Еліміздегі еңбек қатынастары арнаулы заң аясында реттеледі. Сонда да болса жұмысшылардың ереуілі азаймай тұр. Әсіресе, Маңғыстау өңірінде «айлығымыз шайлығымызға жетпейді» деп бас көтеретіндердің қарасы қалың. Обалы не керек, көбіне олардың талабы орындалып, бұрқ еткен дау басылады. Дегенмен бұл жағдай республиканың екінші бір қиырындағы еңбек ұжымының наразылығына ұласып жатады. Осы тұста біздегі еңбек қатынастары саласындағы жанжалдың алдын алу механизмінің қауқары жайында сұрақ туындайды. Нақты айтқанда, көп жағдайда жұмыс беруші жұмысшы көшеге шығып, наразылық білдіргенге дейін оның әлеуметтік жағдайын қаперге алмайтын сияқты. Әрі көбіне мекемелер инфляция жағдайын ескеріп, шарықтаған бағаны есепке алып, айлықты өсіруге құлықсыз. Жұмысшының одан өзге де әлеуметтік мәселелері де шешіле бермейді. Міне, жағдайдың осылайша шиеленісуі жұмысшыларды көшеге алып шығады. Президент те Үкіметтің кеңейтілген отырысында еңбекақының баяу өсуінен елде қарызға батқандар мен кедей адамдар көбейгенін айтқан. Әрине, мұндай жағдайда жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдететіндердің қарасы қалыңдай түсетіні анық.
Мұнайшылардың мұңы
Мәселен, ақпан айының алғашқы күндерінде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының жұмысшылары бас көтерді. Түбектегі жұртты ауызсумен, электр қуатымен қамтамасыз ететін компания қызметкерлері соңғы 14 жылдан бері өзгермеген айлық жалақыны көтеруді талап еткен. Мұнан бөлек, жұмысшылар өндірістің зияндылығына байланысты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, мемлекеттік мекемелерде сыйақы төлеу, еңбек жағдайын жақсарту мәселелерінің шешімі табылғанын қалайды. Кейін бұл мәселеге байланысты «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Талғат Есентүгелов ресми мәлімдеме жасап, қызметкерлердің айлығын 30 пайыз көтеру, мерекеде сыйақы төлеу мәселесінің шешіліп жатқанын хабарлады. Әрі компания басшылығы қызметкерлер көтерген мәселелер бойынша еңбек арбитражының құрамын бекітті. Оған кәсіпорынның 3 қызметкері мүше болды. Соңғы күндері «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бөлек Дунга кен орнын игеріп жатқан Total ЖШС, «КаспийПрофСнаб», Planika мекемелерінің де жұмысшылары бас көтеріп, жұмыс берушілерден жалақыны көтеру, еңбек келісімшартын жасасуды талап еткен. Бір кездері жекеменшікке өткен «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары құрылымды қайтадан мемлекет меншігіне алуды қалайды. Сол секілді өңірдегі 6 мұнай сервистік компанияның жұмысшылары да мекемені мемлекеттің меншігіне қайтару туралы өз талаптарын жариялады. Маңғыстаудағы ушыққан еңбек қатынастары мәселесіне Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айрықша назар аударылды. Басқосуда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев былтыр мұнайлы өңірде 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелгенін айтты. Ондағы 24 факті бойынша мәселені тараптар 3 сағат ішінде шешіп, келісімге келген. Олардың барлығында жұмысшылар жалақыны арттыруды талап еткен.Наразылық «челленджі»
Әйтсе де, жыл басынан бері лек-легімен жалғасқан еңбек даулары еңбек қатынастарын реттеу механизмін жетілдіру қажетін көрсетті. Мұнда мәселені шешудің жалғыз жолы айлықты көтеру емес сияқты. Өйткені жекелеген мекеме қызметкерлерінің бас көтеріп, жалақысын көбейту басқа ұжымдардың да осынау қадамға баруына ықпал етеді. Мәселен, Маңғыстаудағы мұнайшылар мен мұнай сервистік компания қызметкерлерінің наразылығынан соң басшылық олардың мәселесін шешуге мойын бұрды. Нақты нәтиже де бар. Осыны естіп-біліп отырған жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері, мұнай сервистік компаниялардағы өрт сөндірушілер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қызметкерлері де жалақыны көтеруді талап ете бастады. Нәтижесінде мұнай сервистік компанияның өрт сөндірушілерінің айлығы 30 пайызға өсті. Маңғыстаулық халыққа қызмет орталығы қызметкерлерінің де жанайқайы басшылықтың құлағына жеткен сыңайлы. 5 жыл бойы еңбекақысы өспеген халық қызметшілеріне қуанышты хабарды жеткізу үшін Маңғыстауға «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов арнайы ат басын бұрды. Басқарма төрағасы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен кездесу кезінде корпорацияның барлық филиалында айлық 1 қаңтардан бастап 25 пайызға көбейетінін жеткізді. Шілде айында еңбекақыны тағы 25 пайызға өсіру жоспарланған. Оған қоса халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары шілде айынан бастап 50 пайыздық үстемеақы қосылған айлық ала бастайды. Жоғарыдағы мысалдардан соң қызметкерлері басшылықтың алдына жалақыны көтеру туралы талап қоятын мекемелердің қатары молая түсетіні анық. Демек, қоғамда жалақыны көтеру, әлеуметтік қорғау тетіктерін қарастыруда наразылық білдіру тенденциясы белең алады. Десе де, DataSight зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов еңбек дауларына жалақының аз-көптігін бұрын әлеуметтік теңсіздік себеп болатынын айтты. Сондықтан мәселенің астарына тереңнен үңілу үшін әр ұжымдағы еңбек дауын жеке-жеке зерттеу артық болмайды. – Наразылыққа шыққан жұмысшылардың көбі әлеуметтік әділдікті талап етеді. Мұнда мәселе айлықтың көп не аз төленуі емес. Мәселе айлықтың дұрыс тағайындалмауында. Басшы мен қатардағы қызметкер айлығындағы айырмашылық жер мен көктей. Демек, мұнда әлеуметтік әділдік немесе әлеуметтік теңдік жоқ. Сондықтан мейлінше әр дауды, әр компанияның мысалында жеке-жеке зерттеу қажет, – дейді Ілияс Тілеубергенов. Әлеуметтанушылардың келесі бір тобы мәселені әр маманның еңбек жүктемесін заң аясында бекіту арқылы шешуге болатынын айтады. Жүктемеге сай әр қызметкердің алдына күндік, айлық жоспар қойылады. Сәйкесінше жоспарын асыра орындағандарға үстемеақы төленеді. Бұл тетік қызметкерлерді жұмысқа ынталандырумен бірге еңбекақы төлеу жүйесіндегі теңсіздікті жоюға мүмкіндік бермек. Қысқасы, көп жағдайда еңбек дауларына қатысушылар еңбекақыны көтеруді талап етеді. Әрі оның басым бөлігінде наразы топ өз дегеніне қол жеткізіп жатады. Әйтсе де, жауаптылар бұл тенденцияның жақсылыққа апармайтынын түсінгені жөн. Өйткені «айқаймен» айлық өсіру тенденциясы кім-кімге болмасын абырой әпермейді. Сондықтан еңбек қатынастарын реттеу жүйесінде еңбек жанжалдарын алдын алудың мүмкіндіктері қарастырылғаны жөн.