Жер дауы біз үшін ескірмейтін түйткілге айналғалы қашан?! Маңызын әлі жойған жоқ. Үй саламын деп жер кезегіне тұрып, кезегі жылжымай не қолдағы малына жайылым таппай сенделген жұрт көбейді. Осыған кінәлілердің қатарында шенділер де кездескен еді. Рас,бәріне бірдей күйе жақпаймыз, бірақ жер беру құқығын пайдаланып, талай әкім мен шенділер жақын-жуығына, танысына жер таратып берді. «Көп асқанға бір тосқан» дегендей, енді әкімдіктер жер беру хақынан айырылды. Бірақ әкімдер істеген бұрынғы заңсыздықтың зардабын қалай жоямыз?
Комитет бұрынғы соқпаққа түспесе игі
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі жер мәселесіне қатысты ережелерге өзгеріс енгізгенін жария етті. Бұдан былай әкімдіктер жер беріп, берілген жерді бақылай алмайтын болды. Яғни, бұрын үй салу үшін жер кезегіне тұрса да, басқа мақсатта жер берілсе де, бәрі тікелей әкімдік арқылы жүзеге асатын. Енді әкімдер бұл құзыретінен айырылды. 2014 жылдан бастап Жер қатынастары және Мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің құрамына кіргенін білеміз. Бірақ бұл қадам әкімдер мен айналасындағы шенділерді «тайраңдатуға», жемқорлыққа баруына жол ашты десек, қателеспейміз. Себебі көптеген шенеуніктер заңды айналып өтудің амалын тауып, жақын-жуығы мен туыстарына жер үлестірді. Кейін осы жайды айтып, біраз қоғам белсенділері мен азаматтар қарсылық танытқанын жиі естіп жүрдік. Ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 19 наурызда өткен Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Ол комиссияның талқылаған мәселелерімен ел жақсы таныс. Комиссияның бес отырысында 120-дан астам ұсыныс түсті. Жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі жоспар әзірленді. Сонда дәл біз айтып отырған әкімдіктердің жерді үлестіру жайы талқыланды. Былтыр 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол заң жердің пайдаланылуы мен қорғалуындағы мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық уәкілетті органның ведомствосына беруді көздеді. Ұғынықты етіп айтсақ, тек жер беру жөніндегі функциялар әкімдікте қалды, ал әкімдіктердің жер беруін, оны алған адамның жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді. Енді комитет әр өңірдегі өз департаменті арқылы осы істі атқарады. Тек комитет бұрынғы соқпаққа қайта түсіп жүрмесін делік.«Әкім әкім болар ма, жерге қол сұқпаса»
Иә, әкімдіктегілердің асып-тасқанына әйтеуір бір тоқтау керек болатын. Әйтпесе шенді-шекпенділердің былығы көбейіп, халық зиянын көрген еді. Мәселен, Түркістан облысында осындай жағдай жетерлік. 2016 жылы Сарыағаш ауданында 300 гектар жайылымдық жерді сол кездегі аудан әкімі Бұқарбай Парманов қаулы шығарып, бәзбіреулердің меншігіне беріп жіберген. Ешқандай заң талаптары сақталмаған екен. Тағы бір жер дауынан арылмаған аудан – Төлеби ауданы. Әлгі айтқан Б.Парманов Сарыағаштан кейін дәл осы ауданға басшы болып келген. Кейін де бірталай заңсыздыққа барып, өзінің қалаған адамдарына жер үлестіріпті. Соның кесірінен былтыр аудан аумағындағы даулы жерлерге қатысты 34 талап-арыз қаралған. Жер берудегі заңсыз әрекеті үшін ешқандай жауапқа тартылмаған сол Парманов кейін Шымкент қаласының Абай ауданына басшы болды. Тағы осындай бір былық Түркістанның Шардара ауданынан шыққан еді. Заң талабына қарамастан, жайылымдық жерлер бағып отырған малы жоқ адамдарға берілген. Әкімдіктің қаулысымен Қ.Тұрысбеков ауылдық округі аумағынан бақандай 384,0 гектар жайылымдық жер 49 жылға жалға беріліп кеткен. Ал осы облыстың Жер қатынастары басқармасы 2021 жылы мұндай былық барлық ауданда барын, қолға өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтаратынын хабарлаған. Қош, демографиялық қысымы қатты, халқы да, өрісте жайылған малы да көп Түркістан облысында жайылымдық жерге таласқандарды түсінуге болар. Аса бір шүйгін жері жоқ Маңғыстау облысында да жер иеленуге құлықтылар көп екен. 2019 жылы өңірдегі ең үлкен елді мекеннің бірі – Маңғыстау ауылының әкімі мен орынбасары заңсыз жер бергені үшін сотталды. Аукцион өткізбей-ақ, қаражатты бюджетке аудармастан 8 жер телімін жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілерге бөліп берген. 2020 жылы Алматы облысының Кеген ауданында ауылшаруашылық жерлерін шенділер өз туыстарына бөліп бергені айтылды. 240 гектарға жуық жерден халыққа ұлтарақтай жер де бұйырмаған. Не керек, қайтқен күнде де жерге көз тікпей отыра алмайтын әкімі көп елміз.Жер тартысы – жемқорлық
Заңсыз жер үлестірудің түп-төркіні сол ақшада, яғни жемқорлықта жатқанын аңғару қиын емес. Әкімдіктер жер билігін қолына алғалы екі түрлі заңсыздық тарады. Біріншісі, ел жақсы білетін үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұруда. Елде жеке тұрғын үй салуға Қазақстан азаматтарына тегін жер берілетінін білеміз. 2021 жылғы дерек бойынша, 1,5 миллион адам кезекте тұр. Бірақ ақысыз жер телімін беру кезінде таныстық пен жемқорлық жайлаған. Бұны жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек айтып берді. – Тізімде өлген адамдар, жеке бас куәлігін жоғалтып алғандар, басқа елге қоныс аударған адамдар жүреді. Бұрын жер алып қойған немесе тұрғылықты мекенжайы жоқ, көшеде жүрген адамдар да барын көрдік. Бұл адамдарды әкімдік жасырын түрде қосып келген. «Оларды арнайы тізімге не үшін қосады?» дерсіз. Себебі әкімдіктегі тізімде жылдап кезекке тұрғысы келмейтін адамдар мәселені ақшамен шешкісі келеді. Мысалы, кей адамдар бар, 20 жыл бойы тізімде тұр. Аудандарда ақысыз жер телімін алу үшін кезекте кемінде 7 жыл тұру керек. 15 мыңыншы орында тұрған адам 4-5 мың АҚШ долларын беретін болса 350-орынға көтерілуі мүмкін. Ал тізімде сіз иеленген 350-орында тұрған азамат бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Әкімдіктегілер қайтыс болған адамды тізімнен шығарып тастап, оның орнына пара берген азаматты қоя салады, – дейді Б.Базарбек. Енді екінші мәселеге келейік. Бұл – аудандық және қалалық әкімдіктің жанындағы жер комиссиялары. Дәл осы жер комиссияларына әкімдер төраға болып отырды. Біреуге жер берерде комиссияны өзінің шешіміне көндіреді. Ол үшін жазалана қоймайды. Неге? Себеп қарапайым, шешімді қабылдаған өзі емес, комиссия болып шығады. Сол арқылы жерді жақынына, не ақша ұсынған адамға берсе де – өз еркі. Қылмысты әшкерелеу қиын. Абырой болғанда, Жер комиссиясының арқасында осы әділетсіздік жойылды. – Әкімдердің заңсыздығын Жер комиссиясында ашып айттық. Жер кодексінің 97-бабына 2018 жылы өзгеріс енгізген едік. Сол өзгерістерге сәйкес, «шаруа фермер қожалығын жеке тұрғын үй құрылысы және жеке қосалқы үй шаруашылығына, яғни жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға тыйым салынған» деген норманы осы баптың 3-тармағына қостық. Норма жұмыс істеді, бірақ іс жүзінде жергілікті органдар, аудандық деңгейдегі әкімдіктер ауылшаруашылық жерлерін заңды айналып өту арқылы иемденудің жақсы амалын ойлап тапты. Яғни, жерді бағбандық немесе саяжай ретінде алады, оған тыйым жоқ. Заңның олқы жерлерін пайдаланып, осы кезге дейін үлкен алқаптар әркімге беріліп кетті. Енді оның бәрін жөнге келтіру қажет, – деді заңгер Бақытжан Базарбек. Бұл мәселенің қиыны сол, әкімдіктердің заңсыз іс-әрекеті арқылы елімізде қанша гектар жер азаматтардың иелігіне өтіп кеткені жайлы нақты дерек жоқ. Кеш те болса заңсыздыққа тұсау салу құптарлық амал болды. Ендігі міндет – жер қатынастары саласына қарайтын басқармалар заңсыз беріліп кеткен жерлерді толық анықтап, жағдайды ретке келтіру. Ал жаңа функцияны өз ырқына алған Жер ресурстарын басқару комитеті қалай жұмыс істейтін алдағы уақыт көрсетеді.