Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесі 60 пайызға жетті. Оны өзіндік менеджменті, жеке бюджеті мен сатып алу жүйесі бар мемлекет ішіндегі «мемлекет» деуге болады. Алайда мұндай модельден ел экономикасына пайда бар ма? Бюджет кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құрамына мемлекеттің қатысуымен құрылған ұлттық компаниялардан, холдингтерден, акционерлік қоғамдардан басқа, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, серіктестіктер де енеді. Бұл секторды шартты түрде 4-ке бөлуге болады – басқарушы холдингтер («Бәйтерек», «Самұрық-Қазына»), басқарушы компаниялар («Зерде»), ірі ұлттық компаниялар («Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком») және төртіншісі жергілікті акционерлік қоғамдар – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар. Міне, егер бюджеттік ұйымдарды қоса есептесек, республикада квазимемлекеттік сектордағы 6,5 мыңнан астам ұйымда 1 млн 700 мың адам еңбек етеді. Квазимемлекеттік сектордың құрамында коммерциялық түрге жатпайтын, алайда қоғам үшін аса қажетті әлеуметтік сипатта қызмет көрсететін немесе жолаушылар таситын ұйымдар бар. Бұлардың шығыны мол және мемлекеттің қаржылай қолдауы арқылы ғана қызмет етеді. Сондай-ақ бизнесте жұмыс істейтін, әйтсе де оған қабаттаса әлеуметтік фунциялар жүктелген немесе профильдік емес шаруалармен айналысатын ұлттық компаниялар да жетерлік. Сондықтан бұл сектор туралы сөз қозғағанда осының аражігін ажыратып алған жөн. Жуырда ірі бизнесмендермен кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мектептер мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына бір өлшеммен квазимемлекеттік сектор субъектілері деп бірдей қарауы дұрыс емес. Бұл ақылға сыйымсыз» деуі содан. Сондай-ақ Президент мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтып, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау қажеттігін айтты. Өйткені республикада экономиканың негізгі салаларын 2-3 немесе 5-6 ірі компания бақылауда ұстап отырғаны жасырын емес, олардың атаулары жұртшылыққа белгілі. Монополиялық жағдайдағы алпауыттардың дені – мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялар. Ал квазимемлекеттік секторды реформалау кезінде олардың орнын жекеменшік монополист басса, бұл ел дамуына кесірін тигізетіні даусыз. Өйткені олар нарықтағы басымдылығын пайдаланып, өз қызметтерінің немесе тауарларының құнын әлденеше есе қымбаттатып жіберуі мүмкін.
Ақша жұмыс істеуге тиіс
ОЭСР елдерінде ЖІӨ құрылымының 40-50 пайызын мемлекеттік кіріс құрайды. Жақын көршілердің өзінде бұл көрсеткіш бізден әлдеқайда жоғары: Украина – 40 пайыз, Ресей – 35,4 пайыз, Қырғыз Республикасы – 31 пайыз. Ал Қазақстанда ЖІӨ құрылымындағы салықтың үлесі кейінгі он жылда 9,9 пайыздан 7,3 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, 2019-2021 жылдар аралығында бюджетті қалыптастыруда Ұлттық қордың трансферті артып, 12 трлн теңгенің үстіне шықты. Ал жалпы ішкі өнімде мемлекеттің шығын көлемі неғұрлым көп болса, ел экономикасының орташа өсімі соғұрлым төмендей бермек. Нақты айтқанда, республикада үш бөлек бюджет қалыптасқан: мемлекеттік бюджет, ұлттық компаниялардың бюджеті және Ұлттық қор. Сондықтан «экономиканы басқару моделін өзгертіп, квазимемлекеттік секторды реформалаған жөн» деп санайды экономист Айдар Әлібаев. «Квазимемлекеттік секторда тиімсіз әрі шығынды кәсіпорын көп. Кейбіреулері басқа елдерде табысты саналатын салалардың өзінде қып-қызыл шығынға батып кеткен. Елімізде жүйеқұраушы алпауыттың бірі саналатын «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның өзінің шығыны шаш етектен. Мұндай жағдайда ештеңе өндірмейтін, тек қазынаның қаржысына қарап отырған қатардағы басқа мемлекеттік компаниялар туралы не айтуға болады?»,– деді экономист. Ресми дерекке көз жүгіртсек, мемлекеттің қатысуымен құрылған ұлттық компаниялардың көпшілігі былтырғы жылды шығынмен аяқтаған. Мәселен, «Самұрық-Қазына» бюджетке 7,5 трлн теңге берешек. Бұл ғаламат көп ақша. Салыстыру үшін айтсақ, елорданың үш жылдағы бюджеті (2019-2021) 1 трлн 114 млрд теңгені құраған, сонда оның қарызы астана сияқты 7 қаланы 2 жыл ұстап тұруға жетеді екен! Дәл осындай олқылықтар квазисектордың субъектілері саналатын «Қазтрансгаз», «Қазтрансойл», «Қазақтелеком» және «ҚТЖ», «Бәйтерек», басқа да компанияларда кездесетініне күмәнім жоқ. Бұл мемлекеттің нашар менеджер екенін көрсетеді. Сол себептен ұлттық компанияларды жекешелендіру ісі кезек күттірмейтін көкейкесті мәселенің біріне айналып отыр. Бүгінге дейін квазимемлекеттік секторды «асырау» үшін қазынадан қыруар қаржы жұмсалып келді. 2020 жылы квазимемлекеттік секторға республикалық бюджеттен 817 млрд теңге бөлініп, оның 20 млрд теңгесі игерілмей қалды. 2021 жылғы игерілмей қалған соманы қоса есептегенде, ол 56 млрд теңгеден асып жығылады. Яғни, ел экономикасы инвестицияға зәру қазіргідей қысылтаяң жағдайда мұншама мол ақшаның іске жаратылмай жатуын қалай ақтап алуға болады? Ал бұл қаржыға 1,2 мың орындық 18 жаңа мектеп салуға болар еді. Ақша тек жатпай, жұмыс істеуге тиіс.Жүйелік проблема жетіп артылады
Президенттің тапсырмасы бойынша, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің жүргізген аудит кезінде квазисектордың 60 жүйелік проблемалары мен кемшіліктері, 41 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы активтерін тиімсіз басқару салдарынан 340 млрд теңге шығын анықталды. Бұл – жылдан-жылға қайталанып келе жатқан келеңсіздіктер. Өткен 20 жыл ішінде квазимемлекеттік секторды жоғары технологиялық және нәтижелі институтқа айналдыру міндеті орындалған жоқ. Трансформация созылып кетті, ал компанияларды жекешелендіруге арналған 2016-2020 жылдардың жоспары тек 62 пайыз орындалды. «Квазимемлекеттік секторды жекешелендіруден Ұлттық қорға түскен кіріс 2017-2020 жылдары 40 млрд теңгені немесе 7 пайызды құрады. Қалған ақша ішкі және сыртқы қарыздарды өтеуге жұмсалды. Мемлекетке таза табыстан түскен соманың 7 пайыз көлемінде ғана дивиденд төледі. Әйтсе де, Президент таза табысты 100 пайыз аудару керегін тапсырған болатын», – деп Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова бар кемшілікті жайып салды. Бұл жерде ұлттық компаниялар өз табыстарын мемлекетке дивиденд ретінде төлеуден гөрі профильді емес объектілерді қаржыландыруға (398 млрд теңге) көп жұмсайтынын айта кеткен жөн. Квазимемлекеттік секторда профильді емес шығын шамадан тыс көп. Мәселен, моторлы яхта, шаңғы трассасы бар спорттық-сауықтыру кешендері, дәмханалар, қонақүйлер, ат қоралар және басқа да инфрақұрылымдар бар. Олардың бәрін ұстап тұруға қомақты қаржы қажет. Мұның бәрі орынсыз шығын, егер мемлекет осы ақшаны әлеуметтік салаға немесе инфрақұрылымды жетілдіруге берсе, халыққа міне содан көп пайда болар еді. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор өндірісті дамытуға бағытталған несиені де қазынадан көп жеңілдікпен алып келді. Мәселен, экономиканың әр саласы бойынша республикалық бюджеттен бизнесті қолдауға бөлінген қаржыны жеке кәсіпкерлер 6-9 пайыз мөлшерлемемен алса, ол квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 пайыздан төмен мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, квазимемлекеттік сектордағы әкімшілік шығының 58 пайызы жалақыға жұмсалады. Директорлар кеңесінің мүшелері компания шығынға батып жатса да, өздеріне мол бонустар мен сыйақы тағайындай беретін болған. Өркениетті мемлекеттерде бонус пен сыйақы компания тек табысты болған жағдайда белгіленеді, бізде ондай «мәдениеттіліктің» жұрнағы да жоқ. Компания штатында тиісті мамандар бола тұра, қазынадан қаржы шығарып, шетелден мамандар шақырту мысалдары да жиі кездеседі. Осы тектес шығындарды азайтпай, дивидендтердің көлемі мен оны төлеу уақытын нақты белгілемей, қазынаның қалтасын толтырамын деу бекер әурешілік. Ал мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық холдинг құралдарының 80 пайызы бәсекелестік емес тәсілмен орналастырылады. Мәселен, «Самұрық-Қазына» тек бір тауар – көмірді сату кезінде ашықтық пен бәсекелестікті қамтамасыз еткенде қазынаның қаражатын 20 пайызға үнемдеген болар еді, бұл жылына 1 млрд теңгеге жақын сома. Хлор, дизельді отынды сатуға қатысты да осыны айтуға болады. «Сол себепті мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы туралы бірізді заң қабылдауды тездету керек. Бұл процедуралардың бәрі Қаржы министрлігінің е-сатып алу порталындағы орталықтандырылған платформасында жүзеге асырылуға тиіс»,– деп санайды Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова. Жоғарыдағы мысалдардан мемлекеттік кәсіпорындардың ресурстарға, қаржыға және нарыққа басымдылық жағдайында қол жеткізетінін көреміз. Ол жекеменшік компаниялардың дамуына, ел экономикасын әртараптандыруға, тікелей инвестициялардың келуі мен еңбек өнімділігін артуға кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың асқынуына жол ашады. Сондықтан бюджеттің мойнына масыл болып отырған квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалаудың маңызы зор.