«Nur Otan» фракциясының «Жас депутаттар» корпусы Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады
«Nur Otan» фракциясының «Жас депутаттар» корпусы Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады
280
оқылды
Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының «Жас депутаттар» корпусы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. 
"Жыл басында болған оқиғалар мемлекеттік саясаттың әділетті, әрі ашық жүргізілуін талап етуде. Келісеміз, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні жастардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерумен тікелей байланысты. Кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек»  – деп дөп басып айтты. Сондай-ақ, Президент еліміздегі жастардың шынайы мүмкіндіктері туралы ащы шындықты көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Өйткені, олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр» деп елдегі табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсініктің бар екенін нақты көрсетті. Жастар арасында адал еңбектің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзып келеді. Тіпті, кейбірі соларға қарап бой түзейтін болды. Одан бөлек, көлеңкелі саудасы орасан, әділетсіз делдалдық жүйе қалыптастырған «Алтын орда» сияқты базарларды заманауи ашық бизнес ортаға айналдыру, сондағы жастардың сапалы әлеуметтенуіне шынайы септігін тигізетіні сөзсіз. Президентіміздің «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет» деген бастамасы, әрбір жастың ұстанымына айналуы тиіс деп есептеймін. Неге десеңіз, Мемлекет басшысы қоғамда ұлтты жегідей жейтін кеселдердің бірі – масылдықты тілге тиек етті. Жұмыс істеудің орнына жақындарына ауыртпашылық салып, өз өміріне деген жауапкершілікті сезінбейтіндер де баршылық. Әрекетсіздік пен енжарлықтың шырмауында кеткен жастарымызға, «еңбек, бәрін жеңбек» қағидатын ұстануға шақырамын. Дәл қазір, елге көмекті еңбекпен көрсететін уақыттың жеткенін мойындауымыз қажет. Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Сондықтан, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керек. Әсіресе, NEET санатындағы жастардың көбі кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүреді. Осы ретте, 700 мың жұмыс орнын ашу, іс жүзінде орындалуы керек. Ал, жастарға арналған бағдарламалар жайлы ақпараттан олардың көбі хабарсыз. Иә, бүгінгі еліміздегі әл-ауқаттың көрсеткіштеріне көңіліміздің толмайтыны анық. Дегенмен, біздің өзге Отанымыз жоқ. Сондықтан, жұмыс күштері жетіспейтін өңірлерге көшу арқылы, әрбір жас қазақстандық өзінің жұмыссыздық мәселесін шешіп қана қоймай, ел дамуына елеулі үлес қосады. Ішкі миграция мәселесіне оң көзбен қарайтын кез келді. Солтүстік, Шығыс өңірлеріндегі ауылшаруашылық, қызмет көрсету, кәсіпкерлік пен тұрақты жұмыс орындары бойынша бағыттарды игеретін де жастар. Шындығында, бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру, балық бермей, қармақ беру принциптеріне сай ұйымдастырылуы шарт. Бұл Үкіметке басты міндет болуы қажет. Құрметті әріптестер, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген мәселені талқылап, алдымызға нақты міндеттер қойды. Бұл міндеттердің басым бөлігі, елдің үштен бір бөлігін құрайтын жастарды (14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 6,2 миллион) қолдауға бағытталатыны анық. Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Сондықтан еліміздің жастарына қайыспай біртұтас қауым болып, адал еңбек пен «еліме не беремін?» деген қағиданы ұстану қажет екенін айтамын", - делінген депутаттық сауалда.