Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері елорданың және Қарағанды облысының полицейлерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында “Family Village” коттедж қалашығындағы үйлердің бірінде синтетикалық есірткі өндіріп, қала аумағында олардың көтерме саудасымен айналысқан екі жас қызды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, ұсталған қыздардың бірі жалға алған үйді тінту барысында 1218 таблетка “Экстази” синтетикалық есірткісі, 2 кг “Альфа-PVP” синтетикалық есірткісі, сондай-ақ есірткі өндірісінде қолданылатын заттар – 140 литрден астам прекурсорлар және үй жағдайында есірткі дайындауға арналған түрлі зертханалық жабдықтар табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткі құралдарына сот-химиялық сараптамалар жүргізілді. Осылайша, полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін кезекті есірткі зертханасын жойды. Ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы синтетикалық есірткінің ірі партияларын дайындап, “жасырын” жолмен Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан. Ұсталғандар таяуда ғана жалпы салмағы 1,2 кг мефедронды қала сыртында екі ірі жерде жасырғаны белгілі болды. Олар қосымша тергеу әрекеттері барысында тәркіленіп алынды. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 3 кг 840 гр құрады. Ұсталғандардың бірі Ресей Федерациясының тумасы. Қазіргі уақытта айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, сондай-ақ басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы еліміздің бірнеше облысында Ресейден прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды жеткізумен, сондай-ақ, синтетикалық есірткілерді өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топтың қатысушыларын ұстау бойынша ірі шаралар жүргізілген. Өткен жылы ішкі істер органдары барлығы 17 есірткі зертханасын жойды. https://www.youtube.com/watch?v=w4I1TQLUbCA&t=12s