Пандемия құшағындағы соңғы 2 жыл адамзатқа денсаулықтың зор байлық екенін іс жүзінде дәлелдеді. Сын сағатында біздегі дерттің алдын алу, емдеу, сауықтыру ісінің «жүйкесі» сыр берді. Сонда да болса көпшілік бетперде тағып, вакцина салдырып, қауіпті вирусқа қарсы қарекет қылып жатты. Есесіне пайдаланылған бетперделер мен вакцинадан босаған құтылар медициналық қалдықтарды талапқа сай залалсыздандыру мәселесін күн тәртібіне шығарды. Пандемия «қоқысына» қарсы күресті бүгінде әлем елдері коронавирус инфекциясының таралуына тойтарыс берумен тең дәрежеде қарастырады. Сондықтан өзгелер бейберекет шашылған бетперделер мен бірге вакцинадан босаған құтыларды талапқа сай жою ісін мықтап қолға алды. Олай болатын жөні де бар. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың қарашасы аралығында әлемде 87 мың тонна жеке қорғаныш құралы пайдаланылды деген дерек таратты. Оған қоса ұйым пандемияға дейін әлемдегі медициналық мекемелердің 30 пайызында қалдықты өңдеуге арналған қондырғы болмағанына назар аударды.
Қатер қайдан демеңіз?
Осылайша, пандемия «қоқысымен» бірге өзге медициналық қалдықтарды залалсыздандыру мәселесі де өзекті бола түсті. Ал оны шешуде әркім өзінше әрекет етіп жатыр. Дегенмен медициналық қалдықты залалсыздандырудағы қателіктің салдары адамзат үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Оның қоршаған ортаға зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Мамандар әдетте мұндай қалдықтарды дұрыс өңдемеу инфекцияның қайта өршуіне себеп болатынын айтады. Демек, сан түрлі дерттің дауасы табылып жатқан денсаулық сақтау ұйымдарынан шыққан қоқыстың қаупі жоғары. Өкініштісі, сол, бізде медициналық қалдықты залалсыздандыру ісіне салалық ведомстволар тарапынан тиісті көңіл бөлінбей-ақ келеді. Тіпті, қауіпті қоқысты кәдімгі қалдық полигонына, тыйым салынған жерлерге төгіп кету фактісі көп кездеседі. Сарапшылар медициналық қалдықты залалсыздандыруға жауапты мекемелердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауының басты себебі ретінде оларға қойылатын бірыңғай талаптың жоғын атайды. Яғни, емхана, ауруханалардан шыққан қалдықты әр мекеме, нақтырақ айтқанда кәсіпкер өз білгенінше залалсыздандырады. Салада мұндай олқылықтың бар екенін Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мойындап отыр. Заң бойынша қызметтің бұл түрі арнаулы лицензиясыз-ақ көрсетіле береді. Демек, біздегі медициналық залалсыздандырумен кім көрінген айналысады. Осыдан соң қандай сапа күтуге болады? Ал салалық министрлік қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша бастама көтерген жоқ. Былай қарасаң медициналық залалсыздандыру қолында бірер арнаулы қондырғысы бар кез келген кәсіпкер айналыса беретін табысты бизнес сияқты. Алайда бұл жұмыстардың талапқа сай жүргізілмеуі экологиялық, эпидемиялық қауіп төндіретінін ұмытпау керек, – дейді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов. Шынында, қоршаған ортаға, адамзатқа медициналық қалдықтан келетін қауіп көп. Сала мамандары да денсаулық сақтау мекемелерінен шыққан қоқыстың 15 пайызы зиянды болатынын растайды. Мәселен, Ресейде 2000 жылдың басында сақтау мерзімі аяқталған шешек ауруына қарсы вакцинаны жоюға сала мамандары немкетті қарап, оны ауладағы қоқыс жәшігіне тастай салған. Осы бір салғырттық кесірінен әлгі вакцина салынған құтылармен ойнаған 6 бала от басып қала жаздады. 6 баланы былай қойғанда, дер кезінде алдын алмағанда құтыдағы кесел тұтас бір ауданды шарпуы да мүмкін еді. Бұған ұқсас жағдай Бразилияда да болған. Өкініштісі сол Д сыныпты медициналық қалдықты залалсыздандыру ережесінің сақталмауынан 4 адам қайтыс болды. Тағы 28 адам радиациялық күйік алған. Сол секілді әр жылдары Мексика мен Марокода, Алжирде де қауіпті қалдық қарапайым адамдардың өміріне қатер төндірген екен.Қалдықты қалай өңдейді?
Еліміздегі бұл бағыттағы жұмыстар «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» заңына сай жүргізіледі. Аталған заңда медициналық қалдықтардың қауіптілік дәрежесі бойынша 5 сыныпқа жіктелетіні көрсетілген. Атап айтқанда, А сыныбына тұрмыстық қатты қалдықтарға сияқты қауіпті емес медициналық қалдықтар жатқызылған. Сол секілді Б, В, Г, Д сыныпты қалдықтар қауіпті саналады. Сәйкесінше, оларды залалсыздандыру да осы қауіптілік деңгейіне сай жүргізіледі. Жаңадан қабылданған Экология кодексі де медициналық қалдықтарды залалсыздандыруда қоршаған ортаға зиян келтірмеуді талап етеді. Нұр-Сұлтан қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Чо-Зо-И Александраның мәліметінше, талап бойынша медициналық қалдықты залалсыздандыру жұмыстары денсаулық сақтау мекемелерінде басталуы керек. Медициналық мекемеде қоқысты сыныбына қарай сұрыптап, оны арнаулы ыдыстарға салады. Мәселен, А сыныбындағы қалдық ақ түсті қаптамаға, Б сыныпты қалдық сары қаптамаға, В сыныпты қалдық қызыл қаптамаға, ал Г сыныпты қалдық ақ қаптамаға салынады. Б және В сыныптағы медициналық қалдықтар арнайы пештерде жоғары температурада өртеледі. Б санатты сұйық қалдықты залалсыздандырылған соң канализациямен ағызып жібереді. Ал ота кезінде шығарылатын биологиялық қалдықтар арнайы ыдысқа салынып, патологоанатомиялық бюроға жеткізіледі. Онда тиісті сараптама жүргізілген соң биологиялық «қоқыс» қалалық зиратқа жерленеді, – дейді Чо-Зо-И Александра.Улы жалын
Алайда бұл жұмыстарға жауапты мекемелер заң талаптарына атүсті қарайтын секілді. Сөзімізге дәлел жаңа жылдың алдында ғана Атырау қаласындағы «Атамекен Эко» қоғамдық қорының экобелсенділері залалсыздандыру жұмыстарындағы талапты көз ілмеген мекемені әшкереледі. Қор төрағасы Арман Хайруллиннің айтуынша, экобелсенділер қаланы жайлаған жағымсыз иістен күдіктеніп, күмән туғызған нысанды торуылдаған. Күдігіміз бекер емес екен. Қоршалған нысанға амалын тауып кіргенімізде онда медициналық қалдықтардың өртелгеніне көз жеткіздік. Нысандағы қызметкер де басшылардың қас қарая қалдықтарды өртеуге бұйрық бергенін растады. Мұнда медициналық мекемелерден шыққан қоқыстар инфекциялық, онкологиялық ауруханалардан, ЖИТС орталығынан жеткізілген. Сонымен бірге COVID-19-ды анықтауға арналған тестілер, қаны бар шприцтер де болды. Жұқпалы аурулардан өлген иттердің де өлексесінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Олар да кешкісін өртелген. Негізінен медициналық, ветеринарлық қалдықтар ауа температурасы +1000, +20000С-қа жететін арнайы пештерде өртелуі керек. Ал біз болған мекемеде бұл талап сақталмаған, – дейді Арман Хайруллин. Осы бір фактінің өзінен біздегі медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ісінің заңға қайшы тұсы көп екенін байқайсың. Қызмет ұсынушыларға қойылатын нақты талап болмаған соң олар да қоқыстан мейлінше көп ақша табуды мақсат ететіні түсінікті. Сәйкесінше мұнда жергілікті тұрғындардың саулығы, қоршаған ортаның ластанбауы сынды фактілер назардан тыс қалатыны да белгілі жайт. Cоңғы жылдары медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ісінде қордаланған көп мәселенің шешімін крематорий салумен шешуді ұсынатын бастамалар көбейді. Әсіресе, коронавирус инфекциясының алғашқы құрбандары о дүниеге аттанған сәтте мәйітті өртеу орнының қажеттілігі айтыла бастады. Мәйітті өртеуден бөлек, отадан кейінгі биологиялық, ветеринарлық, медициналық қалдықтарды жою қызметін қоса ұсынатын мекеменің тиімділігі уақыт өте дәлелденер. Десе де, денсаулық сақтау мекемелерінен шыққан қауіпті қоқысты залалсыздандырудағы мәселе крематорийдің пайдалануға берілуімен түбегейлі шешіледі деуге болмас. Мұнда жоғарыда айтылғандай, кім көрінгеннің бірер құралымен медициналық қалдықтарды залалсыздандыру қызметін ұсынып, табыс табатындарға тосқауыл болмай, істің алға басуы екіталай.