Ел қазынасына мұнайдың берген пайдасы көп. Бірақ қара алтынның тек құнын ескеріп жүріп, зиянын ұмыт қалдырғандаймыз. Соңғы онжылдықта мұнай компаниялары қалдығын далаға төгетін «әдетін» үдетіп барады. Мұнайдың қалдығы төгілген топырақтың тозы шығып, ауа ластанып жатыр. Оның кесірі адам саулығын айналып өтпейді. Экологияның жайы оларды толғандырмаса керек. Ал мәселе айыппұлмен шешілер емес. Сонда шарасызды сарсаңға салғандай мұнай алпауыттарын жөнге келтірер жол болмағаны ма?
Айыппұл алпауыттарды ауыздықтамай тұр
Таяуда Маңғыстау облысының Экология департаменті табиғатқа зиян тигізгені үшін 20-дан астам мұнай компаниясынан 426 миллион теңге айыппұл өндірді. Компаниялар мұнай өндіру кезінде ауа ластап, топырақты бүлдірген. Жалпы, мұнай компанияларына қатысты осындай экологиялық мәселе біраздан бері бар. Әсіресе, 2014-2015 жылдары мұндай экологиялық қылмыстар көптеп ашыла бастады. Кейбір өндірушілер мемлекетке миллиардтап айыппұл төледі. Әйткенмен, көбі шығындалдық екен деп ауаны, жерді ластауын доғарған емес. Рас, мұнай – табыстың көзі, бірақ қоршаған ортаға тигізер залалы орасан. 2019 жылы Экология министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Оған «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниясының да қатысы бар. Бұлар 2024 жылға дейін аумағы 2,5 миллион шаршы метр болатын өздері төккен зиянды қалдықты жоюға, ластанған жерді қалпына келтіруге міндеттелген болатын. Бірақ міндетін жарытып орындап жатқан жоқ. Мысалы, қазірге дейін «Өзенмұнайгаз» – 310 мың, «Қаражанбасмұнай» – 17 мың, «Маңғыстаумұнайгаз» 350 мың шаршы метр ғана қалдықты тазалаған. Маңғыстаудың Экология департаменті «2024 жылға дейін компаниялар міндетті орындай алмауы мүмкін» деп болжам жасап отыр. Біздің де ойымыз осыған саяды. Онда департамент компаниялармен соттасып, біраз дау шығары сөзсіз. Соңғы 10 жылға жуық уақыт бойы еліміз жылына шамамен 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп жүр. Алдағы уақытта көлемін арттыруға дәмеліміз. Алайда зиян жағын ескермей кеткендейміз. Экологтер ұсынған бейресми деректерде бір ғана Маңғыстау облысының аумағында 2 миллион тоннадан астам мұнай қалдығы жатыр. Жай жатса шаруаны кейінге қалдыруға болар еді, дегенмен бұл қалдық жыл сайын топырақты құнарсыз етіп, ауаны бүлдіріп, ақыры елдің саулығын бұзады. Жалпы, батыстағы 4 өңірдің де табиғаты мұнай өндірушілерден залал тартып отыр. Әсіресе, Ақтөбе облысынан жиі шу шығады. 2017 жылы Ақтөбедегі ірі мұнай компаниялары жерасты суын ластағаны анықталды. Ақтөбедегі Көкжиде құм алқабында мұнай мен тұщы су қоры бар. Аумағы 43 мың гектар жерде мұнай өндіретін компаниялар ауызсуды түбегейлі қорғау технологиясын қолданбаған. Мұнымен қоймай ауаны да ластады. Биыл жағдай тіпті ушыққан екен. Ақтөбе облысының прокуратурасы «СНПС Ақтөбемұнайгаз», «КМК Мұнай» мен «Ада Ойл» компаниясы 20 мың тоннадан астам топырақты бүлдірген. «Ада Ойл» «Көкжиде» жерасты суын рұқсатсыз пайдаланған. Осы 3 компания мемлекетке бар болғаны 200 миллион теңге айыппұл төлеп, оңай құтылды. Ал табиғатқа келтірілген залал 7 миллиард теңге деп есептелген. 2016 жылы Байғанин ауданының 23 мың шаршы метр жеріне мұнай төгілгенін білеміз. Кейін Жем өзеніне әсер етті. Компаниялар бұл ауданның аумағынан арнайы қалдық төгетін жер жалдаған. Экологтер мен тұрғындар қанша арызданғанымен, мәселе сол күйі қалды. Демек, мұнайдың табысы болмаса, зияны ешкімді алаңдатпайтын сыңайлы. Топырақтың, ішер су мен жұтар ауаның ластанғанын қара алтын өндірісін өркендеткен Атырау өңірі де көріп отыр. Облыстың табиғаты экологиялық жағынан қолайсыз, батпақты, тұзды топырақ. Ел-жұртты жұмыспен қамтып, экономикалық жағынан қыруар пайдаға кенелтіп отыр демесеңіз, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың арасында Экологиялық кодекстің талаптарын сақтап отырғандары некен-саяқ. Жыл сайын ауа қабатына шығарылатын қауіпті заттар көлемінің 85 пайызы осы салаға тиесілі. Жақында бұл облыстың да Экология департаменті мұнай өңдеу зауыты мен мұнай өндіруші кәсіпорындар ауаны ластағанын мәлімдеді. Қоршаған ортаға 1 миллиард теңгеден астам залал келген. Ал осынша зиянды қалдықты кім, қалай жояды?Экология саласын мұнайшылар басқарып жүр ме?
Міне, дәл осы зиянды қалдықты жою мәселесі экологтерді де қатты алаңдатады. Батыс өңірлердегі әр мұнай компаниясында кемі жүздеген кен орны бар. Олардың көбі өндірген мұнайдың қалдығын бұрғылау платформаларының қасында топыраққа төге салады екен. Бұл бер жағы ғана. Ал Атыраудағы «Атамекен» ЭКО қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллин мұнай компанияларын айыппұл төлегені үшін ақтауға болмайтынын айтады. Себебі ол ақша бүлінген ортаны қалпына келтіруге жұмсалмайды. – Компаниялардың «мұнай шрамдары» деп аталатын арнайы полигондары бар. Көбіне елді мекендерге жақын орналасады. Сол жерге апарып, қалдықтарын төгеді. Одан ауаға тараған улы заттар халықтың денсаулығына әсер етеді. Топырақты да, ауаны да ластайды. Иә, компаниялар айыппұл төлейді, бірақ қаржы орталыққа кетеді. Ақша зиян көрген тұрғындарға берілмейді. Не сол полигонның зардабын жоюға бөлінбейді. Кейде Экология департаменттері мұнай компанияларына зардабын жою туралы міндет жүктейді. Бірақ ол іс атқарылған емес, – дейді эколог. Арман Хайруллиннің сөзін жөнсіз дей алмаймыз. Мәселен, әлем елдерінде мұнай қалдығының кесірінен зардап шеккен тұрғындарға компенсация төлеу тәжірибесі бар. 2010 жылы Мексика шығанағындағы Deepwater Horizon мұнай платформасында жарылыс болды. Жұрт тарихтағы ең үлкен экологиялық апат ретінде таныды. Жарылған платформа суға батып, күніне 200 тонна мұнай теңізге төгілді. Ақырында жануар мен жәндіктердің 400 түрі жойылып кете жаздады. Сол кезде платформаға жауапты British Petroleum мұнай компаниясы айыппұл ретінде 18,7 миллиард АҚШ долларын төлеп қана қоймай, миллиондаған халықтың өтемақы қорына ақша аударуға міндеттелген болатын. Қош, мұндай апаттың бетін аулақ қылсын. Бірақ елімізде бір емес, ондаған мұнай компаниясы жыл сайын табиғатты бүлдіре берсе, жауаптылар қол қусырып отырмағаны абзал. Бірақ эколог Арман Хайруллин «салаға жауапты Экология министрлігі табиғатты қорғаудың орнына, мұнай алпауыттарының сойылын соғып жүргенін» айтып қапаланды. – Экология министрлігінің жұмысы өте баяу. Себебі ведомство мұнай алпауыттарын біріктіретін Энергетика министрлігінен шыққан азаматтардың ырқында жүр. Мәселен, осының алдында Экология саласын басқарған Мағзұм Мырзағалиевтің мамандығы – мұнайшы. Кейін орнына келген Серікқали Брекешев – геолог. Екеуінің де экологияға еш қатысы жоқ. Жалпы, экология мен геология бір-біріне қарама-қайшы ұғым. Біріншісі – табиғатқа келетін зиянды жоюға, екіншісі зиянды тауып беруге тырысады. Сондықтан бұл құрылымдар мүлде бөлек болуы қажет. Осыдан келіп шиеленіс туады. Экология саласына өте аз қаржы бөлінеді, Экология департаменттерінде штат санаулы, жалақы төмен. Көбіне жас мамандар уақытша барады, көп тұрақтамай, басқа жерге ауысып кетеді, – деді Хайруллин.Топырақтың тозын шығардық
Табиғатты бүлдірген компаниялардың жайын елімізде Экологиялық кодекс арқылы қарайды. Дегенмен ауаның не судың, топырақтың ластанған мөлшеріне қарай айыппұлдың бекітілген нақты бір сомасын есептеу тәсілін көрмедік. Зиянды қалдықтың мөлшері экологиялық мониторинг кезінде анықталып, айыппұл мөлшері белгіленеді. Мұнай өндіру кезінде, әсіресе топырақ көп ластанады. Ластанған топырақ қабатын алған соң орнын таза құнарлы топырақпен толтырып отыру қажет. Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің экология кафедрасының профессоры Бағлан Махамедова бұл жаһандық мәселе екенін айтады. Сондықтан мұндай мәселе барын біліп, қарап отыруға болмайтынын айтады. Уақытылы зерттеу жүргізіп, жағдайды бағамдап отырған абзал. – Жерді қалпына келтіру үшін микробиологиялық әдістер, мұнай сорбенттерін қолданады. Мұнай қалдықтары топыраққа сіңбейді. Өсімдік те шықпайды, жануарларға қауіпті. Жаңбыр жауса ластанған аумақтың көлемі артады. Тек биосфера емес, адам денсаулығына зиян. Ластанған топырақтың қалпына келуіне көп уақыт керек. Салдарынан топырақтың тығыз қабаты жалаңаштанып, жер қуаңданады, тұзданады, – дейді маман. Расымен, эколог айтқан пікірдің дәлелін өзіміз де көріп отырмыз. Мұнай өндіретін өңірлерде соңғы жылдары су тапшы, жеріне көк шықпай, құрғақшылық жайлап жүр. Яғни, зиянды қалдық біз ойлағаннан көп таралған тәрізді.ТҮЙІН: Салаға жауапты уәкілетті органдардың экологиялық нормаларды бұзған мұнай компанияларына қыруар айыппұл салып жатқанын жиі естиміз. Алайда тоқтай қойған жоқ. Оның себебі белгілі, табиғатты пайдаланушыларға жаңа технологияларды іске асырып, жасыл экономикаға қадам басқаннан гөрі айыппұл төлеп құтылған тиімді. Өйткені еліміздің экологиялық заңнамасы бойынша олар көзге көрінетін залалды ғана өтейді. Ал көзге көрінбейтін және кешенді экологиялық зерттеулерді қажет ететін залал әзірге өтеусіз қалды.