Елімізде «КАМАЗ» көлігінің бөлшектері шығарылмақ
Елімізде «КАМАЗ» көлігінің бөлшектері шығарылмақ
179
оқылды
Мемлекет басшысы Татарстанның рес­публикалық маңызы бар қаласы Набережные Челны шаһарына барып, Ре­сей­дің ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ» компаниялар тобының өндірі­сімен танысты. «КАМАЗ» әлемдегі ауыр жүк көліктерін шыға­ра­тын жетекші компаниялардың жиырмалығына кіре­ді. Оның өндірістік қуаты жылына 71 мың ма­шина шығаруға мүмкіндік береді. Алыс-жақын шетелдерге көлік экспорттайтын бұл компания  басшылығының айтуынша, Қазақ­стан­ның автомобиль нарығы өте маңызды бағыт. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елі­міз­дегі жаңа жүк көліктері нарығындағы «Ка­маз­дың» үлесі 42 пайыз болған. Аталған компания Қа­зақстанда бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – Қостанай қаласының индустриялық айма­ғын­дағы шойын құю өндірісін іске асыратын Kam­LitKZ зауытының құрылысы. Өндірісті 2024 жыл­дың екінші жартыжылдығында іске қосу жос­парланып отыр. Дәл осы индустриялық аймақта кө­ліктің құрал-саймандарын шығаратын зауыт са­лынып жатыр. Компания басшылығының айтуынша, Қазақ­стан­да алдағы уақытта «КАМАЗ» көлігіне қажетті қо­салқы бөлшектер шығарылмақ. Мемлекет басшысы «КАМАЗ» компаниясының зауыт­тарында тәжірибе алмасып жүрген қазақ­стан­дық мамандармен әңгімелесті. Осындай мүм­кіндік туғызғаны үшін жұмысшы жастар Қазақстан Пре­зидентіне алғыс айтты. Тәжірибе жинау мақ­сатымен екі айға келген жұмысшылар Қостанайда ашы­латын зауытта жұмыс істейтін болады. – Бұл – экономикамызға тың серпін беретін маңызды жоба. Сіздердің қажетті білім алып, тә­жіри­бе жинағандарыңыз өте құптарлық жайт, – де­ді Мемлекет басшысы. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев эко­но­ми­каның негізгі драйвері саналатын мұнай өңдеу, ма­шина жасау салаларына арналған және Татарс­тан­нан шығатын өзге де өнімдер қойылған көр­мені аралап көрді.