Жақында әлеуметтік желілерде өскемендік кәсіпорын сатып алған 5 миллиондық дәретханалар қызу талқыланды.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұлов өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Түркістан облысы дәретханаларға арналған бағасы қымбат тазалау құрылғысынан сатып алудан бас тартса, Шығыс Қазақстан керісінше бағасы бір бөлмелі пәтермен бірдей модульді дәретханаларды сатып алды. Әкімдікке қарасты «Таза Өскемен» мекемесі өткен жылдың соңына қарай 6 дәретхананы сатып алу үшін 30 576 00 теңге, яғни, әр дәретхана үшін 5 416 320 теңге төлеген. Бұл дәретханаларда унитаз жоқ. Біз сараптап көрдік, осыған ұқсас бірнеше орындық дәретханалар 2 миллион теңгеден сатылады, ал Өскеменде тек бір орындық дәретханалар сатып алынған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Крыша.кз» сайтынан Өскемендегі сапасы жақсы бір бөлмелі пәтерді 5 500 000 теңгеге табуға болады. Біз осы мәселе бойынша құзырлы органдарға сұраным жібереміз» деп жазған болатын.
«Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған мәселеге орай түсініктеме берді. «Бұл жерде әңгіме соңғы автобус аялдамаларында және қоғамдық орындарда орнатылатын стационарлық жайлы дәретхана модульдеріне қатысты болып отыр. Бұл біздің тасымалдаушыларымыздың және жүргізушілер мен кондукторлардың өтініші бойынша жасалған шара. Мемлекеттік сатып алу өтті, тауар жеткізілді. Бірақ модульдерді монтаждау сапасы бойынша бірқатар ескерту жасалды. Сондықтан төлем әлі жүргізілмеді. Қазір инженерлік желілердің иелерімен келісу процесі жүріп жатыр. Осындай дәретханалар Славский атындағы жағалауда, Коменданткада орнатылған. Енді соңғы аялдамаларға, одан кейін 19 шағын аудандағы аллеяға стационарлық дәретхана орнату жоспарымызда бар» дейді «Таза Өскемен» КМК басшысы Нұрлыбек Шерубаев.