Асханасы жоқ, залы жоқ мектеп қайтіп «күн көрер»?
Асханасы жоқ, залы жоқ мектеп қайтіп «күн көрер»?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
283
оқылды
Бүгінде бүтінінен бүлінгені көп білім саласында «бауын тапса, байлауын таппаған» мәселе шаш етектен. Сансыз бағдарлама жанданып, салаға қыруар қаржы бөлінгенімен, әлі күнге түйткілдер жанға батып тұр. Мәселен, Жамбыл облысында 37 мектептің спортзалы жоқ болса, 70 мектепте асхана қарастырылмаған. Санаға салмақ салған бұл сандар кімді де болмасын алаңдатпай қоймайды. Енді олқылықтың орнын толтыруға не кедергі? Жауаптылар бұл мәселеге осы таңға дейін неге көз жұма қараған?

37 мектепте спортзал, 70 мектепте асхана жоқ

Жалпы, облыста бүгінде 480 білім беру мекемесі жұмыс істеп тұрса, онда 244 299 оқушы білім алады. Міне, осы мектептердің 37-і спортзалсыз, 70-і асханасыз отыр. Яғни, 37 мектептің бала­ла­ры денешынықтыру пәні де­генді білмей, 70 мектепте оқу­шы­лардың сабақ арасындағы үзілісте тамақтануына мүмкіндік жоқ. Спортзалы жоқ мектептердің көшін Жамбыл ауданы бастап тұр. Мұнда Ы.Алтынсарин, Қапал, Қоңыртөбе, Қостөбе, Рахат, Шайдана сияқты 9 білім беру мекемесінде оқушылардың жаттығатын орны қаралмаған. Екінші орында Байзақ ауданы тұр. Онда Пушкин, Королевка, Маметова, Аққия, Ақтөбе, Багара, Үшбұлақ, Еңбек секілді 7 мектепте спортзал болмаса, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарын бірге қосқанда 10 мектепте денешынық­тыру сабағын өткізу мүмкіндігі жоқ. Ал Шу ауда­нындағы 4 мектептің, Сарысу ауданындағы 3 мек­тептің оқушылары спортпен тек күн жылынғанда ай­налысады. Оның өзінде балалар шаң көтеріп, далада доп қуаламаса, жаттығуға қажетті арнайы құрылғылар қойылмаған. Балалардың спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасай алмай отырғандардың қатарында Талас, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы да бар. Енді асхана мәселесіне келсек, мұнда Жамбыл мен Т.Рысқұлов аудандары тағы көш алдында. Жамбыл ауданында №3, Ы.Алтынсарин, Жұма, Қапал, Қоңыртөбе, Қостөбе, Рахат, Шайдана, Қызыл-Дихан, Қызыл таң сияқты 10 мектеп асханасыз отырса, Т.Рысқұлов ауданында да №2, Малдыбай, Әубәкіров, Мұратбаев, Тасшолақ, Сөгеті, Байтелі, Ма­май-Қайыңды, Шопақ-Қайынды, Көкарық атты мектептерде асхана қаралмаған. Бұдан кейінгі кезекте Байзақ пен Талас  ауданында – 9, Жуалы мен Шу ауданында – 8, Меркі ауданында – 6, Сарысу ауданында – 5, Мойынқұм мен Қор­дай ауданында  2 мектепте оқушы­лардың тамақ­тана­тын орны болмай тұр. Тіпті, Тараз қаласындағы №58 жекеменшік мектепте де асхана атымен  жоқ.

Мамандар не дейді?

Облыс орталығындағы мектеп­тер­дің өзінде  спорт зал мен ас­хана­­ның болмауы  терең ойға қал­дыра­ды. Енді бұл мәселеге ма­мандар не дейді? – Мектептің спорт залы бар­лық білім беру мекемесінде болуы керек. Мектепте спорт зал және оған қосал­қы жайларды пайдалану нор­ма­ларының сақталуына бақылауды әрбір  тексеру кезінде жүргіземіз. Об­лыстағы жағдайдан Білім басқар­масынан бастап облыс әкіміне дейін хабардар. Себебі бұл мәселе әр жиында көтеріледі. Тексеріс жүргізілгеннен кейін әр мекемеге хат та жолданады. Біздің тараптан бұл түйткіл назардан тыс қалған емес. Алайда мәселе қаржыға келіп тірелетіндіктен, қолымыздан келер амал болмай тұр. Ал сапаны қам­тама­сыз ету бойынша дене­шынықтыру саба­ғы­ның кабинетте өтуі ешбір стандартқа сай келмейді, – дейді Жамбыл облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов. Байқасақ, денешынықтыру саба­ғын сыныпта өткізу ешбір стан­дартқа сай келмейді екен. Сонда 37 мектеп осы күнге дейін қалай күнелтті? Әлде мұнда дене­шынық­тыру сабағы мүлде болмай ма? – Бұл мәселені кезең-кезеңі­мен шешуге тырысып жатырмыз. Былтыр бір мектепке спорт зал салсақ, биыл Жаңаталап орта мектебіне қажетті залға сметалық құжаттарын рәсімдеп, құрылыс бөлімі арқылы облыстық Білім басқармасына өт­кіз­дік. Қаржы бөлінсе, құрылысты бастап кетеміз. Ал асханаға келер болсақ, біз­дің ауданда 5 мектепте асхана жоқ. Ашығын айту керек, ауылдағы мек­тептер шағын, 20 шақты  бала ғана  тамақтанады. Сондықтан асханаға қатысты жуық арада құрылыс жүре­ді деп айта алмаймыз. Өйткені атал­ған мектептерге жапсарлас құ­рылыс жүргізу мүм­кін болмаған­дық­тан, бәлкім арнайы контейнерлер қоюды ойлап отырмыз, – дейді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Ильяс Алшынбайұлы.

Қазынаға қол жайып отыруға болмайды

Негізі, мектептерінде спорт залы мен асханасы жоқ аудан­дардың дені осы жауапты айтады. Бар мәселе қаржыға келіп тірелетін­діктен, олар қазынаға қол жайып отыр. Ал асхананың орнына контейнер қою – ақылға сыймайтын дүние. Олай дейтініміз, алдыңғы жылы дәретхананы бар­лық мектеп­тің ішіне орнату туралы тапсырма берілгенде бірқатар аудан оның ор­нына мектеп жанына контейнер қойып, «қызыққа» батырған болатын. Қойылған контейнерлер  қыс­та суық, жазда ыстық болып, ойланбай істеген тірлік сан соқтырған еді. Енді, міне Сарысу ауданы «асхананы контейнермен алмастырамыз» деп тағы таңғалдырды. Бәлкім, оқушы саны аз мектептер бұған дейін спортзал мен асхана мәселесіне бас қатырғысы келмеген шығар. Алайда бір бала болса да, онда ел ертеңі саналатын ұрпақ тәр­бие­леніп жатыр ғой. Бала тәр­биесіне бұлай атүсті қарау­ға бола ма? Оған қоса, об­лыс­тық Білім саласында сапаны қам­тамасыз ету департаменті бас­шысының орынбасары Жасұлан Атенов мұндай жағдай санаға да, стандартқа да сыймайтынын ашып айтып отыр.

Әрине, қаржы болмаса құры­лыс жүргізу қиын екені белгілі. Алайда жылда түлектер мектебіне тарту жасап жатқанда осы мәселені мектеп директорлары неге көтер­мей­ді? Ауылға арка орнатып, мек­теп­тің сыртын қоршай бергеннен гөрі бірнеше сыныптың түлектері бірігіп шағын спорт зал, кішігірім асхана салып берсе, ешкім қарсы болмас.  Түптеп келгенде, өткен жылдан бері өңірде жан­данған «Жомарт түлек» жобасын неге осы жаққа бағыт­тамай­мыз? «Жомарт түлек» жобасы  жиналып той-тойлап, ас ішіп, суретке түсумен өлшенбейді ғой. Қалталы түлектердің басын құр қосып, бір-біріне мақтау айтқаннан гөрі олар білім алған мектебі үшін бір спорт залын салып беріп жатса, мұндай игілік ел есінде, жұрт жадында қалатыны анық. Сондықтан бұл мәселені жауаптылар таразыға салып, барлық жаққа тиімді бір шешімді табады деп сенеміз. Әйт­песе, өркениет көшіне ілесіп, үздік 30 мемлекеттің қатарына кіреміз деп жүргенде білім беру мекемелеріміз ешбір стандартқа сай келмей жатқаны  ешкімге абырой әкелмейтіні хақ.

Жамбыл облысы