Жасырын жұмыссыздық жарға жығады
Жасырын жұмыссыздық жарға жығады
© коллаж: Елдар Қаба
Үкімет ашып жатқан жұмыс орындары халықты кедейшіліктен құтқара алмайды. Өйткені онымен күресуге жауаптанған ведомстволар нақты нәтижені емес, тек қысқамерзімді әсер факторды таңдайды. Ал мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз кәсібін дөңгелетіп әкеткендердің көрсеткіші тым жұпыны, сондай-ақ жыл сайын оқу орнын бітірушілердің елеулі бөлігі жұмыссыздар армиясын көбейте түседі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әлеу­меттік мемлекет ретінде да­мып келеді. Алайда қаңтар айы­ның басындағы трагедиялық оқи­ға­лар, халықтың бейбіт шеруде айт­қан та­лаптары «еститін үкімет­ке» елдегі әлеуметтік-экономи­ка­лық проблемалардың қаншалықты ушы­ғып кеткенін көрсетіп берді. Экономист Марат Қайырленов мұ­­ның сырын көптеген бағдар­ла­ма­ның сапалық тұрғысынан сын кө­термейтіндігінен деп түсіндіреді: «Біріншіден, Үкіметтегі ха­лық­ты еңбекпен қам­туға жауапты ма­­­­­­­­­ман­дардың кәсіби білік­тілігі тө­­мен. Салдарынан жобалар о бас­та дұ­рыс сарапталмайды, оларды іске асыру кезінде жем­қорлыққа жол беріледі және қатаң қада­ғалау жа­­салмайды. Екіншіден, жоба­лар­ды жүзе­ге асыруы тиіс мемлекеттік ме­ханизмдер­дің өзі егжей-тег­жей­лі нақтыланбаған. Сон­дай-ақ Қа­зақ­станда кәсіпкерлерге қаржылай кө­­мек көрсететін 32 мемлекеттік қол­дау инс­титутының атқарымдық фун­кциялары бір-бірі­мен шаты­сып жатыр. Адамдар соның бәрі­не ба­рып, сабылып жүреді», – дейді экономист. Оның айтуынша, былтыр кейбір өңір­лер­де «Еңбекпен қамту» бағдарламасы үшін қарастырылған қаржы жыл аяқталар шақта ғана – қазан-қараша айында түскен. Ал 2-3 айда игермесе, кейін алып қоямыз деп тағы қорқытады. Сондықтан жоба опе­раторлары бөлінген ақшаны қалай бол­са солай жаратуға жанталасады. Мұнан кейін қандай жұмыс сапасы туралы айтуға болады?! Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Қа­зақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам белсенді кәсіпорын бар. Ал жұмыссыздар саны 450 753 адамды құра­ған. Алайда жасырын жұмыссыздық дең­гейінің одан әлдеқайда жоғары екені бел­гілі. Айталық, былтыр көптеген дамыған ел­де эпидемиологиялық ахуалға байла­ныс­ты еңбек нарығындағы жағдай құл­ды­рап, жұмыссыздық көрсеткіші 10-15%-ды маңайлаған. Мәселен, АҚШ-та жұмыс­сыз­дық деңгейі бір жылда – 8,1%-ға дейін, Ка­надада – 9,6%-ға, Испанияда 15,5%-ға дейін артқан. ТМД-ның басқа елдерінде де жұмыссыздықтың өскені байқалады: Ар­менияда (+4 пунктке), Әзербайжанда (+2,3 пунктке), Украинада (+1,7 пунктке), Өз­бекстанда (+1,6 пунктке). Ал біздегі жұмыссыздық 2020 жылы не­бәрі 0,1 пунктке артып, 4,9%-ды құраса, 2021 жылғы ресми статистика сол қал­пын­да қалып отыр. Бұған қарап, Қазақстан жұ­­мыссыздықпен күресте әлем елдерінің ал­дына шығып кеткен бе дерсің?! Бірақ ол цифрға әлеумет те, сарапшылар да сенбей­ді.

Мемлекеттік бағдарламалардың пәрмені жоқ

Республикалық бюджеттің жартысы­нан астам бөлігі әлеуметтік салаға бөлініп, ха­лықтың тұрмысын жақсартуға бағыт­та­ла­ды. Бірақ осы қаржыны халық игілігі үшін тиімді пайдалану тұрғысынан кел­ген­де кем-кетік көл-көсір. «Жұмыссыздық деңгейін төмендету шы­ғындарының едәуір бөлігі уақытша жұ­мыс орындарын ашуға жұмсалған. Со­ның салдарынан адамдар орташа алғанда не­бәрі 1-3 айға ғана уақытша еңбекпен қам­тылады. Еңбек министрлігі мен әкім­діктер көп жағдайда жүздеген миллиард құйылып жатқан еңбек бағдарламалары аясында жылдам орындалатын, тиімділігі аз жобаларға басымдық береді. Есеп ко­митетінің дерегінше, дағдарысқа қарсы жо­балардың бар-жоғы 14%-ы ұзақмерзімді эко­номикалық активтерді және объек­ті­лерді құруға бағытталған. Осыдан әлеу­мет­тік саланың әлсіздігін өтейтін әдеттегі мо­дель сәтсіздікке ұшырай бастады»,– де­ді Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова. Сондай-ақ мемлекет тарапынан кә­сіп­керлерге қаржылай қолдау көрсету ісі де ақ­сап жатыр. Мәселен, отандық өндіру­ші­лерге «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде мик­ронесие беріледі. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, сол арқылы ша­ғын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үле­сін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жет­кізу, жұмыспен қамтылғандар санын 4 мил­лион адамға дейін ұлғайту көзделген. Алай­да микронесиелерді бөлумен бірнеше мемлекеттік органдардың қаржы инс­титут­тары айналысатындықтан, бұл істе бірізділік жоқ. Соның кесірінен қазынадан бөлінген несиенің құны 0,01%-дан 6,0%-ға дейін қымбаттаған. Одан бөлек, 2017-2021 жылдары «Бас­тау Бизнес» жобасы бойынша 165 мың тың­даушыны оқытуға мемлекеттік көз­дер­ден 13,1 млрд теңге қарастырылған. Бі­рақ қазынадан мұншама қаржы құйылған жобаның нәтижесі көңіл көншітпейді. Соңғы үш жыл ішінде жобаға қатысқандар­дың тек 24,4%-ы өз бизнесін ашқан. Сон­дай-ақ жұмыс орындарының тапшылығы­нан немесе жалақының мардымсызды­ғы­нан жыл сайын ЖОО бітірген жастардың елеу­лі бөлігі екі қолдарына бір күрек тап­пай, сенделіп жүр: 2018-2020 жылдары ара­лығында жұмыссыз түлектердің үлесі 76,2%-дан 68,2%-ға төмендеген. Тағы бір мә­селе, «Серпін» жобасы бойынша 2018-2020 жылдары берілген гранттардың 55%-ы талап етілмеген күйінде қалған. Сенатор «Жұмыспен қамтудың Жол кар­тасы» бағдарламасына бөлінген қара­жа­ттың тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау қа­жет деп санайды. Сондай-ақ қол­да­ныс­тағы «Еңбек» бағдарламасына қосым­ша инф­рақұрылым объектілерін салу және да­мыту есебінен жұмыс орындарын көбейту керегін айтады. «Өзін-өзі «өнімді жұмыспен» немесе «өнім­сіз жұмыспен» қамтитын деген түсі­ніксіз санаттағы адамдардың күнкөріс дең­гейі әлеуметтік тұрғыдан кешенді зерт­телуі тиіс. Икемді еңбек нарығын жетіл­дір­генде алдымен қоғам дамуының ең бас­ты авангарды – жастарды тұрақты жұ­мыс­пен қамту мәселесін шешу керек», – деп түйіндеді Айгүл Қапбарова.

Ауылдықтар екі қолға бір күрек таппай жүр

Жалған статистика ауылдағы нақты жұ­мыссыздық жағдайын да жасырып, жауып тұр. Шалғай жерлерде көптеген тұр­мыстық-әлеуметтік мәселелердің ше­шілмеуінен ішкі көш-қон жылдан-жылға ұлға­я түскен. Тек 2019-2020 жылдары ауыл­дан қалаға 880 мың адам қоныс аудар­ған. Қазір еңбекке қабілетті халықтың 41 %-ы ауылдан қалаға көшуді қалайды. Ал ірі мегаполистерде тұрғындар санының өсуі еңбек нарығына қысымды одан сайын күшейте түспек. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны реттеп отыру ке­рек қой. Егер қалаларға жаппай қоныс­тану басталса, ауыл шаруашылығында кім жұмыс істейді, мемлекеттің азық-түлік қауіп­сіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Ше­каралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауыл­дық аймақтардың ахуалын реттеу эко­номикалық қана емес, саяси, стра­те­гия­лық маңызы бар күрделі мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік органдардың құрғақ цифрлар ой­нын доғарып, елдің тұрмысын жақсарту бойын­ша нақты тапсырма берді. Халық бол­са, Үкімет қазіргі жағдайды ескере оты­рып, жұмыспен қамту бойынша қан­дай шаралар қабылдап жатыр деп алаң­даулы. «Біз, бір топ сенаторлар, Үкімет бас­шы­сына ресми органдар ұсынған бояма сан­дардың ауыл өмірінің шындығына сәй­кес келмейтінін айтып келдік. Ст­а­тис­тика бойынша ауылдағы жұмыссыздар са­ны 181 мың адам немесе 4,7%. Бірақ іс жү­­зінде одан әлдеқайда көп. Біз респуб­ли­каның барлық аудандарында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың ба­сым көпшілігі басты мәселе деп жұ­мыс­тың жоқтығын атады. Осы сауалнамада көр­сеткендей, ауыл тұрғындарының нақ­ты табысы айына 35 мың теңгені құрады. Мұн­дай ақшаға қалай күн көруге болады?» – деп кейіді тағы бір сенатор Ақылбек Күрішбаев. Үкімет ауылды дамыту үшін әр жыл­дары түрлі бағдарлама әзірлеген. Қазіргі осы мақсатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы қабылданған, бірақ оған жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Ал ауылға басымдық беретін дербес құжат жасалмай, бұл бағытта үлкен жетістіктерге қол жеткіземін деу әурешілік болар. Депутаттар, сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асыруды Ұлттық эко­номика министрлігінің қарамағынан алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынған еді, әзірге бұл ұсыныс та ескерусіз қалған. Өйткені кез келген ауыл­ды дамытудың негізінде ауыл шаруа­шы­лығы өндірісін дамыту мәселесі жатқанын ұмытпаған жөн. Бүгінде бірқатар елді мекендер ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қо­жалықтарының арқасында өмір сүріп ке­леді. Шалғай жерлердегі бірден-бір жұ­мыс беруші солар. Дегенмен әкімдердің ше­шімдерінің арқасында, әйтпесе өз­дерінің пысықайлығымен ірі жер пай­даланушыларына (латифундистер) айнал­ған көптеген үлкен компания әлі де болса «ауылдың ішкі жағдайына бас ауыртпай, егін егуге және егін жинауға ғана келетіні» жа­сырын емес. Ал Үкімет пен жергілікті ат­қарушы билік мұндай жосықсыз ком­па­ниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арт­тырып, аймақтарды дамытуға мін­дет­тейтін болса, онда елді мекендердегі жұ­мыс­сыздық қана емес, басқа да көптеген проб­леманың шешілуіне сеп болар еді.