«Полиция бастығы «мәселені шешейік» деп 300 мың теңге ұсынды» – тергеуде қорлық көргендер араша сұрайды

«Полиция бастығы «мәселені шешейік» деп 300 мың теңге ұсынды» – тергеуде қорлық көргендер араша сұрайды

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, полициядан зәбір көргендер араша сұрайды. Жазықсыз жапа шеккендер соттың ашық өтуін талап етіп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

17 жастағы Артур Қожаниязов 17 қаңтарда дәрі-дәрмек алуға шыққан.  Жасөспірімді құқық қорғау қызметкерлері тоқтатып, тергей бастаған. Сұрақтарына жауап алған соң, құжатын талап еткен. Еш қарсылықсыз төлқұжаты мен үшінші топтағы мүгедектігін растайтын куәлігін көрсетсе де, полицейлер көлікке күштеп мінгізіп бөлімшеге алып кеткен. Сол жерде 1-қабаттан 5-қабатқа дейін сәт сайын ұрып-соғыпты. Әкесі бұл оқиғаны ұлының жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілгенде бір-ақ білген.
Серік Қожаниязов, жәбірленуші А. Қожаниязовтың әкесі: «Дәрігерлер кеудесі іскен деп жазып беріпті. Тергеуде  бетперде киген қызметкерлер аяусыз ұрып-соғыпты. Тіпті, мүгедектік куәлігін көрсетіп жағдайын айтқанда да сенбей шашынан тартып, күш көрсетулерін тоқтатпапты. Автомат тақап, өлтірем деп қорқытқан.  Балам әбден әлсіреп еденге құлап түскенде барып алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем шақырыпты. Мен арызданғанда Ерлан Беғамбаев есімді полиция бастығы өзіне шақырып алып, «ұрған сержант біздің қызметкер емес, іссапармен келген» деді. Осы жерде «бәрін шешейік» деп 300 мың теңге ақша ұсынды, – дейді.
Қазіргі таңда арызы прокуратурада қаралып жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу кезінде қызметін асыра пайдаланды деген шағыммен 250-ден астам арыз түсіпті. 133 қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін жазықсыз жапа шеккендердің арыз-шағымы жеке-жеке тексерілетіні айтылған еді.