Халқымыз жүруді жаңа үйренген сәбидің тұсауын «ешкімнің ала жібін аттамасын» деп ала жіппен кескен. Мұндағысы өзгенің ақысына кіріп, обалына қалмасын дегені. Алайда соңғы кезде бейтаныс адамдардың атынан несие алатын «онлайн алаяқтар» көбейген. Былтыр үш айда 7 мыңға жуық қылмыс тіркеліпті. Ал осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай сан бір жылда тіркелетін. Ендеше онлайн алаяққа алданбаудың амалы қандай? Игілігін өзіңіз емес, өзге адам көрген несиені қалай жабуға болады?
Даудың басы микроқаржы
Қазір несие алу үшін бұрынғыдай банк кезегінде тұрып, бірнеше беттік келісімшартты оқу шарт емес. Банктен несие ала алмайтын адамдар микроқаржылық ұйымдардан жылдам несие рәсімдейді. Ол үшін ұялы телефоныңыз болса жеткілікті. Немесе кез келген дүкен бұрышында тұратын терминал арқылы да лезде ақша ала аласыз. Дегенмен соңғы уақытта микроқаржылық ұйымның пайдасынан зияны көбейді. Айталық, сотта ең көп қаралатын істердің бірі – онлайн займ алып, опық жеп жүргендерге қатысты. Қазір еліміз бойынша 7 миллионнан астам онлайн несие рәсімделген. Бұл әрбір екінші қазақстандықтың мойнында қарыз бар деген сөз. Бірақ солардың кейбірі өздері қолына алмаған ақшаны өтеумен әлек. Кейіпкеріміз Уатхан да солардың қатарынан. Ол өз қажеттілігіне деп несие тарихын, құжаттарын реттеп жүрген. Содан банкке барып, қарыз алайын десе, төленбеген кредиті бар екенін естиді. – 5 ай бұрын микроқаржы беретін мекемеде менің атымнан 145 мың теңге онлайн несие рәсімдепті. Ол күні мен ауылда болғанмын, ештеңені банкке дәлелдеп, ақталмадым. Алған несиенің пениясы біраз сомаға дейін өсіп кетіпті. Дереу іске кірістім. Содан банктен несие рәсімдеген мекеменің атауын тауып алдым. Қостанай қаласынан ақшаны шешіп алыпты.Сол мекемеге хабарластым, маған еш саспастан полицияға барып арыз жазып, сол талонмен келіңіз, қарызыңызды жабамыз деді. Сөздеріне қарағанда, мұндай жағдай бұл мекемеде жиі болатын тәрізді, – дейді Уатхан Біләл. Кейіпкеріміз Полиция департаментінде онлайн алаяқтарға алданып келіп отырған адамдар көп екенін айтты. Талонды алып, микроқаржы ұйымына апарған соң «15 күннің ішінде реттеп береміз» деген хабарлама келеді. Тағы бір ескере кететін жайт, Полиция департаментіне өтініш қалдырғанда Уатхан Біләл жәбірленуші емес, куәгер ретінде тіркелген. Ал жәбірленуші болып микроқаржылық ұйым саналады екен. Сондықтан да алаяқтарға алданған азамат ары қарай сот процесіне қатыса алмаған. Өз атынан нақты кімнің, қалай несие алғанынан да хабарсыз. Ендеше мекеменің біз білмейтін көлеңкелі тұстары көп. «Қаржылық ұйымның қызметкерлері де сырттай несие рәсімдеуі мүмкін. Өйткені көп адам соңына дейін бармайды. Бір қызығы, төленбеген несие бар деп коллекторлар да хабарласпады. Ал көрсетілген нөмір менің атыма тіркелмеген», – дейді Уатхан Біләл. Микроқаржы беретін мекемелердің сайтына кіріп қарағанымызда онлайн несие алудың оңай екенін байқадық. Небәрі ЖСН мен телефон нөміріңізді жазсаңыз болды, 150-300 мың теңгеге дейін несие береді. Бір қызығы, Уатқан Біләлға ешкім хабарласып, жеке ақпараттарын сұрамаған. Ендеше жекелеген қаржы ұйымдары сіздің жеке мәліметтеріңіздің құпия сақталуына кепілдік бермейді. Мұндай шағын ұйымдар хакерлік шабуылдан толық қорғалмағандықтан, қарыз алушының жеке мәліметтері алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін. Микроқаржы ұйымдарының «Бір минутта үйден шықпай-ақ несие ал» деген жарнамалық роликтеріне алданып, сайтқа өтетіндер де көп. Алаяқтар да осы сәтті аңдып отырады. Ресми сайттан еш айырмасы жоқ фишингтік сайттар сол алаяқтар құрып қойған қақпан болып шығады. Жақында ақтөбелік бір топ тұрғын Үкіметтен онлайн несие беруді тоқтатуды сұрады. Өйткені олардың атынан белгісіз біреулер несие рәсімдеп, тақырға отырғызған. Алаяқтың арбауына түсіп, банкке қыруар қарыз болғандар не істерін білмей қиналып отыр. Тығырыққа тірелгендердің біреуі жалғыз баспанасын сатып жіберіпті. Былтыр сенатор Андрей Лукин микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты кемшіліктерді тізіп шығып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне депутаттық сауал жолдады. Қаржылық сауаты төмен қарапайым халықты оп-оңай құрығына түсіріп, қан қақсатып жүрген мұндай ұйымдарға мемлекеттік органдар тарапынан қадағалаудың жоқтығын ашық жеткізген депутат: «Жекелеген қаржы ұйымдарының салдарынан 17 мыңдай азамат зардап шегіп, келтірген шығын көлемі 21 млрд теңгеден асқан», – деп мәлімдеді. Рас, елімізде онлайн займ берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Әсіресе, интернетте қаптап жүрген мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Займ берушілер комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Бақылаусыз, бет-бетімен кеткен «қаржы қақпанынан» аузы күйгендер амалсыздан «қарызымды кешірсе» деп сотқа жүгінеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде ресми тіркеліп, заңды түрде жұмыс істеп жатқан бар-жоғы он шақты ғана микроқаржы ұйымы бар екен. Ал қазір көшенің кез келген бұрышы мен интернеттің бетін жаулап алған онлайн займдардың барлығын есепке алу мүмкін емес. Заңгер Меруерт Қойайдарованың айтуынша, осындай мәселелерге ұрынбау үшін Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржылық ұйымдарды қатаң бақылауға алып, берілетін несие көлемін төмендету керек. Сонда адамдардың алдануы да азаяр еді. Себебі кейбір мекемелер 2 миллионға дейін несие рәсімдейді. Қазір заңгердің алдына келетін әрбір екінші адам онлайн алаяқтардың құрбаны екен. Сондықтан жұмысын жүйелі түрде жүргізе алмаған, осындай бассыздыққа жол берген микроқаржылық мекемелердің лицензияларын алу да артық етпейді. – Алданған азамат бірден микроқаржылық ұйымнан келісімшартты және ақшаны қандай есепшотқа жібергенін талап ету керек. Сонымен қатар өтініштің қандай электронды пошта мен телефоннан түскенін сұрау қажет. Осы мәселелерді ескергеннен кейін бұл ұйымға сотқа дейінгі талап-арыз жазу керек. «Есепшот та, нөмір де біздікі емес. Бұл несиені алмадық. Сондықтан бұл шартты заңсыз деп танып, несиеден босатыңыз» деп көрсетеді. Егер босатпасаңыздар, мен сотқа жүгініп, моральдық шығын мен адвокаттарға берген сыйақыны төлетіп аламын деп айту керек. Кейбір микроқаржылық ұйымдар бұл мәселені сотқа жеткізбей шешеді, – дейді Меруерт Қойайдарова.Қаржылық сауат қашанда қажет
Микроұйымдарда рәсімделген несиелердің жарасы екінші деңгейлі банктерде алаяқтар рәсімдеген кредитке қарағанда жеңіл. Өйткені микроұйымдар мәселені ұзаққа созбай, несиені 15 күнде жауып берсе, банктер арқылы алданған азаматтардың ісі айлап, жылдап шешімсіз қалуы мүмкін. Айталық, елорда тұрғыны Рүстем Темірболатов банкке 3 миллион теңге қарыз болып шыққан. Алаяқтар банктың техникалық бөлімінің қызметкері ретінде хабарласқан. Жеке бас мәліметтеріне қанық. Сөйтіп, оның атына 600 мың теңге несие рәсімдеп беретінін айтады. Артынша Рүстем 2 миллион 800 мың теңгемен несие мақұлданды деген хабарлама алады. Келісімшарттағы нөмірмен қоса ол да жапа шегуші екен. – Ол нөмірдің иесі Оралда тұратын қыз болып шықты. Ол да ештеңе білмепті. Фотоға да, видеофиксацияға да түсірген жоқ. Соған таңғалдым. Оның алдында банк маған миллионнан артық несие бермейміз деген еді, – дейді Рүстем Темірболатов. Соңғы кездері алаяқтардың көбейіп кеткенін Ұлттық банк ресми түрде ескертіп отыр. Банк алаяқтардан қорғай алмайды. Одан өзіңіз ғана қорғана аласыз. Банктің атынан телефон соққандармен сөйлеспеу керек, ешбір мәліметті оларға беруге болмайды. Себебі телефон шалып тұрған адамның алаяқ болатын жағдайы жиі кездеседі. Олар ақша жымқыру мақсатында алаяқ банктің қызметкері ретінде телефон шалады. Сөйтіп, әңгімеге айналдыра келе адамның жеке деректерін біліп алады. Алаяқтар телефон арқылы банк шотының нөмірлері мен несиенің бар-жоғы туралы ақпаратты сұрайды. Содан кейін «Техникалық мониторинг» мақсатында деген желеумен азаматтардан төлқұжат деректерін, атап айтқанда жеке сәйкестендіру нөмірінің мәліметтерін білгісі келеді. Сонымен қатар тексеру үшін деп шот ашуға немесе тестік-режимде несие алуға өтініш беруге және үшінші тараптың шотына ақша аударуға үндейді. Ұлттық банк ақша жіберіңіз деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап қатпауға кеңес берді. Сонда банктің киберқауіпсіздігі қайда қарап отыр? – Кейбір жағдайда банк клиенттер базасын коллекторларға сатады. Сондықтан банктің киберқауіпсіздігіне қатты сенім артпау керек. Әр адам қаржылық тұрғыда сауатты болса, мұндай жағдай болмас еді. Азаматтар өздері туралы ақпараттарды айтып, қарыз рәсімдеуге мүмкіндік береді. Банктен жіберген кодтарды да айтады. Негізі, банк қызметкерлері ешбір адамға өздері хабарласпайды. Өйткені барлық адамның жеке бас ақпараттары базада сақталған, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов. Әдетте жұрт микроқаржы ұйымдары арқылы тұзаққа түсетін. Енді екінші деңгейлі банктерден де қоңырау шалу басылмай тұр. Арызданушылар аз емес. Бірақ зерттей келе адамдардың алдануына аңғалдығы, қаржылық сауатсыздығы себеп болып жатыр. Сондықтан еGov.kz сайтында «Кредиттік бюрода» несие жайыңызды үнемі бақылауда ұстап отырыңыз. Жеке мәліметтеріңіз бен куәлік, банк картаңыздың суретін ешкімге жіберуге болмайды.Көктем ҚАРҚЫН