Айыртауда жер дауы өршіп тұр
Айыртауда жер дауы өршіп тұр
257
оқылды

Халқымыздың жер мәселесіне келгенде «не бел, не белбеу ке­теді» дейтін ұстанымда екені бай­қалады. Содан да болар, ауыл ша­руа­шы­лығы жерлерін шетел­дік­терге жал­ға беру мен сатуға тоқ­тау салынды. Тіпті жекемен­шік­ке сату мәселесіне де бес жыл­ға дейін мора­торий жа­рияланды. Алайда Ақмола мен Солтүстік Қа­зақстан облысының бір­қатар ауылында ауыл шаруа­шылығы жерлеріне қатысты дау-дамай азаймай, керісінше ушығып барады.

Ауыл жерлері 10 жыл бұрын кепілге қойылған

Кезінде «Жер-Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарауына өткен Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ау­да­нына қарасты Қаратал, Елецкий, Са­рыөзек, Қоскөл, Колесниковка ауыл­да­ры­на тиесілі 16 186 гектар егістік алқабы осы­дан он жыл бұрын 2010 жылдың 22 қа­за­нында кепілге қойылып кеткен. Ауыл тұр­ғындарының айтуынша, халық бұл тура­лы ешнәрсе естіп, білмеген. Тек он жыл өт­кеннен кейін ғана жерге егін салған ком­пания басшысының шикі тірліктері әш­кере болғанға ұқсайды. Өткен жылдың соңы­на таман басталған жер үшін «айқас» қа­зір шарықтау шегіне жетіп отыр. Осыған дейін бірнеше рет сот отырыстары он­лайн форматта өтіпті. Ауыл жерлеріне сонау тоқсаныншы жыл­дары «Әліби» ЖШС қожалық ете бас­тапты. Компания Солтүстік Қазақстан об­­­­лысы мен Ақмола облысы аумағындағы түгін тартсаң, майы шығатын жерлерге  ауыз салған. Салғанымен қоймай, пай­шы­лардың жерлерін банктерге кепілге қойып, жүз миллион долларлап несие алып­ты. Кейін басшысы сотталып, ком­па­ния төлем қабілеті жоқ болып шыға келген.

Жерге миллиондаған доллар несие алынған

«Мәселе осыдан әрі тым қойырт­пақ­та­лып, күрделеніп кеткен. Иелігіндегі 16 мың гек­тардан астам жерді ауылдың халқына ләм-мим деп айтпастан, заңсыз «Халық бан­кіне» кепілге қойып, миллиардтаған со­ма қарыз алған. Ал несиелерді аталған ауыл­дарда егін егіп жатқан «Жер Ана», «Әліби-Новосветловка» компаниялары емес «Бинюс астық компаниясы», «Әліби» хол­дингі, «Әліби» астық инвестициялық ком­паниялары» сияқты басқа компаниялар рә­сімдеген болып шықты. Тіпті, жерді ке­піл­ге қою туралы сол жылдарда «жи­на­лыс­тар» өткені жайлы құжаттар әзірлепті. Бі­рақ қағаз жүзінде жиналыс болғанымен, шын мәнінде ауылдағы ешбір адам бұл жиын­дарға қатыспаған. Сөйтіп, ауылдағы ағайын бұл былықтан еш хабарсыз жата бер­ген. Мәселе тек былтыр қарашада ға­на белгілі болады. Өзінің айыбын «жуып-шай­мақ» болған кәсіпкер мұндағы жердің ке­пілге қойылып кеткенінен «еш хабары жоқ» «Ұлы дала» компаниясының басшы­сын алып келді. Ал ол халықты «алтынмен ап­та, күміспен күптейтінін» айтқанымен, іс жүзінде одан сайын жұтай бастаған. Қа­зір бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сот про­цестерінде қаралып жатыр», – дейді атал­ған ауылдағы пайшылардың адвокаты Айгүл Қалқаманова. Айыртау Жер дауы әбден шегіне жеткендіктен, ауыл тұрғындардың бармаған жері, бас­па­ған тауы қалмаған. Әсіресе, жердің ба­сым бө­лігі яғни 15 мың гектардан астамы ке­піл­ге қойылып кеткен Қаратал ауылының тұр­ғындарының жегені желім болып тұр. Жер­лерінің кепілге қойылғанын өткен жыл­дың соңына таман бір-ақ білген ауыл тұр­ғындары осыдан кейін кеш болса да, ат­қа қоныпты. Жасалған келісімшартқа сәй­кес Қаратал ауылдық округінің 15 065 гек­тар егістік алқабы мен Елецкий ауылдық ок­ругінің 1 121 гектар жері кепілге қойыл­ған. Қаратал жерінің нарықтағы құны 177 343 000 теңге болса, Елецкий ауылының жері – 29 283 000, яғни жалпы құны – 206 626 000 теңге. Күні кеше аталған жағдайға сәй­­кес ауданның әкімі мен басқа да атқа­мі­нерлері облыс әкімдігінде болған. Бірақ тұр­ғындардың тілегін қанағаттандырар тұ­шымды жауап болмағандықтан, аудан ор­талығы Саумалкөл ауылында айғай-шуға то­л­ы жиын өтті.

Астыққа толы қырман мен МТМ-ны жауып тастады

Тұрғындардың айтуынша, «Жер Ана» ЖШС-нің шақыруымен келген жаңа «ин­вес­тор» «Ұлы дала» серіктестігінің иесі Ба­хыт Құсайынов ауылдағы қырманды, МТМ-дың барлығын құлыптап жауып, мөр ба­с­ып тастаған. «Бізді маңайына жолатпай, тіпті құқық қор­ғау органдарына хабарласатынын ай­тып қоқан-лоққы көрсетеді. Жеріміздің ен­дігі тағдыры не болатынын білмейміз. Біз­дің жерден басқа ештеңеміз жоқ. Ауыл жұр­ты жылдар бойы жер ешқандай пай үле­сін де, тіпті жалақыларын да ала алма­ды. Тек өткен аптада ғана осы дау туындаған соң былтырдан қалған жалақыларымызды ау­дарды. Жауып тастаған қырманның ішін­де қаншама бидай жатыр. Міне, егін се­бетін уақыт та келіп қалды. Ал біздің «ин­весторларымыз» осындай былықтарды жа­сап жүр. Өзін бір жылдан бері еш ұстай да алмай жүрміз. Мүлдем ұстатпайды. Ха­лық, тіпті қазір екіге жарылып, бірі-бірімен сөй­леспей, әкесі мен баласы бір-бірімен ара­лары бұзылып жатқан жайы бар», – дей­ді Қаратал ауылының белсенді тұр­ғын­дарының бірі Орайхан Тәжин. Сөз алған ауыл тұрғындары да осыған үн­дес сарында сөйлеп, мәселенің бүге-ші­гесін баян етті. Жиналыс барысында жұрт осы жолы жиынға қатысқан «Жер Ана» се­рік­тестігінің басшысы Қанат Ерболовқа дүрсе қоя берді. «Қолдағы бардың бәрін саттың. МТМ-ны, қырман тоғын бәрін сатып жібердің. Ха­­лықты алдап, жер кепілге қойылғанын да айтпадың. Енді сүттен ақ, судан таза бол­ғың келеді», – дейді Орайхан Тәжин. Айыртау Ал Қанат Ерболов халықтың өзі өз ер­кімен «Жер Ана» серіктестігінен бас тар­тып, хаттамаға қол қойғанын айтады. «Сіздерден маған қолдарыңыз қойыл­ған хаттама келді. Енді менің не істеуім ке­рек? Мен хаттама негізінде қол қойдым. Ме­нің кінәм қайсы?», – дейді Қанат Ер­болов. Мәселенің тым күрделенгенін айтқан тұр­ғындар Айыртау ауданының әкімі Дар­хан Әмринге жағдайды реттеп жерді қай­таруға әрекеттену қажеттігін ашына жет­кізді. Әрі тұрғындар аудан әкімдігінің ин­вес­торларға жердің беріліп жатқаны ке­зін­де қайда қарағанын да сұрап қалды. «Міне жерге егін салатын уақыт болып қал­ды. Ал біз әлі тартысып жатырмыз. Жер­ге кім егін салады? Бізге бұл мәселені дәл осы жерде бүгін шешу қажет. Болмаса ер­тең кеш болады», – деді ауыл тұрғыны Қаб­дуәли Оразалин.

Әкім: Барлығы заң аясында шешілуі тиіс

«Әрине, айтуларыңыз орынды. Бұл жер­де барлығы заң аясында шешіліп, кі­нә­лілер жазаларын алуы тиіс. Жерді сатып ал­дық деп олар жалған айтып отыр. Өйт­ке­ні, ол жерлер де, өндірістік нысандар да олар­дың атына тіркелмеген. Барлық жағ­дайды бақылауға аламыз. Біз халықтың жа­ғындамыз. Көтерілген мәселелерді ау­дан­дық полиция бөліміне, прокуратураға арыз түрінде заңгерлеріңіз беруі тиіс. Қыр­ман мен МТМ ғимаратын мөрлеп жауып тас­тағаны заңсыз болса, оның бәрін по­лиция қызметкерлері алдағы уақытта то­лық­тай қарастырады. Біз де мәселенің заң ая­сында толықтай шешілгенін қалаймыз. Де­генмен қандай инвестор келсе де ел­дің пай үлестері мен жалақылары то­лық­тай бері­ле­ті­нін ресми түрде мәлімдеймін», – деді Айыр­тау ауданының әкімі Дархан Әмрин. Сонымен, жиын бойы даурыққан жұрт ай­ғайға басып, мыңдаған гектар жерінен айы­рылып қалмау мәселелерін барынша тал­қыға салды. Ал мәселені түгел зерттеп, тал­д­аған заңгер Айгүл Қалқаманованың айтуынша, таласқа түскен жерді өз мен­шігіне айналдыруға бірнеше компания мүд­делі. «Ауылдағы пайшылардың кепілге қойылып, кейін қайта сатылып жүргенінен ау­дан әкімдігі толығымен хабардар болған. Бі­рақ оны тоқтатуға еш әрекет жасамаған. Ал дәл қазір бұл жерге Aizet Farms, жеке кә­сіпкер Ғаббасов және «Ұлы дала» атты бір­неше компаниялар мен жеке кә­сіп­кер­лер таласып отыр. Әрине, пайшыларға жер­­дің пайларын беріп, егін егіп, үлестерін беретін, жалақыларын уақытында аудара ала­тын серіктестік керек. Мәселе бойынша әлі де бірнеше мәрте сот отырысы болмақ», – дейді заңгер Айгүл Қалқаманова. P.S.

Сонымен, қос бірдей жиын өткізілсе де тараптар ортақ шешімге келе алмады. Жергілікті атқарушы орган даулы жағдай тек сотта шешілуі тиіс екенін алға тартты. Бірақ қараша халықтың мұнымен мәселесі шешіле ме? Ауыл тұрғындары күрделі мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына алып, Үкімет және тисті министрліктің жер комитеттері мәселені толықтай зерттеп, шара қабылдауын қалап отыр. Істің қашан толықтай аяқталып, ауыл жұртының алақандай жерінің тағдыры қалай шешілетіні әзірге белгісіз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ Ақмола облысы