Қара алтынның қалдығы табиғатқа сор болды
Қара алтынның қалдығы табиғатқа сор болды
Ел қазынасына мұнайдың берген пайдасы көп. Бірақ қара алтынның тек құнын ескеріп жүріп, зиянын ұмыт қалдырғандаймыз. Соңғы онжылдықта мұнай компаниялары қалдығын далаға төгетін «әдетін» үдетіп барады. Мұнайдың қалдығы төгілген топырақтың тозы шығып, ауа ластанып жатыр. Оның кесірі адам саулығын айналып өтпейді. Экологияның жайы оларды толғандырмаса керек. Ал мәселе айыппұлмен шешілер емес. Сонда шарасызды сарсаңға салғандай мұнай алпауыттарын жөнге келтірер жол болмағаны ма?

Айыппұл алпауыттарды ауыздықтамай тұр

Таяуда Маңғыстау облысының Эколо­гия департаменті табиғатқа зиян тигізгені үшін 20-дан астам мұнай компаниясынан 426 миллион теңге айыппұл өндірді. Ко­м­паниялар мұнай өндіру кезінде ауа ластап, топырақты бүлдірген. Жалпы, мұнай ком­па­нияларына қатысты осындай экология­лық мәселе біраздан бері бар. Әсіресе, 2014-2015 жылдары мұндай экологиялық қылмыстар көптеп ашыла бастады. Кейбір өндірушілер мемлекетке миллиардтап айып­пұл төледі. Әйткенмен, көбі шы­ғын­далдық екен деп ауаны, жерді ластауын доғарған емес. Рас, мұнай – табыстың көзі, бірақ қоршаған ортаға тигізер залалы ора­сан. 2019 жылы Экология министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Оған «Маң­ғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниясының да қатысы бар. Бұлар 2024 жылға дейін аумағы 2,5 миллион шаршы метр болатын өздері төккен зиянды қалдықты жоюға, ластанған жерді қалпына келтіруге міндеттелген болатын. Бірақ міндетін жарытып орындап жатқан жоқ. Мысалы, қазірге дейін «Өзен­мұнайгаз» – 310 мың, «Қаражанбасмұнай» – 17 мың, «Маңғыстаумұнайгаз» 350 мың шаршы метр ғана қалдықты тазалаған. Маңғыстаудың Экология департаменті «2024 жылға дейін компаниялар міндетті орындай алмауы мүмкін» деп болжам жасап отыр. Біздің де ойымыз осыған саяды. Онда департамент компаниялармен соттасып, біраз дау шығары сөзсіз. Соңғы 10 жылға жуық уақыт бойы елі­міз жылына шамамен 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп жүр. Алдағы уақытта көлемін арттыруға дәмеліміз. Алайда зиян жағын ескермей кеткендейміз. Экологтер ұсынған бейресми деректерде бір ғана Маң­ғыстау облысының аумағында 2 миллион тоннадан астам мұнай қалдығы жатыр. Жай жатса шаруаны кейінге қалдыруға болар еді, дегенмен бұл қалдық жыл сайын топы­рақты құнарсыз етіп, ауаны бүлдіріп, ақы­ры елдің саулығын бұзады. Жалпы, батыс­тағы 4 өңірдің де табиғаты мұнай өнді­рушілерден залал тартып отыр. Әсіресе, Ақтөбе облы­сынан жиі шу шы­ғады. 2017 жылы Ақтө­бедегі ірі мұнай компаниялары жерасты суын ластағаны анықталды. Ақтөбедегі Көкжиде құм алқабында мұнай мен тұщы су қоры бар. Аумағы 43 мың гектар жерде мұнай өндіретін компаниялар ауызсуды түбегейлі қорғау технологиясын қолдан­баған. Мұнымен қоймай ауаны да ластады. Биыл жағдай тіпті ушыққан екен. Ақтөбе облысының прокуратурасы «СНПС Ақтө­бе­мұнайгаз», «КМК Мұнай» мен «Ада Ойл» компаниясы 20 мың тон­надан астам топы­рақты бүлдірген. «Ада Ойл» «Көкжиде» жер­асты суын рұқсатсыз пай­даланған. Осы 3 компания мемлекетке бар болғаны 200 миллион теңге айыппұл төлеп, оңай құтыл­ды. Ал табиғатқа келті­рілген залал 7 мил­лиард теңге деп есеп­телген. 2016 жылы Байғанин ауданының 23 мың шаршы метр жеріне мұнай төгіл­генін білеміз. Кейін Жем өзеніне әсер етті. Компаниялар бұл аудан­ның аума­ғы­нан арнайы қалдық төгетін жер жалдаған. Эко­логтер мен тұрғындар қанша арызданға­ны­мен, мәселе сол күйі қалды. Демек, мұ­найдың табысы болмаса, зияны ешкімді алаңдатпайтын сыңайлы. Топырақтың, ішер су мен жұтар ауаның ластанғанын қара алтын өндірісін өркен­деткен Атырау өңірі де көріп отыр. Облыс­тың табиғаты экологиялық жағынан қо­лайсыз, батпақты, тұзды топырақ. Ел-жұрт­ты жұмыспен қамтып, экономикалық жа­ғынан қыруар пайдаға кенелтіп отыр де­месеңіз, мұнай-газ саласындағы кәсіпорын­дардың арасында Экологиялық кодекстің талаптарын сақтап отырғандары некен-саяқ. Жыл сайын ауа қабатына шығары­латын қауіпті заттар көлемінің 85 пайызы осы салаға тиесілі. Жақында бұл облыстың да Экология департаменті мұнай өңдеу за­уыты мен мұнай өндіруші кәсіпорындар ауаны ластағанын мәлімдеді. Қоршаған ортаға 1 миллиард теңгеден астам залал келген. Ал осынша зиянды қалдықты кім, қалай жояды?

Экология саласын мұнайшылар басқарып жүр ме?

Міне, дәл осы зиянды қалдықты жою мәселесі экологтерді де қатты алаңдатады. Батыс өңірлердегі әр мұнай компаниясында кемі жүздеген кен орны бар. Олардың көбі өндірген мұнайдың қалдығын бұрғылау платформаларының қасында топыраққа төге салады екен. Бұл бер жағы ғана. Ал Атыраудағы «Атамекен» ЭКО қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллин мұ­най компанияларын айыппұл төлегені үшін ақтауға болмайтынын айтады. Себебі ол ақша бүлінген ортаны қалпына келтіруге жұмсалмайды. – Компаниялардың «мұнай шрамдары» деп аталатын арнайы полигондары бар. Көбіне елді мекендерге жақын орналасады. Сол жерге апарып, қалдықтарын төгеді. Одан ауаға тараған улы заттар халықтың денсаулығына әсер етеді. Топырақты да, ауаны да ластайды. Иә, компаниялар айып­пұл төлейді, бірақ қаржы орталыққа кетеді. Ақша зиян көрген тұрғындарға берілмейді. Не сол полигонның зардабын жоюға бө­лінбейді. Кейде Экология департаменттері мұнай компанияларына зардабын жою туралы міндет жүктейді. Бірақ ол іс атқа­рылған емес, – дейді эколог. Арман Хайруллиннің сөзін жөнсіз дей алмаймыз. Мәселен, әлем елдерінде мұнай қалдығының кесірінен зардап шеккен тұрғындарға компенсация төлеу тәжірибесі бар. 2010 жылы Мексика шығанағындағы Deepwater Horizon мұнай платформасында жарылыс болды. Жұрт тарихтағы ең үлкен экологиялық апат ретінде таныды. Жарыл­ған платформа суға батып, күніне 200 тонна мұнай теңізге төгілді. Ақырында жануар мен жәндіктердің 400 түрі жойылып кете жаздады. Сол кезде платформаға жауапты British Petroleum мұнай компаниясы айып­пұл ретінде 18,7 миллиард АҚШ долларын төлеп қана қоймай, миллиондаған халық­тың өтемақы қорына ақша аударуға мін­деттелген болатын. Қош, мұндай апаттың бетін аулақ қылсын. Бірақ елімізде бір емес, ондаған мұнай компаниясы жыл сайын табиғатты бүлдіре берсе, жауаптылар қол қусырып отырмағаны абзал. Бірақ эколог Арман Хайруллин «салаға жауапты Эко­логия министрлігі табиғатты қорғаудың орнына, мұнай алпауыттарының сойылын соғып жүргенін» айтып қапаланды. – Экология министрлігінің жұмысы өте баяу. Себебі ведомство мұнай алпауыттарын біріктіретін Энергетика министрлігінен шық­қан азаматтардың ырқында жүр. Мә­селен, осының алдында Экология саласын басқарған Мағзұм Мырзағалиевтің маман­дығы – мұнайшы. Кейін орнына келген Серікқали Брекешев – геолог. Екеуінің де экологияға еш қатысы жоқ. Жалпы, эко­логия мен геология бір-біріне қарама-қайшы ұғым. Біріншісі – табиғатқа келетін зиянды жоюға, екіншісі зиянды тауып бе­руге тырысады. Сондықтан бұл құрылымдар мүлде бөлек болуы қажет. Осыдан келіп шиеленіс туады. Экология саласына өте аз қаржы бөлінеді, Экология департамент­терінде штат санаулы, жалақы төмен. Кө­біне жас мамандар уақытша барады, көп тұрақтамай, басқа жерге ауысып кетеді, – деді Хайруллин.

Топырақтың тозын шығардық

Табиғатты бүлдірген компаниялардың жайын елімізде Экологиялық кодекс ар­қылы қарайды. Дегенмен ауаның не судың, топырақтың ластанған мөлшеріне қарай айыппұлдың бекітілген нақты бір сома­сын есептеу тәсілін көрмедік. Зиянды қал­дық­тың мөлшері экологиялық мониторинг кезінде анықталып, айыппұл мөлшері белгіленеді. Мұнай өндіру кезінде, әсіресе топырақ көп ластанады. Ластанған топырақ қабатын алған соң орнын таза құнарлы топырақпен толтырып отыру қажет. Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің экология кафедрасының профессоры Бағлан Махамедова бұл жаһандық мәселе екенін айтады. Сондықтан мұндай мәселе барын біліп, қарап отыруға болмайтынын айтады. Уақытылы зерттеу жүргізіп, жағдайды бағамдап отырған абзал. – Жерді қалпына келтіру үшін мик­робиологиялық әдістер, мұнай сорбенттерін қолданады. Мұнай қалдықтары топыраққа сіңбейді. Өсімдік те шықпайды, жануар­лар­ға қауіпті. Жаңбыр жауса ластанған ау­мақтың көлемі артады. Тек биосфера емес, адам денсаулығына зиян. Ластанған топы­рақтың қалпына келуіне көп уақыт керек. Салдарынан топырақтың тығыз қабаты жалаңаштанып, жер қуаңданады, тұз­да­нады, – дейді маман. Расымен, эколог айтқан пікірдің дәле­лін өзіміз де көріп отырмыз. Мұнай өнді­ретін өңірлерде соңғы жылдары су тапшы, жеріне көк шықпай, құрғақшылық жайлап жүр. Яғни, зиянды қалдық біз ойлағаннан көп таралған тәрізді.

ТҮЙІН: Салаға жауапты уәкілетті орган­дардың экологиялық нормаларды бұзған мұнай компанияларына қыруар айыппұл салып жатқанын жиі естиміз. Алайда тоқтай қойған жоқ. Оның себебі белгілі, табиғатты пайдаланушыларға жаңа технологияларды іске асырып, жасыл экономикаға қадам басқаннан гөрі айыппұл төлеп құтылған тиімді. Өйткені еліміздің экологиялық заң­намасы бойынша олар көзге көрінетін за­лалды ғана өтейді. Ал көзге көрінбейтін және кешенді экологиялық зерттеулерді қажет ететін залал әзірге өтеусіз қалды.