар қаржы аударғаны туралы деректер ай­тылып жүр. Осы жайттарға бай­ланысты Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Үкіметке сауал жолдады.

Шекара асқан қаржыға тоқтам бар ма?

«Қаржы мониторингі агент­тігі құрылғаннан бері Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қа­ражат қайтарылды? Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қандай елдерге ірі көлемде қаражат ау­дарылды, оны кімдер шығарды, ол кімдердің шотына түсті? Осы күрделі күндері көлеңкелі капи­талдар шығарылды деген күдігіміз бар. Ол адамдар өздерінің тағ­дырын Қазақстанмен байла­ныс­тырмаса, қалаған жерлерінде қа­ла берсін. Бірақ шығарылған қара­жат халықтан ұрланған бол­са, елімізге қайтарылып, эко­но­ми­каға жұмыс істесін»,– деді де­пу­тат. Ол сондай-ақ мұндай фак­­тілер бойынша құзырлы ор­гандар қаржының шығу заңды­лығын анықтауға және олардың тиісті салықтарды төлеген-төле­мегенін тексеруге міндетті екенін еске салды. Айтса айтқандай, қаңтар дүр­белеңі кезінде ел аумағынан ақша алып шығу әрекеттері жиілеген. ҰҚК Шекара қызметі аймақтық бөлімі таратқан мәліметте 24 және 31 қаңтар аралығында елден заңсыз ақша шығармақ болғандардың жолы кесілгені айтылады. Тек бір апта көлемінде мұндай 24 дерек тіркеліп, шетелдік валютадағы 311 526 967 теңге тәркіленген. Мұндай фактілер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Түркістан және Өскемен қа­лаларында тіркелген. Материалдар Экономикалық тергеу қызметі мен мемлекеттік табыстар органына жіберілді. «ҰҚК Шекара қызметі шетелге шығатын азаматтарға ақшаны алып шығу кезінде заңды бұзбауды және қаржыны мағлұмдау керегін еске салады», – делінген ведомство таратқан хабарламада. Ал Global financial integrity ха­лықаралық ұйымының мәліме­тін­ше, 25 жылда республика аумағынан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл республиканың біржылдық жалпы ішкі өніміне немесе оның сыртқы қарызына пара-пар қыруар сома. Ол ақшаның қаншалықты көп екенін көзге елестету үшін мынадай мысал кел­тіре кеткен жөн:160 миллиард дол­лар – бұл Қазақстанның үш Ұлттық қорының мөлшерімен бір­дей. Ол төрт республикалық бюд­жеттен көп. Осы ақшаға Назарбаев интел­лектуалдық мектебі стандар­тымен 9 мың мектеп салуға немесе бір және екі бөлмелі 4 миллион пәтер сатып алуға болады, нәти­­же­сінде қазақ­стандықтардың тұрғын үй мәселесін біржолата және тү­бегейлі шешіп тастар едік. Ал Қа­зақстан Құры­лысшылар одағының ақпары бо­йын­ша, бүгінде рес­пуб­ликада 2 мил­­лион адам баспанаға мұқтаж. Өздеріңіз байқап отырғандай, бай-бағландар шетел асырған қар­жыны елге әкелсе, талай мұқтаждық өтелер еді. Алайда халыққа керек болған қайран ақшаның тағдыры атқамінерлерді онша толғант­пай­тын сияқты. «Қазаннан қақпақ кет­се, иттен ұят кетеді» деген сөз осын­дайда айтылса керек. Өйткені есепсіз, сұраусыз ұрланған мил­лиардтарды іздеп жүрген құзырлы органдар туралы еміс-еміс естіге­німізбен, оның қайтымы туралы фактіні кездестірмедік. Бейқам­дықтың кесірінен есепсіз мил­лиард­тар шекара асып, шетел банк­теріне барып «шөгіп» қалып жатыр. «Ақша оффшорға әртүрлі әдіс­термен жылыстатылады. Оның үс­тіне капитал қозғалысына бақы­лау орнату кейінгі жылдары ғана қолға алынып отыр. Ал оған дейін кез келген адамның өзінің банк есеп­шотынан басқа шотқа кез кел­ген соманы аударуына тыйым са­лынбаған. Ешкімде ешқандай ор­ган­ның жұмысы болған жоқ. Сон­дықтан осы уақыт ішінде Қазақ­станның біржылдық ЖІӨ-не пара-пар соманың шетелге шығарыл­ғанына таңданудың еш реті жоқ. Әлбетте, жоғары биліктегілер қар­жы саласында қандай ойындар жү­ріп жатқанын білді, тек оған көз жұма қарады»,– дейді қаржы са­рапшысы Арман Бейсембаев. Оффшордағы ақша – құмға сің­ген су емес, оның қайдан шығып, қайда барып тұрақтағанын тауып алу қиынға соқпас. Байшыкештер ақ­шаны қаппен, көлікпен, вагон­мен тасыған жоқ. Ақшаны банк ар­қылы нақты деректемесі бар есеп­шоттан аударады. Цифрлық операцияның ізі жоғалмайды. Транзакцияның дерегі қалады, оның тарихы, күні қойылады. Ниет болса, оны табу­дың еш қиындығы жоқ. Ал оны елге қайтару – іздеп та­буға қарағанда анағұрлым маша­қаты көп. Бас прокуратура бес жыл бұрын оффшорға кеткен сома 100 мил­лиард теңгеден немесе 230 миллион доллардан асты деген ақпарат таратқан еді. Қазір бұл сома бес жылғы мөлшерден 700 есе (!) өскен. Осыдан-ақ бұл процестің жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқанын көруге болады.

Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат па?

Депутаттар соңғы жылдары «Панама тізімі», «Жұмақ құжат­тары» («Райское досье») және Швей­цария банктеріндегі қазақ­стандықтардың шоттарына қа­тыс­ты бірнеше рет мәселе көтергенін білеміз. Оффшордағы ақшаның әшкере болуы көп жылдар бойы салықтық жеңілдіктердің игілігін көріп келген салық айлағын пай­даланушылардың мазасын кетірді. Оффшорды жекелеген байшы­кештер, көптеген компания мен тіпті кейбір мемлекеттер өздерінің экономикалық саясатының ма­ңыз­ды құралы ретінде қолданады. «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарда мемлекеттік ор­гандардағы немесе квазимем­ле­кет­тік сектордағы лауазым иелерінің шетелде шоттарының және актив­терінің болуына ешқандай шектеу қойылмайды. Шенеунік есепшотын Эмираттан аша ма, Панамадан аша ма, өз еркі. Тек мемлекеттік қыз­меткерлердің тікелей кәсіпкерлік қызметпен айналысуына және бизнесті басқаруына ғана тыйым салынған. Рас, шенеуніктер декла­ра­цияда шетелдегі мүліктер мен қа­ражатын көрсетуге міндетті. Алай­да шенді-шекпен оффшорды түр­лі құйтырқы амалдар арқылы нақ сол ұрланған қаржыларын бүр­ке­мелеу үшін ұтымды пайдала­на­ды»,– дейді экономист Тимур Исаев. Сондай-ақ ұлттық компа­ния­лардың оффшордан әлдебір құ­ры­лымдық бөлімшесін ашып, қан­дайда бір мәміле жасауына шектеу қойылмаған. Мәселен, Қазақ­стан­ның стратегиялық активтерінің бі­рі – Солтүстік Каспий жобасын­дағы үлесі Cooperative KazMunaiGaz U.A-ға тиесілі KMG Kashagan B.V компаниясының атына тір­келген, бұл екі заңды тұлға да Нидерландта тіркелген. Сондай-ақ Каспий құ­быры консорциумының Қазақ­стан­ға тиесілі бөлігіне АҚШ-тың Де­лавер оффшорлық штатында тір­келген Kazakhstan Pipeline Ventures компаниясы иелік етеді. Мұн­дай мысалдар көп. Экономист Тимур Исаевтың ай­туынша, қолданыстағы салық заң­намасында «оффшор» деген ұғым жоқ, оның орнына «салықтық же­ңілдігі бар мемлекеттер» деген тер­мин қолданылады. Қаржы ми­нис­трінің ертеректегі бұйрығымен мұн­дай 60 мемлекеттің тізімі бекі­тілген. Олардың ішінде Панама, Кариб жә­не басқа да аралдық мем­лекеттер, Монако, Ливан, Лихтен­штейн, Фи­липпин, Гонконг, Чер­ногория, бір­қатар америкалық, фран­цуздық және британдық ай­мақтар бар. Тізім табыс салығы 10 пайыздан төмен және актив иесінің аты-жөні мен бай­лығы құпия сақталатын мем­лекеттер бойынша жасалған. Сондай-ақ «Қылмыстық жол­мен тапқан және терроризмді қар­жыландыруға арналған кірісті заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы тұру туралы» заң бойынша да офф­шорлардың тізімі бекітілген. Атал­ған заң аясында оффшор аймағында тіркелген, тұратын жеке және заң­ды тұлғалардың ақша аударымда­рына қаржылық мониторинг жүр­гізіледі. Бірақ қаржылық операция­ларға қатысатын бірнеше заңды тұл­ғалардың тізбегін құру арқылы заңның бұл талаптарын оп-оңай ай­налып өтуге болады. Ондай ком­па­ниялар оффшор елдерде де, Қа­зақстанда да жариялы түрде емін-еркін жұмыс істеп отыр. Жалпы, кез келген оффшор екі мақсатты көздейді – салықтық жүк­те­мені азайту және жекемен­шіктің құпиялығын сақтау. Бұл екі шарт та ел экономикасы үшін тиім­ді емес, ал меншік иелері үшін ол таптырмас олжа. Сондай-ақ ақша-мүліктің құ­пиялылығы мемлекеттік немесе ква­зимемлекеттік секто­р­дағы лауа­зымды тұлғаның активтері туралы шынайы мәлімет алуға кедергі кел­тіреді. Бұл мемлекеттің әділ заң үстемдігі принципіне шіркеу түсіріп, қоғамда жемқорлық кеселін одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін. Әрі бұл ақша Қа­зақ­станның емес, шетелдердің эко­номикасына қызмет етіп жатыр.

Рақымшылық науқанының нәтижесі қандай?

Бай-бағландардың шетелдерге жасырған ақша мен мүлкін әкеліп, ел игілігіне жарату үшін Қазақ­стан­да үш рет рақымшылық науқаны жарияланды. Соның арқасында мың­даған азаматтар ақша қара­жатын заңдастырып, бар табысын ақша түрінде көрсетуге, жылжы­майтын мүліктерін көлеңкелі ай­налымнан шығаруға, оны жария­лауға мүмкіндік алды. Ең алғаш рет капиталды заңдас­тыру қолға алынған 2001 жылы не­бәрі 480 миллион долларға жуық қаражат жиналды. Жария ету нау­қаны бір айға созылды. Рақым­шы­лық нәтижесінде сол жылы 3 мыңға жуық азамат 480 миллион долларын жария етті. Екінші науқан 2006-2007 жыл­дары өткізілді. Ол кезде рақым­шы­лық шарасына тек ақша ғана емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік те ілікті. Сондықтан бұл про­цесс созылмалы сипатта жүрді. Әуе­л­гісінен ерекшелігі сол, аза­маттар заңдастырылған мүліктің құ­нынан 10 пайыз мөлшерінде са­лық төледі. Нәтижесінде, 845 мил­лиард теңге, яғни 7 миллиард дол­ларға жуық дүние-мүлік заңдас­­ты­рылды. Оның ішінде ақшалай сома – 538 миллиард теңге, ал жыл­­­жы­май­тын мүлік – 236 мил­ли­ард тең­ге. Алымнан шамамен 60 мил­лиард теңге ел қазынасына түсті. Үшінші, 2014-2016 жылдардағы рақымшылық науқаны тіпті 2 жылға созылды. Заңдастырған ақ­шаны жинақ шоттарында 5 жыл ұстауға, одан нарықтық мөл­шер­ле­мемен сыйақы алып тұруға мүм­кін­дік берілді. Үкімет бұл жолғы заң­дас­тырудан 12 млрд доллар шама­сында қаржы түсіруді жоспарлап қойған еді. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізе алған жоқ, әйтсе де заң­дастырылған сома аз емес – 4,1 трлн теңгені құрады (9,5 млрд доллар). Жалпы, көлеңкелі экономи­ка­ны ауыздықтау үшін жария ету нау­қанын жаһан жұрты да жиі жа­сап тұрады. Өйткені бұл бізге ғана емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Әл­бетте, әр елдің жүзеге асыру те­тік­тері түрлі болғанымен, діттегені бір. Мәселен, заңдастыру АҚШ тарихында 1982 жылдан бері бар. Бүгінге дейін 62 рет өткізілді. Ал Үндістанда 5, Португалияда 4, Фран­ция, Аустрия және Ирлан­дияда 2 рет жүргізілді. Әлемдік тә­жірибеде ең сәтті заңдастыру нау­қаны 2006 жылы Италияда тірке­ліпті. Мемлекетке тек салық ретінде 25 миллиард еуро түскен. Ал Гру­зиядағы шара нәтижесіз өткен. Бар-жоғы 8-ақ адам құжат тап­сы­рып, небәрі 35 мың АҚШ доллары жарияланған. Сөз соңы. Оффшордағы ақша­ны жариялау арқылы адамдар еш­кімнен қысылып-қымтырылмай ашық түрде тұрақты табыс тауып, қазынаға салық төлейді. Сол арқы­лы мемлекетке де, халыққа да кө­мектесе алады. Бүгінде Қазақстан үшін ең маңыздысы – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Егер «Қасіретті қаңтардағы» қантөгісті оқиға­лар­дың туындауына жанама түрде болса да елдегі бай-кедей табысы аражігі­нің алшақтығы, әлеуметтік әділет­сіздіктер түрткі болғанын ескерсек, бұл проблема Қазақстан үшін әлі де көкейкесті болып қала бермек.