Бердібек Сапарбаев «Персиктің» «қазасына» қалай тап болды?
Бердібек Сапарбаев «Персиктің» «қазасына» қалай тап болды?
728
оқылды

Жамбыл облысында қоғам белсендісі Жанна Папинаның «Персик» есімді итінің өлімі қоғамда қызу талқыланып ғана қоймай, елдің еріксіз езуін тартқызды. Оған себеп облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Персиктің» «қазасына» себепкер болған ит атқыштардың әрекетін сөгуі болды. Әлеуметтік желіде желдей ескен видеоны көріп, көпшілік аймақ басшысының әрекетін сынап қана қоймай, «білдей-бір облыс әкімінің бұнысы не?» деп кекетті.

Жалпы желіде тараған видеоға көз салсаң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өлі иттің қасында тұрып, «Шаш ал десе, бас аласыңдар. Мен сендерге иттің бәрін бас салып ата беріңдер деген жоқпын ғой» деп қаңғыбас иттерді атуға жауаптыларды сөгіп жатқанын көруге болады. Алайда видеода облыс әкімімен қоса оның орынбасары, ветеринария басқармасының басшысы және Тараз қаласының әкімі не себепті топтасып жүргенін көпшілік түсінбеді. «Бір иттің өліміне бола сонда бүкіл облыстың атқамінерлері қоғам белсендісінің алдына келген ба?» деп таңырқай қарады. Сондай-ақ бұл жайтқа түрлі болжам жасағандар да көп болды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің  өкілдері ресми ақпарат таратты.
«Қоғам белсендісі Жанна Папинаның итінің өліміне қатысты: Әлеуметтік желіде және кейбір БАҚ беттерінде тарап жатқандай облыс әкімі Бердібек Сапарбев қоғам белсендісінің итінің өліміне арнайы барып, көңіл айтты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жанна Папина итінің денесін облыс әкімі аппаратының алдына әкеп, аймақ басшысының шығуын талап еткен. Дәл сол сәтте облыс әкімі өзінің орынбасарларымен бірге (08.02.2022ж. сағат 15:00-де) әкімдік ғимаратының жанындағы «Тараз»  ӘКК-да өтетін есептік жиынға (жаяу) барады. Жолай алдынан шыққан қоғам белсендісінің мәселесіне көңіл аударып, мән-жайдан хабардар болады. Аталған видео-фото сол сәтте түсірілген. Жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз!», – делінген ресми хабарламада.
https://youtu.be/9bcjzHRq4aI   Айта кетейік, бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың туған күні. Бес облысты басқарған Бердібек Машбекұлы 69 жасқа толып отыр.

Айдар Айнабала