Шекарадағы Марқакөл жеке аудан бола ма?
Шекарадағы Марқакөл жеке аудан бола ма?
844
оқылды
Шек­ара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі бұрын өз алдына аудан болған өңірдің тұрғындары «ау­данымыз қайта ашылып, айымыз оңынан туар ма екен?» деген үкілі үміттің жетегінде жүр. Әсіресе, марқакөлдіктердің ең басты арманы да – осы.

Президент пәрмен берді, Үкімет неге үнсіз?

Иә, бұған себеп те жоқ емес. Былтыр қараша айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент шек­ара­лық аудандарды дамыту бағ­дарламасын дайындау туралы тап­сырма беріп: «Шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлт­тық қауіпсіздікке тікелей қа­тысы бар мәселе. Оны жүйелі түр­де шешу қажет. Қомақты қара­жат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шека­ра­лас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын» де­ген болатын. Парламент Мәжілісінің депу­таты Ерлан Саиров мұны тағы да Үкіметтің есіне салып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. «Шығыс Қазақстан об­лысының үш шекаралық Катон­қарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын ашу мәселесін шұғыл шешу керек» деп мәселені төтесі­нен қойған депутат бұрынғы Ка­тонқарағай ауданындағы 22 мың халықтан 5, Марқакөл ауданында 25 мың халықтан 8, Тарбағатай ауданында 45 мың халықтан 19 мың адам қалғанын жеткізді. «Аза­маттардың көшу процесі әлі де тоқтаған жоқ. Алдағы 5 жыл ішінде тек Катонқарағай ауда­нын­да 13 ауыл бос қалуы мүмкін. Халықтың үдемелі көшу процесін тоқтатпасақ, 10 жылдан кейін Израиль мемлекетінің аумағымен тең Марқакөл, Катонқарағай аудандарында 500 тұрғындай ғана қалады», – деді халық қалаулысы. Десек те Президент пәрмен бергенімен, Үкімет әзірге үнсіз. Бұл мәселеге байланысты пози­ция­сын білдірген жоқ. Ал шекара­лық аймақтағы тұрғындар Ақорда мен Үкіметтен үлкен үміт күтіп жүр. Жақында бұрынғы Марқакөл ауданының бір топ тұрғыны Пре­зиденттің атына бейнеүндеу жол­дап, Марқакөл ауданын қайта қал­пына келтіруді талап еткен петиция жариялады. «Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы! Сіздің «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын іске асырамыз деген бас­тамаңызға үміт арта отырып, Марқакөл өңірін қайта қалпына келтіруді ұсынамыз. 1997 жылы аудан тарағаннан кейін шаруа­шылықтар тоқтады, кәсіпкерлік әлсіреді. Аудандық ауруханамыз да жабылып тынды. Үкіметтен үміт үзген ел орталыққа үдере көшті. Бүгін Марқакөл өңірінде аудан халқының үштен бір бөлігі ғана қалды. Қазір қай жағыңа қарасаң да, игерілмеген егістік, бос қалған үйлер, құлаған бала­бақша. Көп мәселенің жалғыз шешімі – Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру. Қазір көр­шілес жатқан Қытай елінің түнгі шамдары жарқырап, тордың арғы жағында елді мекендер саңы­рау­құлақтай өсіп жатса, біз жақтағы үйлердің шамы жылдан-жылға ке­міп барады. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші, шекара­лық аудандарды бос қалдыру қандай саясат екеніне халықтың миы әлі жетпей жүр. Егер аудан қалпына келтірілсе, біздің табиға­ты көркем, қойнауы қазынаға то­лы Марқакөл ауданы да елі­міз­дің дамуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз» делінген бейнеүн­деуде.

Марқакөлдің мүмкіндіктері

«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, «егер аудан құрылған жағ­дайда ол өзін-өзі ақтай ма, аяғынан қаз тұрып кете ала ма?» деген сауалдардың да туындай­тыны заңдылық. Осы сұрақтарды кезінде Марқакөл өз алдына жеке аудан болғанда әртүрлі қызмет атқарған азаматтар, экономистер мен кәсіпкерлерге қойдық. Кеңес заманында Тарбағатай, Мар­қа­көл, Катонқарағай, Күршім өңір­лерінде басшылық қызметтерде жұмыс істеп, 10 жылға жуық Тар­бағатай аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық партия ко­митетінің хатшысы болған Сай­лау­хан Аухадиев пайдалана білсе, Марқакөлдің әлеуеті зор екенін айтады. Шекаралық аудандарды бес саусағындай білетін ақсақал­дың пайымынша, Марқакөлде туризм мен кен орындарын былай қойғанда, мал, балық, марал, бау-бақша және орман шаруашылық­тарын дамытуға мүмкіндік мол. «Марқакөл – мал шаруашылығы­на қолайлы аудан. Әсіресе, қой, жылқы өсіруге. Кезінде Қаба сов­хозында асылтұқымды жыл­қылар көп болды. Марқакөлдің шөбі шүйгін. Марал өсіруге де бо­лады. Марқакөлдің ұшқыш ба­лығы (ускуч) өз алдына, Қара Ер­тістің бойы балық шаруашы­лығын өркендетуге сұранып-ақ тұр. Бұл өңірде суармалы жерлер көп. Бау-бақшаға аса қолайлы. Кезінде Қалжыр өзенінде кішігі­рім ГЭС болғанын айтады. Соны қалпына келтірсе. Марқакөлде орман қоры да мол. Құрылыс ма­териалдарын да көптеп дайын­дау­ға болады», – дейді ол. Марқакөл өңірінің Қаба сов­хозында 18 жыл мал дәрігері, 15 жыл зоотехник болып еңбек ет­кен Әділхан Бекбосынов: «Ке­зінде 25 мыңға дейін қой өсірдік. Марқакөлдің мал шаруашылы­ғындағы әлеуеті зор. Соны дұрыс пайдалана білу керек» деп өз пікірін білдірді. Марқакөлдің тумасы, қазір Алматы облысында қызмет ат­қарып жүрген кәсіпкер Нәси­мол­да Бакиннің пікірінше, өңірде қазба байлықтың қоры да аз емес. «Қалжыр өзенінің бойында «Қар­шыға» деген кен орны бар. Ол жер­де төрт-бес компания бар. Қа­зір Маңқан, Жалаңаш деген жер­лер ашылып жатыр. Осы кен орындарының өзі-ақ аудан бюд­жетін толықтырады. Аудан құ­рыл­са, өз күнін өзі көріп кетеді» деп Марқакөлдің тағы бір мүмкін­дігін меңзеген кәсіпкер Алматы облысында жаңадан құрылған Райымбек ауданының тәжірибе­сін шығыста да енгізсе деген ұсынысын жеткізді. Марқакөл шекара Оның ойынша, Марқакөл ауданы қайта құрылған жағдайда мұн­дағы бұзылып кеткен бұрын­ғы ғимараттарды қайта қалпына келтіруге облыстың өзге ауданда­ры көмекке келуі керек. «Кеген мен Райымбек аудандары бөлініп, орталығы Нарынқол ауылы бо­лып, Райымбек ауданы қайта құ­­рылғанда Алматы облысының басшылығы өңірдегі аудандарға ғана емес, жергілікті ірі компа­ния­ларға осындай өтініш жасады. Райымбек ауданы Үкіметтің қа­ражатынсыз-ақ құрылды. Мәсе­лені облыс әкімінің өзі-ақ шешті. Жергілікті халықтың өтініш-ті­легін ескерді. Мұны шығыста да неге жасамасқа? Бұл кезінде Үкі­мет басқарған, тәжірибелі басшы Даниал Ахметовтің қолынан кел­мейді дегенге өз басым сен­бей­мін», – дейді Нәсимолда Бакин. Белгілі экономист, сарапшы, GSB UIB бизнесті талдау орта­лығының директоры Мақсат Халық та осы пікірде. «Халықтың аудан орталығын қайта құру ту­ралы ұсынысы орынды деп ой­лаймын. Негізі, шекаралық ай­мақ­тағы аудандардың өз алдына дербес болғаны дұрыс. Өңірлік басқарудың осы сценарийін әлем­дік тәжірибеде жақсы қол­данады. Адамдар аз қалды деп аудандарды біріктіре бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Мәселен, Райымбек ауданын қай­та құрар кезде: «Жеке аудан болу үшін 50 мың халық болуы ке­рек, оған адам саны жетпейді» де­ген әңгімелер болды. Бірақ Ал­ма­ты облысының басшылығы халықтың мүддесін бірінші орын­ға қойып, адам саны жетпесе де аудандарды бөлді. Нарынқол өңі­рі қазір қайтадан жандана бастады. Осы тұрғыдан алғанда шекаралық аудандардың өзге елмен шектесетінін және жер­гі­лікті тұрғындардың экономи­калық белсенділігін арттыру мақ­сатында бөлек аудан ретінде қарастырған дұрыс. Бір мысал айтайын. Алматы облысының шек­аралық аймағындағы Саты ауылы қазір ең кәсіпкері көп ауыл болып отыр. Әрбір үй қонақ кү­теді. Марқакөлдің көл жағасын­дағы ауылдарын осы Саты ауы­лының үлгісінде неге дамытпасқа? Егер Марқакөл аудан ретінде құ­рылып жатса, осы аймақтағы азаматтардың еңбекақысын бір жарым ставкаға көтеру, көшіп баратын адамдарға жеңілдікпен үй беру, ауыл шаруашылығымен шұ­ғыл­данамын деген азаматтарға жер беру, 50 пайыз жеңілдікпен несие қарастыру секілді мәселе­лерді ой­ластырған жөн», – дейді ол.

Ауылға баруға дайын отырған азаматтар

Егер Марқакөл аудан ретінде құрылса, туған топырақтарына бет бұрып, елді мекендегі елді ыды­ратпай сақтау үшін шаруа­шы­лық ашып, жерлестерін жұ­мыс­пен қамтуға ниет білдіріп отыр­ған кәсіпкер азаматтар да жоқ емес. Мәселен, Марқакөлдің Қарой ауылының тумасы, қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Жо­март Сайболатовтың өз ауылын қайта түлету үшін жылқы және қаз шаруашылығын ашпақ ойы бар. «Алатаудың баурайында тұр­сақ та, туған жеріміз – Алта­йы­мыз­дан кіндігіміз үзілген жоқ. Қа­ройдың жазы – салқын, қы­сы – жылы. Суы мол, шөбі қалың. Жыл­қы өсіруге өте қолайлы. Қа­ройдың маңында бұлақ көп. Сол бұлақтарды бөгеп, шағын су қой­масын жасап, қаз өсіруге де бо­лады. Жазы жаңбырлы. Егін егуге де болады. Бұл жақта бал арасын өсіруге де мүмкіндік бар. Қарой өңірінде 40-тан астам гүл гүлдейді. Әртүрлі шөптен неге бал жина­масқа? Мұнда ағылшын тұқымды жылқыларды да өсіруге болады. Өзім Қаройға 40-50 ағылшын тұқымды биелерді әкелсем бе де­ген ойым бар. Қазір Ертіс жаға­сын­дағы Боран ауылында қаз өсі­ріп отырмын. Соны ақырын­дап туған ауылыма көшірсем бе деген жоспарым бар», – дейді кәсіпкер. Осы ауылдың тағы бір тумасы Нәсимолда Бакин Қаройды жан­дан­дыру үшін алматылық доста­рымен бірлесіп, марал шаруашы­лығын ашқысы келетінін айтады. Әрине, шаруашылық ашылса, бі­ріншіден, ауылдың бірнеше тұр­ғыны жұмыспен қамтылып, екін­шіден, мемлекетке де салық түсе­тіні анық. «Жұрт Катонқа­ра­ғайға не үшін барады? Бұғының мүйізіне түсу үшін, емделу үшін ба­рады. Катон мен біздің Мар­қа­көлдің табиғаты бірдей. Осындай ем­деу орнын неге Марқакөлде аш­пасқа? Биыл жазда елге кел­генде Мар­қакөлдің сай-саласын асықпай аралап шықтым. Сонда кезінде Марқакөлдің бүкіл сов­хоздары жыл­қысын бағып, егін ек­кен құ­нарлы жерлердің қарау­с­ыз, ен жатқанын байқадым. Бірақ сол жерлердің бәрін совхоз тара­ған­нан кейін ауылдың адам­дары ұзақ жылға жалға алған. Өздері бая­ғыда қалаға, Өскеменге көшіп кеткен. Жерді сұрасаң, «менікі» деп шыға келеді. Өздері не мал ұс­тап отыр­ған жоқ, не шө­бін ша­уып отыр­ған жоқ. Мем­ле­кет со­ның бәріне ин­вентариза­ция жа­сап, кім­нің жерді пайда­ланып, кім­­нің пайдаланбай отыр­ғанын анықтаса, жерді дұрыс пайда­лан­бай жүрген тұрғындар Үкіметке қа­йтарып берсе. Ауылға көмек­те­семіз, марал шаруашы­лығын да­мы­тамыз деп отырған іс­кер жігіт­терге айдаладан емес, сұраған жер­­­лерін беруге кө­мек­­тессе жөн болар еді. Мәселен, ал­ма­тылық жі­­гіт­тер марал шаруа­шы­лығын Қал­­­жыр өзенінің ма­ңы­нан ашқы­сы келеді. Жер мә­селесі ше­шілсе, жігіттер іске кі­рі­суге әзір», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы