Есірткіден емделудің жолы бар
Есірткіден емделудің жолы бар
© коллаж: Елдар Қаба
957
оқылды
Өмірдің өткінші қиындығын еңсеру үшін есірткіге еліккендер көп. Сыныққа сылтау іздейтін бүгінгі қоғамда жаны жаралы жандардың дертіне дауаны есірткіден іздеуін ақтау қиын. Бірсәттік қызық үшін ғана есірткінің буына шырмалғандар жыл санап өсіп келеді. Ал өмірге деген құлшынысы жоғалып, қоғамнан алыстаған нашақорларды ауруынан айықтыруға медицинаның қауқары жете ме? Есірткіге тәуелділік жас тал­ғамайтын болды. Бұрын оңы мен солын танып үлгермеген жаста есірткіге елігіпті десек, қазір етек-жеңін жиып, ақыл айтар жасқа келгенде нашақорлыққа ұрын­ғандар көп. Мамандардың пайы­мынша, жастар арасындағы на­шақорлық қызығушылықтан бас­талады. Орта жастан асқан адам­дардың есірткіге әуестігі көбіне психологиялық, физикалық, әлеу­меттік жағдайдың қиындығынан туындайды. Жаны жаралы жандар есірткіні басындағы проблемасын ұмыту үшін тұтынады. Бір рет тұтынған соң тәуелді бо­лады. Оның соңы отбасындағы ұрыс-керіске алып келеді. Жас­өс­пірім мен жас­тар арасындағы на­шақорлықтың артуы да отбасын­дағы құнды­лықтың төмендеуінен туындайды. Мысалы, отбасы мү­шелері балаға тиісті деңгейде көңіл бөлмейді. Күнделікті күйбең тір­ліктің со­ңында жүргенде бала тәр­биесі ұмыт қалады. «Қажеттілікті қа­ражатпен өтеп жүрмін» деп түсі­нетін қоғамда әкенің мейірімі мен ананың жы­луын сезінгісі келетін балалар көп. Өсіп келе жатқан өс­кіннің бо­йындағы өзімшілдіктен психоло­гия­лық проблемалар туын­дайды. Жалғыздығын жеңу үшін де есірт­кіні тұтынуы мүмкін. Өтпелі кезең­де жүрген жастар есірткіге еліктеп те келеді. Өкінішке қарай, өз өмі­ріне балта шабу оңай болғанымен, тәуелділіктен құтылу тіпті қиын.

Медицина да қауқарсыз

Бұдан бұрын мамандар елдегі нашақорлардың саны жылдан-жылға кеміп келе жатқанын айтып, сендіріп келді. Алайда 2018 жылы Қазақстанда 20 мыңнан астам на­шақор тіркелсе, 2022 жылдың 4 ақ­­панындағы дерек бойынша, Республикалық психикалық ден­сау­лық ғылыми-практикалық ор­талығында 110 423 адам есепте тұр. Бұл айналдырған 4 жылдың ішінде елдегі нашақорлардың саны үш есе­ге өскенін көрсетеді. Өйткені өрім­дей ұл-қыздармен бірге үл­кен­дердің де синтетикалық заттарға әуес­тігі артқан. Арам ақшаның со­ңына түскендер есірткіні емін-ер­кін жарнамалап, оңды-солды сатып жатыр. Оңай олжаға кенелгендерге де керегі сол, күйзелісте жүргендер мен қызық қуған жастарға тауарын өткізіп, қалтасын қампайтса болды. Өйткені есірткіге еліккендер ер­кінен тыс тұрақты тұтынушы бо­ла­рын олар да жақсы біледі. Бірақ есірткіге тәуелді адам ешқашан өзін «аурумын» деп санамайды. Осын­дай ойда жүрген нашақорларды қа­лыпты өмірге қайтарып, ауруы­нан айықтыру өте қиын. Өмірге деген қызығушылығы жоғалып, есі-дерті есірткіге ауғандарға кейде медицинаның да қауқары жетпейді.

Метадон сұйықтығына сенім бар ма?

Елімізде есірткіге тәуелді адам­дарды синтетикалық опиоидпен айықтыру көп жылдан бері қолда­нылып келеді. Алмастыру терапия­сын қолданатын елдер көп. АҚШ, Канада, Германия, Нидерланд, Швей­цария, Франция, Ұлы­бри­тания, Қытай, Үндістан, Иран, Бе­ларусь, Украина, Қырғыз Респуб­ликасы мен Тәжікстанда да есірт­кіге тәуелділерді алмастыру тера­пиясы арқылы емдейді. Жарты жыл­дан бері осы терапияны қол­данып жүрген Алексей күнде та­ңертең метадон ішеді. Өйткені оған есірткіден бірден бас тарту қиынға соққан. Үш жыл бойы есірткінің ауыр түрлерін қабылдаған. 90-жыл­дардың соңынан бері нашаға әуес­тенген ол кейінгі жылдарда тамы­рына ине салуды бастаған. Оңалту орталы­ғына отбасы мүшелерінің ықпал етуімен келген Алексей ал­мастыру терапиясының арқасында есірт­кіден бас тартып, артық салмақ қо­сып жатқанын айтты. «Бұған де­йін бірнеше рет жекеменшік және мемлекеттік оңалту орта­лық­та­рын­да емделдім. Еркімнен тыс ең­бекпен емдеу профилакто­рия­сы­на да күштеп жатқызды. Психо­лог­тер мен наркологтер де жұмыс жүр­гізді. Бірақ ешқандай нәтиже бер­ген жоқ. Қазір метадон терапия­сына көштім. Алғашқы айларда есірт­кі шеккім келіп, тығылып қол­данып көрдім. Сөйтсем, бұрын­ғы­дай се­зімдер болмады», – дейді ол. Ме­тадон сұйықтығы опиоид есірт­кілерінің күшін жойып, ағзаға түскен есірткіні суға айналдырады. Яғни, тамырға салынған есірткі еш­қандай ләззат бермейді. Мета­дон­нан кейін нашақор адам өзін мүлде басқаша сезінеді, есінен адасу болмайды. Бірақ метадонды күн сайын қабылдамаса, ауырсыну пайда болады. Сондықтан Алексей де бұл терапиядан бас тартқысы жоқ. Алайда мамандар осы тера­пия­мен емделіп жатқандардың арасында да ауруынан айыққандар көп екенін айтады. Ол үшін метадон терапиясына келіскен науқастар есірткі қолданбай, сұйықтық ішу кестесін қатаң сақтауы керек. Уа­қыт өте келе қабылдап жүрген сұ­йық­тық мөлшерін азайтып, тера­пия­дан шығуына болады. Бірақ бұл терапиядан бас тарту кейбір емде­лушілердің қолынан келе бермейді. Дегенмен қолданыстағы тера­пияға қатысты пікір де сан алуан. Біздің елде де алмастыру терапиясы қажеттілігіне қатысты мәселе жиі көтеріледі. Естеріңізде болса, де­путаттар 2014 жылы метадонды ме­дициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған заттар тізіміне қо­­суды сұраған. Бірақ мамандар опиоидпен алмастыру терапиясы – инъекциялық есірткі пайда­ла­на­­тын азаматтарды ВИЧ инфекция­сынан қорғау үшін қолданылатын есірткіге тәуелділікті емдеудің ғылыми негізделген тиімді әдісі ретінде қарастырған. Алайда Бас прокуратура өкілдері метадон ВИЧ-инфекциясына шалдыққан азаматтардың санын азайтпағанын мәлімдеді. Керісінше, халықаралық зерттеулер Литвада опиоидты алмастыру терапиясын енгізгеннен кейін нашақорлық 8 есе артқанын көрсеткен.

Емнің нәтижесі емделушіге байланысты

Есірткіге тәуелді болғандар ор­та­лықтарға толық емделу үшін кел­мейді. Көбі есірткіге ақшасы жет­пегенде, енді бірі денсаулығы қатты нашарлай бастағанда, біреуі туыс­тарының ықпалымен мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Алматы қа­ласы бойынша Психикалық ден­саулық орталығының директоры, нарколог Сапар Рахменшеев есірт­кіге тәуелділіктен арылу адамның өзіне байланысты екенін айтады. Қазір орталықтың бақылауында 4 955 адам тұр. Соның ішінде 1 211-сі есірткіге тәуелді адамдар. «На­ша­қор есірткіге тәуелді екенін саналы түр­де мойындауы керек. Бізде өз ер­кімен келетіндер мен соттың ше­шімімен еркінен тыс мәжбүрлеп емдеу бөлімі бар. Бізге келетін науқастар әртүрлі. Мысалы, ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардың көбі жақындарын тыныштандыру үшін келеді. Өз еркімен емес, сол адамдар «миымды ашытып, басым­ды ауырта бермесін» деп емделе­тіндер бар. Әрине, ондай адамдарда нәтиже ұзаққа бармайды. Олар ары кетсе 3-4 айдан соң қайтадан есірт­кіге тәуелді болып кетеді. Ал өздері ниеттеніп, алдарына мақсат қойып емделген адамдардың ара­сында есірткіні тастап кеткені көп. Кез келген аурудан емделу үшін адам­ның ниеті түзу болу керек. Сол кез­де ғана нәтиже болады», – дейді Сапар Құттыбайұлы. Нарколог маманның айтуынша, орталықта алмастыру терапиясын алып жүрген 29 науқас бар. Олардың көбі бірнеше жылдан бері бақы­лауда. Метадон әдісіне көшкендер арасында да күнделікті тәртіпке бойұсынып, біразы жұмысқа тұрып, қалыпты өмірге араласа бастағандар көп. «Олар бізге келгенде ата-анасы есірткі қабылдау үшін үйден ақша ұрлап, есіл-дерті есірткі болғанын айтып жылайтын. Қазір, керісінше табыс тауып, өздеріне қарай бас­таған. Біраз жылдан бері байқап жүр­міз, таңертең емін қабылдап, ары қарай күнделікті жұмысын іс­теп жүр. Олардың алдарына қойған мақсаты бар, түзелуге жоспар қой­ған. Еркінен тыс келген науқастар мен есірткінің дозасын азайту үшін келіп емделетіндер көп ұзамай ескі әдетіне басады. Бұрынғы ортасы бірінші дозасын тегін береді, кейін ақшаға сатады. Қайтып тәуелді болады. Емнің нәтижесі емделушіге байланысты. Қазір 1 446 науқасты диспансерлік бақылаудан алдық. Соның ішінде 388-і толық сауы­ғуына байланысты бақылаудан шығарылды», – дейді нарколог. Науқас орталыққа келгенде ең бірінші ауырсыну белгісін кетіретін дәрі-дәрмектер қолданылады. Қа­ны тазартылып, дәрумендер бері­леді. Жүректің қызметі мен ұйқы бұзылуын қалпына келтірген соң ауруды басатын дәрі-дәрмектер қолданылады. Содан кейін ойлау қабілетінің деңгейін анықтау үшін психологтер жұмыс істейді. CZM Freedom оңалту орталы­ғының наркологі әрі психологі Кор­нелия Караления «нашақор­лық­тан емделіп шығу қиын» дейтін қасаң түсінікті жоққа шығарады. Айтуынша, орталықта нашақор­лық­тан айыққандар көп. Олардың көбі отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатыр. «Кез келген есірткі адамның ағзасын улап, өмір сүру қалпына әсер етеді. Жеке адам ре­тінде қасиетін жоғалтады. Адамның көзқарас құндылығы өзгереді, басқа адамдарға да қауіп төндіреді. Сол үшін науқастағы тәуелділіктің себеп-салдарын біліп алуға күш жұмсаймыз. Себеп-салдарын тап­пай ем жүргізу мүмкін емес. Қыз ба­лалардың көбі есірткіні көңіл көтеру орындарында, жеке отырыс­тарында қызық үшін татып көреді. Бір-бірін «батылдыққа» үгіттейді. Ары қарай одан да күштісін көруге құлшынысы артып тұрады. Кейде кездесіп жүрген жігіттер де қыз­да­рына ықпал етеді. Ал үлкендер ара­сында есірткіге тәуелділік әр­түрлі. Бір адамдар жоқшылықтан жадап жүргенде нашақор болып кетсе, кейде тоқшылық та есірткінің буына ұрындырады», – дейді Корнелия Игоревна.

«Анам ертіп келді»

Есірткіні ең алғаш 18 жасында тұтынған алматылық Алтынайды оңалту орталығына анасы жетектеп келген. Оның нашақорлардың ор­тасына түсуіне құрбылары себеп бо­лыпты. «Оқып жүргенде қасым­дағы құрбыларым «Қызық үшін көрейік. Бір көргеннен ештеңе бол­майды, тәуелді болып кетпей­міз» деп азғырды. «Дәмін көр, ұнаса ұнады, ұнамаса тастайсың» деген соң көрдім. Бірінші татқаннан дәмі ұнап қалды. Одан кейін өзім іздеп тұратын болдым. Екі аптада бір, аптасына бір, кейін үш күнде бір, ары қарай күнде-күнде қолданып, соңында бір күнде бірнеше рет қолданбасам, тұра алмайтын ауруға айналдым. Оқуды да тастадым. Анамның бар тапқанын есірткіге жұмсайтын болдым», – деп еске алды сол күндерін Алтынай. Өз ер­кіме­н есірткіден бас тарта алмай­тынын түсінген Алтынайдың анасы қызын орталыққа алып келеді. Ауырсыну белгілерін кетіріп, пси­хологтермен жұмыс жүргізген соң екі жылдан кейін ауруынан то­лық­тай айыққан ол қазір тұрмысқа шығып, балалы болыпты.

Елуге келгенде есірткіге отырған

Ал кейіпкеріміз Марат есірткіге елуден асқанда тәуелді болған. «Бір күн бұрын ішімдік ішіп, ертесі ба­сым мең-зең болып ауырып отыр­ғанда көрші бала келді. «Мына зат­ты бір қолданып жіберіңіз, еш­теңе етпейді. Есесіне басыңыз тез жазылады», – деді. Шынында да, басымның ауырғаны қойып, ерек­ше бір күй кештім. Бірақ уақытша ғана екен. Кейін қалай әуестеніп кеткенімді өзім де білмеймін. Есірткі қабылдамасам болмайтын халге түстім», – дейді ол да. Ал­пысқа келгенде адасып жүргенін түсінген ол өз еркімен орталыққа келген. Балаларына бағыт-бағдар беретін жасында есірткінің буына елітіп, есін жоғалтқан Марат та бармағын кеш тістегенін мо­йын­дайды. Бірақ емделіп кетемін деген ерік-жігері есірткіге тәуелділіктен толықтай айықтырыпты.