«Жалаңаш сәбиді суық бөлмеге қамап қойған» – балабақша тәрбиешісі жұмыстан кетті
«Жалаңаш сәбиді суық бөлмеге қамап қойған» – балабақша тәрбиешісі жұмыстан кетті
Фотода балабақша директорының міндетін атқарушы Елена Данковская.
148
оқылды

Павлодарда балабақша тәрбиешісі екі жасқа толмаған бүлдіршінді жалаңаштап, салқын бөлмеге қамап қойған, – деп хабарлайды AstanaTV.

Анасы баласының жарты сағаттан астам суық бөлмеде қамалып отырғанын айтып, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Ол бір жастан асқан сәбиінің  жалаңаш жүрген бейнежазбасын жариялады.
Баланың анасы Алина Омарова: «Қызымның 40 минут бойы киім шешетін бөлмеде өзі жалғыз отырғаны жүрегімді ауыртты. Бейнежазбада көргендеріңіздей,  қызымның үстінде киімі жоқ, жүгіріп жүр. Тәрбиеші столдың үстінде тұрған киімді кигізбей, суық бөлмеге қамап қойған. Қазір қызым, қараңғы жерден қорқады. Үйде барлық жерде жарықты қосып жүреді», – дейді.
Алина Омарованың қызы бұл балабақшаға барғанына жарты жылдан асқан.
Балабақшаның директор міндетін атқарушы Елена Данковская: «Тәрбиешінің аяғы ауыр болғандықтан қатаң сөгіс жариялай алмадық. Бірақ күні кеше ресми түрде тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылды», – деді.
Білім және ғылым министрлігі жекеменшік балабақшалардың жұмысына араласа алмайды.
Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова: «Былтырдан бастап қайтадан мемлекеттік аттестация енгізілді. Балабақшалар, мектептер, колледждер тексеріліп жатыр. Былтырғы жоспар бойынша 78 балабақшаның 80 проценті аттестациядан өткен жоқ», – дейді.

Ал жекеменшік балабақшалардың мәселесіне комитет араласа алмайды. Онымен құқық қорғау органдары мен прокуратура айналысады.