Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
– Келіссөз өте мазмұнды және тиімді болды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінгі келіссөзге көңілім толатынын айтқым келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін атаулы жыл болмақ. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде достыққа, ортақ тарихқа және халықтарымыздың ментальдық тұрғыдан жақындығына сүйене отырып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастырдық. Тиімді саяси диалогтің арқасында барлық бағыт бойынша зор жетістіктерге қол жеткізд ік. Біздің құрлықтағы шекарамыз – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл бүкіл халықаралық қоғамдастыққа нағыз тату көршіліктің, сенімді одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді. Екі ел басшылары қазіргі қазақ-орыс мәселелерін ашық әрі өзара сенім негізінде талқылады.
– Елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстардың жоғары деңгейдегі табысты дамуына көңіліміз толатынын атап өттік. Өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуетін ескере отырып, саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге ниетті екенімізді нақтыладық. Біз өзара сауда-саттықтың оң қарқынын сақтауға уағдаластық. Пандемия шараларына қарамастан, жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Былтыр тауар айналымы 21 миллиард доллардан асты, – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді және олардың салған қаржыларының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асады. Елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвестициялық портфелі барлық саланы қамтыды.
– Біз өндіріс кооперациясын кеңейтудің перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны іске асырды. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзірленуде. Келіссөз кезінде құрметті Владимир Владимировичке бұл жобалардың бәрі менің жеке бақылауымда екенін айттым. Олардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, елдеріміздің өнеркәсіп және технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Өңіраралық ынтымақтастықтың да пайдасы зор. Екі ел арасындағы сауда айналымының шамамен 70 пайызын өңірлеріміз арасындағы өзара тиімді сауда-саттықтың үлесі құрайды, – деді Мемлекет басшысы.