Кедейшіліктің себебі көп, дегенмен оның басты «қоздырғышы» жұмыссыздық екені даусыз. БҰҰ есебінше, 2021 жылы әлемде еңбек нарығында қысқартылған жұмыс орындарының саны қаржы дағдарысы болған 2009 жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. COVID індеті жайлаған үш жылға таяу уақыт ішінде Жер шарында жұмыссыздар саны екі есе өсті. Бүгінде 2 миллиард 200 миллион адам кедейліктің құрсауына түскен. Олардың 11 пайызы таза тақыр кедей (780 млн). Осыған орай БҰҰ хатшылығы «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, барлық елдерді кедейшілікпен белсенді күресуге шақырды.
Жалған статистика жарға жығады
Халықаралық норма бойынша күніне 5,5 АҚШ долларына өмір сүретін адам «кедей», ал 1,9 доллардан аз ақшаға күнелтетіндер «тақыр кедей» деп есептеледі. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 2,8 доллар (Ресейде күніне 6 доллар). Кедейлік көрсеткіші 2002 жылғы 28 пайыздан 2019 жылы 9 пайызға дейін төмендегенімен, пандемия басталғалы жұмыссыздық қайта өршіп кетті. Сарапшылар биыл кедейлер қауымының қарасы 12 пайызға жетуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал халықтың жаппай кедейленуі мемлекетке өте қымбатқа түсетінін кешегі «қасіретті қаңтар» оқиғасы айқын көрсетіп берді! «Бүгінде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, жан басына шаққандағы табыс көлемі мен орташа жалақы ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Шынында, тек қана жәрдемақымен өмір сүріп жатқан жандар аз емес. Кейінгі 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірістері 80 пайыздан 67 пайызға дейін кеміді. Ал оның орнына әлеуметтік трансферттер 17 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайды. Бұл тұрғындардың елеулі бөлігінің бюджеттің шығысына тәуелді екенін көрсетеді»,– деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде. Президент жұмысшылар жалақысы инфляция мен нарықтағы бағаға қарағанда анағұрылым баяу өсетінін айтты. Салдарынан әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеген. Мысалы, халықтың әлеуметтік тұрғыдан ең аз қамтылған бөлігі отбасылық бюджетінің 59 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 998 мыңға жеткен. Ал сарапшылар кедейлердің 1,5 млн-нан кем емес екенін айтады. Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі екі индикатормен өлшенеді – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл өкіметтің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған қулығы. Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей болуың керек! Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Соған қарамастан Қазақстанда ондаған жылдар бойы кедейлік шегі көтерілмей келеді. Қазір біздегі төменгі күнкөріс мөлшерлемесі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандардың саны керісінше азая түскен. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайын тұралатып жіберді. Сөйте тұра, 2021 жылғы статистикалық деректердің бәрі жағымды динамиканы көрсетті. Мысалы, Ұлттық банк былтыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмады. Бұл кезде картоп бағасы 3 есе өскен, басқа тағамдардың да бәрі қымбаттаған. Кейбір құрылыс материалдарының құны 2-2,5 есе артқан және әлі күнге дейін сол деңгейден түскен жоқ. Сөйте тұра, Сауда және интеграция министрлігі жалпы баға өсімі 12 %-дан асқан жоқ деген ақпарат таратты. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма ретінде қабылдай салды.Әлеуметтік төлемдер ұлғайды
Халқымыздың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайының төмендігі мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіреді. Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде тапсырмалар берген болатын. Содан бері бір ай өтті, атқарушы билік өз деңгейінде еңбектеніп жатқан шығар, бірақ оның нақты нәтижесі туралы бірдеңе деуге әлі ерте. «Президент Үкіметке кедейшілікке қарсы күрес жөніндегі бағдарламаны әзірлеуге екі ай мерзім берді. Алдағы уақытта оны қандай сипатта жасалып шығатынын уақыт көрсете жатар. Бірақ ең алдымен, Үкімет мұндай бағдарламаны жасамас бұрын елдегі жұмыссыздардың санын нақты анықтап алуға тиіс. Өйткені жергілікті әкімдіктердің тізімінде өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жеке кәсіпкер болып тіркелгендердің көпшілігі қазір жұмыссыз жүр. Әсіресе, пандемия жағдайында көп кәсіпорын жабылып, талай адам жұмыссыз қалды»,– дейді экономист Мақсат Серәлі. Әзірге бір айта кетерлігі, жыл басынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ( МӘСҚ) төленетін үш әлеуметтік төлемнің көлемі көбейді. Бұл шара 347,7 мың адамның тағдырына ықпалын тигізді. Үкімет қаулысына сәйкес, 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған адамдарға МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері 5 пайызға өсті. «Бұл ұзақмерзімді төлемдер, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбек қабілеттілігін қалпына келтірмейінше, не зейнеткерлік жасқа жеткенше; асыраушысынан айырылған жағдайда – балаларға кәмелетке толғанға дейін және күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін жүзеге асырылады», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала күтімінде отырған жандарға МӘСҚ-тан берілетін 1 жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақының мөлшері ұлғаяды. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа табыстың 40 пайызын құрайды. Бұл жағдайда әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері баланың туу кезектілігіне қарай белгіленген ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс. Аталған барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру МӘСҚ активтері есебінен жүзеге асырылады.Қытай кедейліктен қалай құтылды?
Әңгімеміздің басында кедейшілікпен күрес біздің ғана емес, әлем елдерінің басындағы ортақ проблема екенін айттық. Осы істе көршілерден, әсіресе Қытайдан үйренеріміз көп. Мәселен, пандемия жан алқымнан алып, барша өндірістер тоқтап, жұмыссыздық көбейіп жатқан кезде былтыр қытай жұртының «біз кедейлікті жеңдік» деп баршаға жар салуы ешкім күтпеген жаңалық болды. 2021 жылғы 25 ақпанда Бейжіңде өткен «Кедейліктен құтылудың шешуші шайқасын бүкіл мемлекет бойынша қорытындылау жиналысында» ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: «Біз кедейшілікпен күрестегі шешуші шайқаста толықтай жеңіске жеттік. 98,99 млн адам кедейліктен құтылды. 832 аудан кедей атауымен қош айтысып, 128 мың қыстақ жоқшылықтан арылды. Біз тұтас өңірлердің мәселесін түбегейлі шешіп, абсолютті кедейлікті жою міндетін орындап, адамзат тарихында тасқа таңбаланатын тағы бір ғажапты жасадық» деп жария етті. БҰҰ-ның санағы бойынша, Қытай 1978 жылға дейін кедей елдердің қатарында болды. Сол кездегі жалпы ішкі өнімі Африка құрлығындағы ең артта қалған Замбияның көрсеткішімен шамалас еді. Алайда қытай реформашысы Дэн Сяопиннің «Реформа жасап, сыртқа есік ашу» саясатынан кейін Қытай жедел дамып, кедей, мешеу елден дамыған елдердің қатарына қосылды, тіпті алпауыт АҚШ-пен үзеңгі қағыстыратын деңгейге жетті. Халқын кедейліктен құтқарды. Қытай экономикалық реформасын бастаған өткен ғасырдың 80-жылдары халқының 1 млрд-тан астамы кедей санатында тұрған. 40 жылдық даму кезеңінде оның 800 млн-ға жуығы кедейлік қамытынан сытылып шықты. Бірақ ҚХР бұл жетістікке оңай жете қойған жоқ. Тіпті, оның осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайы да мәз емес еді: қытайлардың 99 пайызының табысы төмен кірістілер санатында болатын. Қытай Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2012 жылдан бері халықтың жан басына шаққандағы орташа таза табысы екі есеге өсті: ауыл тұрғындарының табысы – 15 204 юанға, қала тұрғындарының табысы 40 378 юанға жеткен. Қытай экономикасының өсімі жылына орташа есеппен 7 пайызды құрайды. Қытай экономикасының тез дамуына оның ондаған жылдар бойы арзан тауарлар өндірісін жандандыруы ықпал етті. Бұл өз кезегінде әлемдегі ең арзан тауарларды құрастыруға, сатуға негізделген экономиканың өсу стратегиясын қалыптастырды. Соның арқасында қазір Қытай әлемдегі өндіруші әрі жабдықтаушы елге айналды. Сондай-ақ ел билігі жекеменшік өндірісшілерді өнімдерін экспортқа шығаруға ынталандырып, салықтан босатты, халықаралық бәсекеге төтеп беру үшін қосымша қаражат та бөлді. Бұл кәсіпкерлеріне көп септігін тигізіп, олардың шетелдерге дейін ірге кеңейтуіне мүмкіндік берді. Қытай экспортының 90 пайыздан астамы жекеменшік секторға тиесілі болуының себебі, міне, осы. Бұл Қытай экономикасының өсуінің және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуінің негізгі факторына айналды. Әрі кедейлер санын азайтты.