Еңбек дауын еселейтін – аутстаффинг
Еңбек дауын еселейтін – аутстаффинг

Еңбек қатынастары саласында шешілмеген мәселе жетерлік. Олар ушығып, көпіршіктей үріле келе еңбек даулары мен жанжалдар түрінде жарылады. Түйіні шиеленіскен түйткілдердің бірі – аутстаффинг. Ол мәселен, былтыр елордада «сақалды құрылысқа» айналып бара жатқан Әбу-Даби Плаза заңғар ғимаратын салуға тартылған қазақстандық жұмысшылардың жаппай ереуіліне соқтырды.

Атауы ағылшынның out («тыс») және staff («штат, пер­сонал») сөздерінен құралған бұл тәжірибе Қазақстанда 1998 жылғы қаржылық-экономикалық дағ­дарыстан кейін тарала бастады. Дегенмен аутстаффинг елімізде бірнеше жыл бұрын ғана кең та­нымал болды.

Оған сәйкес, қандай да бір кәсіпорын өз ісін дамыту, әлдебір акция өткізу үшін төл штатына кір­мейтін мамандардың еңбегін пайдаланады. Басқаша айтқан­да – «персоналды белгілі бір мақ­сатқа жалға не қарызға алады». Әри­не, бұл – дамыған елдердегі үлгі.

Ал жоспарлы экономикадан жабайы нарық құрдымына құ­лаған кеңестен кейінгі респуб­ликаларда бұл құбылыс «құбы­жық» сипат алды: кәсіпорындар өз ұжымын да аутстаффингке шығарып жіберуде.

Facebook-тегі жеке парақша­сында Мәжіліс депутаты Бақыт­бек Смағұл салалық ведомство мәліметіне сілтеме жасай отырып, бір деректі хабарлады.

– Еңбек құралын, көлік түрін және басқасын лизингке алуға болады. Ал тұтас ұжымды ли­зинг­ке алу туралы естіп пе едіңіз? Қазір Қазақстанда осындай кесір құбылыс жүруде. Оны жатжұрттық «аутстаффинг», «лизинг персо­нала» деген сөздерімен «көр­кем­деп», бүркемелеуге тырысады. Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпорын ұжымын штаттан шығарып тастайды да, оны жеке жұмыспен қамту агенттігіне тап­сырады. Содан кейін агенттік ол қызметкерлерді әлгі компанияға жалдамалы персонал түрінде қайта ұсынады. Осылайша, жұ­мыс беруші қызметкерлерін әлеу­меттік қолдаудан және қорғаудан «құтылады». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, өткен 2018 жылы 13 жеке жұмыспен қамту агенттігі KAZENERGY қауымдастығының 10 мекемесіне шамамен 6 мың қызметкерді ұсынған. 2014 жыл­дан бері «АрселорМиттал Те­мір­тау» да аутстаффинг, яғни еңбек күшін қарызға алу формасын кеңінен пайдаланып келеді. Ве­домство дерегінше, бүгінде 600-ге жуық «қарыздық қызметкер» «Ар­селорМиттал Теміртауда» жұмыс істейді, олардың жалақысы штат­тық қызметкерлер жалақысына қарағанда 35%-ға төмен. Бұл еңбек дауларының туындауына түрткі болады, – дейді депутат Б.Смағұл.

Расында, 2018 жылғы ақпан айының басында «Әбу-Даби Пла­за» құрылысында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылар мен мердігер арасында қақтығыс туындағаны мәлім. Шиеленістің тарқауын Nur Otan партиясы ерекше бақылауға алды. Бас қаладағы аспанға бой созған алып ғимараттың құрылысын жүргізген отандық жүздеген жұмысшының мәселесін шешу үшін жергілікті әкімдік, кәсіподақ, прокуратура бірлесе жұмыс атқарды. Сонда анықталғандай, мердігерлік ұйымдардың құрылысшылары World monitoring, «Экспо Строй», «Казахстан Строй техно», «Казин­жиниринг провайдер» компа­ния­лары аясында аутстаффинг бо­йын­ша жұмыс істеген. Жұ­мыс­шы­лардың айтуынша, кейін мер­дігер біржақты түрде арадағы ке­лісімді бұза салады. Өтемақы да төлен­беген. Себебі, еңбек келі­сім­­­шар­тының бұл түрінде өтема­қы қарас­тырылмайды. Рас, мем­ле­кеттің бас мердігер Arabtec-пен арасындағы келіссөздер нәти­же­сінде жұмыс­шылардың біразына өтемақы берілді. Құрылысшылар Нұр-Сұлтан қаласындағы өзге құрылыс алаңдарында орындарын тапты.

Бірақ мәселе қалды.

Әлгінде аты аталған World monitoring рекрутингтік ком­паниясы өзінің ресми интернет-ресурсында «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды кешен құры­лысын жүргізуші Arabtec және Сonsolidated Сontractors Сompany секілді БАӘ-нің ірі құрылыс ком­панияларына персонал ұсы­на­тынын және жобаға жұмылды­рылған осындай жұмысшы маман саны – 850-ге жететінін хабар­лайды.

Онда сондай-ақ World monitoring компаниясының аутстаф­финг қызметі бизнеске қандай пайда әкелетіні дәріптеледі. Аут­стаффер, яғни делдал компания жалақы, салық төлеу, еңбек заң­намасын орындау, соның ішінде жұмыстан босату секілді мәсе­лелерді өз мойнына алады.

Аутстафферге жүгінген жұмыс беруші қызметкерлер алдындағы заңды жауапкершіліктен құты­латыны; қызметкерлермен ара­дағы еңбек даулары бойынша міндеттемеден босайтыны; пер­соналға қатысты сақтандыру және басқа да жазатайым оқи­ға­лар туындауының тәуекелі төмен­дейтіні; өтемақылық пакет шы­ғын­дары азайтылатыны айтылған. Кәсіпорын жұмыскерлерін бас­қарудан және соған ілеспе әкім­шілік және қаржылық жүктемеден арылады.

«Қазіргі уақытта компаниялар нарықтағы тұғырын сақтап қалу үшін бар күш-жігерін негізгі үдерістерді басқару бойынша ұзақмерзімді жоспарларды іске асыруға шоғырландыруы қажет. Сол арқылы оның бәсекелестік артықшылықтары қамтамасыз етіледі. Біздің компания клиент­терін HR саласындағы бейінді емес міндеттерді орындаудан бо­сатуға, сол арқылы төл стратегия­лық міндеттерін шешуге, барын­ша тиімді дамуға мүмкіндік беруге тырысады», – дейді елордалық осы аутстаффер.

Ол «жаңа қызметкерлерді олар­мен еңбек қатынастарын рә­сімдемей-ақ сынақтан өткізе­тіндерін» білдірді.

Қазақстанда кейбір компа­ниялар директор, бас бухгалтер секілді бірлі-жарым қызметкерден басқасының бәрін «штаттан тыс» деңгейге көшіруде. Мұндайда олар кадр бөлімінен де бас тар­тады. Осы арқылы ірі кәсіпорын­дардың өздері штатын оңтайлан­дырып, шағын не орта кәсіпкерлік санатына кіреді де, соларға қа­растырылған салықтық жеңіл­діктер мен артықшылықтарды пайдаланады.

Ондай жұмыс берушілер қа­жетті мамандарды іріктеуге және жұмысқа алуға жұмсалатын уақыт пен қаражат шығынын outstaffing арқылы үнемдеуге ұмтылады. Оның үстіне құқық пен еңбек қатынастары саласында дау туа қалса, жауапкершілікті аутстаф­фер компанияға сырғыта салуға мүмкіндік бар. Өйткені жаппай босатылатын жұмысшылар жұ­мыс беруші штатының бір бөлігі болмайды. Ереуіл жасамаса, он­дай жағдайлар туралы қоғам да бейхабар қалады, шу да сыртқа шықпайды.

Қазір Ресей өз аумағында аутстаффингті шектеді. Мәселен, солтүстік көршінің федералдық заңнамасына сәйкес, ереуілге шыққан мамандарды алмастыру үшін аутстафферден жұмысшы жалдауға, зияндылығы жоғары (3-4 дәрежедегі) өндірісте және қауіпті (І-ІІ сыныпты) нысандарда жұмыс істеу үшін жұмыскерлерді осы тәсілмен жалдауға қатаң тыйым салынған.

Қазақстанда да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі бірнеше жыл қорда­лан­ған проблеманы шешуге қам-қа­рекет жасауда. Нақтырақ тоқтал­сақ, арнайы әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы аясында жеке жұмыспен қамту агенттігін тартпай, персоналды беру қызметін көрсетуге арналған шарт жасасуға тыйым салу ұсы­нылып отыр.

– Жеке жұмыспен қамту агент­тіктерінің «қарыздық» пер­соналды беруі елімізде еңбек заңнамасымен реттелмеген, әрі бұл мәселе бойынша статистика жүргізілмейді. ТМД елдерінің және Қазақстанның тәжірибесі көрсеткендей, қарыздық еңбек күшін пайдаланушылар ондай қызметкерлерге қатысты еңбек заңнамасында белгіленген міндеттемелерін орындаудан жалтарады. Сондай-ақ олардың жұмыс уақыты нормасынан асып кетеді, алатын жалақы мөлшері де тұрақты қызметкерлермен салыс­тырғанда төмен, оларға жыл са­йынғы еңбек демалысы беріл­мей­ді. Еңбек қарқынының жоғары болуы, еңбек қауіпсіздігі мен олар­дың сақталуын қадағалау бо­йынша жұмыс беруші жауапкер­шілігінің анықталмауы, сонымен қатар кейде кәсіби біліктіліктің жетіспеуі – аталған қарыздық еңбек секторын өндірістік жара­қат пен кәсіптік сырқат қаупі жо­ғары салаға айналдырады. Жал­пы алғанда, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің персоналды беру қызметі заңнамалық реттел­мейді, – дейді министрлік өз талдауында.

Министрліктің байламынша, республикадағы кейбір кәсіпо­рын­дарда жыл сайын төл пер­соналын аутстаффинг тәсілімен сыртқа теуіп шығарып, аулақтату үдерісі жүруде. Мұндай кесірлі құбылыс негізінен, Атырау, Маң­ғыстау және Қарағанды облыс­тарының кәсіпорындарында белең алған көрінеді.

«Көбінесе, жұмыс беруші өз қызметкерлерін штаттан шыға­рады да, басқа мәртебеде кері қа­былдайды. Мұндай қызмет­кер­лер төмен жалақыға келісуге мәжбүр. Ал жұмыс беруші қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету және әлеуметтік пакет ұсыну бо­йынша міндеттемелерден ары­лады», – дейді еңбек ведомствосы.

Сондықтан егер қабылданған жағдайда, жаңа заң арқылы мем­лекет жеке жұмыспен қамту агент­тіктерінің персонал ұсыну қызметін реттеуді жоспарлауда.

«Бұдан бөлек, аталған норма­ның енгізілуі жұмыс берушілерді персоналды тек өзара еңбек қа­рым-қатынасы бар жеке жұмыс­пен қамту агенттіктері арқылы ғана тартуға міндеттейді. Бұл агент­тіктер жұмыс беруші болып есептелетіндіктен, қызметкер­лердің құқықтары толықтай еңбек заңнамасына сай қорғалатын болады» деген сенімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қорыта айтқанда, Қазақстан аутстаффингке тыйым салмайды, одан бас тартпайды. Тек реттеу көзделуде.

Сонымен бірге, талапты бұз­ған­дарға қомақты жаза қарасты­рылмаған. Мемлекеттік еңбек инс­пекторлары жеке жұмыспен қам­ту агенттіктерін тартпай, пер­соналды беру жөніндегі қызметтер көрсету бойынша шарт жасасқан­дарға бұлай жасауға жол беріл­мейтіні жөнінде нұсқама ғана береді деп белгіленуде.